thumb|200px|Тігін инесі және сүйектен жасалған ілмек Қола дәуіріндегі Орталық Қазақстан«Қазақстан тарихы» (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1-том. — Алматы: Атамұра, 2010.—59 ISBN 978-601-282-026-3 Шүйгін жайылымдар мен рудалы кен орындарының көптігі арқасында Орталық Қазақстан ежелгі замандағы мал шаруашылығы, кең кәсібі мен металлургия дамыған ірі аймаққа, Андронов мәдениетінің негізгі орталықтарының біріне айналды. Мал шаруашылығы мен металлургия және бұлармен бірге бақша егіншілігі арқасында Орталық Қазақстанды мекендеуші ежелгі адамдардың материалдық және рухани мәдениеті жоғары деңгейде болды. Қазақтың ұсақ шоқылығының байтақ жерін мекендеген тайпалар тұрғын үйлер мен қора-қопсылардың қалдықтары бар қоныстар, бейіт құрылыстары мен көне кен орындары, жартастағы суреттер мен құрбан шалу орындары сияқты көптеген ескерткіштер қалдырды. Қола дәуіріндегі ескерткіштердің тараған батыс шегі Жезқазған – Ұлытау – Арғанаты – Терісаққан өзенінің жоғарғы бойлығы арқылы өтеді. Жезқазғанда бұл мәдениет көптеген кен орындарымен көрінеді, олардың ішіндегі ең ірілері Кресто, Петро, Златоуст, Милықұдық болды. Солтүстігінде бүл шекара Есіл мен Тобыш өзендерінің аңғарына дейін, шығысында Ертістің сол жағасы мен Шыңғыс жотасына дейін барады, ал оңтүстікте бұл мәдениеттің ошақтары Бетпақдала шөлінің солтүстік шетінен Жетіқоңыр өңірінен, Тайатқан, Шұнақтауларынан, Батпақсу мен Шажағай өзендерінің алқаптарынан мәлім. Бұл кең-байтақ аумақты қола дәуіріндегі тайпалар әркелкі мекендеді. Ол кездегі неғұрлым игерілген өңірлер Нұра, Шерубай-Нұра, Атасу және Талды-Нұра өзендері мен олардың көптеген салаларының аңғарлары, Бұғылы, Беғазы, Қызыларай, Кент, Қарқаралы, Баянауыл, Көкшетау жоталарының аралығындағы жазықтар және басқалары болды. Орталық Қазақстандағы андроновтық қорымдардың көпшілігі осы мәдениеттің басқа аудандардағы ескерткіштермен салыстырғанда құрылымының күрделілігімен, көрнектілігімен, бейіт құрылыстарын салудың жоғары техникасымен көзге түседі. Ертедегі шеберлер мөлшері жағынан орасан зор тас қоршаулар мен лақаттар салды. Тұрғындар діни құрылыстарды салуда да құрылыс ісінен тәжірибе жинақтап, дәстүрге ие болды. Қазіргі уакытта Орталық Қазақстанда қола дәуірінің 50-ге жуық қонысы мен 150 ірі қорымы табылды. Қазба ісі 40 қорым мен 10 қоныста жүргізілді. Орталық Қазақстандағы Андронов мәдениеті тайпалары өз дамуында бірінен соң бірі келетін екі кезеңнен өтті: оның алдыңғысы — Нұра кезеңі, ортаңғысы — Атасу кезеңі (Нұра, Атасу өзендеріне қарай алынған шартты атаулар). Соңғы қола дәуірінде (б. з. б. X — VIII ғасырлар) олар Андронов мәдениетімен салыстырғанда анағұрлым жоғары, көрнекті Беғазы-Дәндібай мәдениетін құрды (Қарағанды қаласы маңындағы Дәндібай ауылында және солтүстік Балқаш өңіріндегі Беғазы қойнауында қола ескерткіштерінің алғашқы қазылған жеріне карай осылай аталған). Алдыңғы қола мәдениеті. Мәдениеттің алдыңғы, Нұра кезеңі әзірше толық зерттелмеген, бейіт құрылыстарының материалдары бойынша ғана мәлім. Нұра кезеңінің тайпаларына өлікті өртеп жерлеу ғұрпы тән. Өлік қазылып қойған молаға жақын жерде өртеліп, одан соң күлі молаға қойылған, ал өртелген жерге тастар үйілген. Бұл замандағы тайпалардың өлікті жерлеуінде оны өртеу негізгі ғұрып болғанымен, бірден-бір ғұрып болған жоқ. Өлікті молаға салу ғұрпы да болды, ол әсіресе Қазақстан қоласының Атасу кезеңінде ерекше кеңінен тарады. Нұра кезеңіндегі қорымдардың аумағы онша үлкен емес, әдетте ол аласа төмпешік болды, оны айнала тігінен орнатылған немесе жалпағынан салынған тақтатастардан дөңгелетіп немесе тік бұрышты етіп қоршайтын болды. Қабір қоршаудың ішінен қазылды. Өлік қабырғалары жалпағынан салынған тақтатастармен шегенделген лақатқа, тас жәшіктерге салынып, тік бұрышты етіп қазылған қабірлерге көмілді. Жерлеу ғұрпы жасалғаннан кейін лақаттар тас тақталармен жабылды. Нұра кезеңіндегі тайпалардың мәдениетін қыш ыдыстар ерекше айқын сипаттайды. Ыдыстардың дені ернеуінің жиегі сыртқа карай иіліп, мойны мен бүйірі иіліп барып жалғасатын құмыралар болып келеді. Түбі жайпақ, кейде шығыңқы, сүйір болады. Бұл ыдыстар вазаға ұқсас. Ыдыстардың көбінің көлемі мен сыйымдылығы бірдей. Олар үш бұрыштардың, цилиндрлардың, қатарлас каннелюрлердің қиюласуы түрінде ернеуінен орта беліне дейін салынады, кейде ыдыстың түп жағы да сәнделеді. Өрнек тарақ тәрізді және тегіс қалыппен түсірілген. Нұра заманындағы бейіттерде қола бұйымдар біршама аз табылған. Қорымдардың дені Бұғылы-1, Ақсу-Аюлы-1 қорымдары секілді болып келеді. Оның бірнеше қоршаудан тұратын біріншісі Шерубай-Нұра өзені алқабының батыс жағында, Бұғылы тауының етегінде орналасқан. Бұғылы-1 қорымында қазылып ашылған дөңгелек және тік бұрышты қоршауларда тік бұрышты қабірлер болды; кейде олар жалпағынан салынған тақтатастармен шегеленген (цисталар). Бейіттегілердің көпшілігі өлікті өртеу ғұрпы бойынша жерленген. Лақаттарда мол өрнектелген бір-екі қыш ыдыс табылды, олардың кейбіреуінің түбі вазаның түбіндей әсем, бұлармен бірге балшық ұршықбас, дөңгелек қола айна, қола моншақтар мен тізбектер шықты. Молалардан және олардың жанынан үй жануарларының (жылқының, қойдың) — батаға сойылған малдың сүйектері табылды. Ақсу-Аюлы-1 қорымы өзі аттас өзеннің оң жақтағы биік жағалауына орналасқан. Қорымның орта шенінде жағаны бойлай қатарласқан сегіз оба тобы ерекше көзге түседі. Үйілген топырақ астынан жалпағынан салынған тақтатастардан дөңгелете қаланған қоршаулар шықты. Қоршаулардың ішіндегі шұңқырларға тік бұрышты цисталар қаланған, олардың бұрышында әдетте адамның қураған сүйектері мен екі-үш қыш ыдыс жатады. Нұра кезеңінің соңына таман өлікті жерлеу ғұрпы оны өртеу ғұрпын бірте-бірте ығыстыра бастайды. Бұл бірсыпыра ескерткіштерден, мәселен, Орталық Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарындағы ескерткіштері көрінеді; бұларда жерлеу ғұрпы аралас: өлік өртеу де, өлікті жерлеу де кездеседі, оның үстіне өлікті көміп жерлеу басымырақ.

Қыш шөміштер мен металл қорытатын қыш ыдыс сынықтары. Қола дәуірі. Орталық Қазақстан. Атасу қонысы. Тік бұрышты шұңқырлардан нұралық тұрпатты қыш ыдыстар табылды. Бітімі жаңа ыдыстар — Солтүстік және Батыс Қазақстандағы көрші тайпалардың ыдыстарына ұқсас иіні ойық ыдыстар шығады. Кейін мұндай үлгідегі ыдыстар Орталық Қазақстанда да басым бола бастайды. Атасу кезеңіндегі андронов тұрғындарының мәдениеті — алдыңғы қола мәдениетінің жалғасы мен табиғи дамуы. Сонымен бірге бұл — қоғамның, оның экономикасы мен мәдениетінің дамуындағы жаңа, неғұрлым жоғары кезең; бұл кезең қола дәуірінің дамыған ортаңғы кезеңіне жатады. Шаруашылық жағынан алғанда бұл кезең мал өсірудің бұрынғыдан гөрі кеңірек таралуымен және кетпенмен өңдейтін егіншілік көлемінің өсуімен сипатталады. Қорымдар мен қоныстардағы мал сүйектерінің қалдықтары Атасу заманындағы тұрғындардың өсірген мал түліктері туралы түсінік береді. Мұнда сиыр мен қой-ешкі, жылқы үлкен рөл атқарды. Бұл кезенде жылқы мен қойдың шаруашылық маңызы артады. Малдың көбеюі және халықтың өсуі шөлейт жерлерді шаруашылық жағынан игеруге итермеледі. Тайпалардың бір бөлігі өзен алқаптарын тастап, шөлдер мен шөлейттердің оазистеріне ауысты; онда сумен жабдықталудың бірден-бір көзі құдықтар болды. Кен жұмыстарының көлемі өсті, мыс пен қалайы табу, демек, өндіру артты. Мыс пен қоладан еңбек құралдарын, тұрмыстық, және сәндік заттар жасау едәуір ұлғайды. Мыс пен қола металлургиясының, бақташылық мал шаруашылығының дамуы шаруашылықтың мамандануына және бірқатар әлеуметтік езгерістерге жеткізді. Атасулық андроновтық тайпаларда жерлеу ғұрпы тұрақты сипат алды. Өлгендер жерленгенде бүктетіліп, көбінесе сол қырынан жатқызылды, қолдары қусырылды, басы батысқа қаратылып, кейде аздап солтүстікке немесе оңтүстікке бейімдеңкірей жатқызылды. Оның үстіне, Нұра кезеңінің мұрасы ретінде әлі қолданылып келе жатқан қазулы шұңқырмен және цисталармен қатар, тік бұрыш бітімді тас жәшіктер тарады; ол жәшіктер шомбал, жалпақ төрт тақтатастан құралып, қабір шұңқырының төрт жағынан қойылды. Атасу кезеңінде иіні дөңестеліп иілген ыдыстар сақталды, бірақ мойыны мен бүйірінің арасы ойық құмыралар, қарапайым құты сияқты ыдыстар, аралық түрлер басым болды. Ені дөңестеліп иілетін көзелер бұрынғы әсем көрнекілігінен айырылады, олардың биікше, жіңішке түбі жоғалады, өрнектер үш қатарға — ыдыстың мойнына, бүйірінің жоғарғы бөлігіне және түбіне салынады. Әрбір қатарда өрнекті орналастыру дәстүрі қалыптасады. Мойнына көбірек салынатын сурет тік бұрышты немесе тең қабырғалы үш бұрыштардан ұшы жоғары қаратылып тізілген тізбектер болып келеді. Кейде үш бұрыштардың орнына ромбылар, сынық сызықтар және басқалар салынады. Өрнектердің екінші қатары үш бұрышты фестондардан, меандрлардан, қатарлас каннелюрлерден құралады. Бұл өрнектер қиюласып, кілемнің ою-өрнегіндей болып шығады. Түпкі қатар ұшы жоғары қаратылған үш бұрыштар немесе белдеулей сызылған қатар сызықтармен әсемделеді. Ені дөңестеліп немесе ойықталып жасалатын ыдыстарда ғана өрнек көп кездеседі. Қарапайым құты тәрізді ыдыста күрделі меандрлы немесе фестонды сурет болмайды және онда өрнекті белдеулер салынуы көп кездеспейді. Ондай ыдыстың ернеуі мен мойны ғана ірі үш бұрыштармен, қатарлас сызықтармен, кейде шырша өрнекпен сәнделеді. Солтүстік және Батыс Қазақстаннан — Орталық Қазақстандағы ыдыстардың мойнында меандрлы фигуралардан жасалған өздерінің дәстүрлі айырмашылығы өрнегі болады. Атасу заманында қола құю өнері жоғары дәрежеде кемеліне жеткен. Табылған бұйымдардың бәрі соғу, құю, ою және қақтау арқылы жасалған. Көне замандағы шеберлер қалақ түріндегі қанжарларды, жебелердің қос қанатты, жалпақша ұштарын, екі ұшы сүйір моншақтарды, дөңгелек және тік бұрышты айналарды құйды. Соғу, қысып өрнектеу мен қақтау төрт қырлы біздерді, инелерді, білезіктерді, алуан түрлі алқаларды, мүсінді тоғаларды және басқаларды жасағанда қолданылды. Ол замандағы қорымдардың көбі Атасу өзенінің алқабындағы қорымдар тобына ұқсас. Бұлардың ең ірілері — Дарат, Саңғыру, Мыржық, Ақсай, Телжан, Қосағал және әсіресе Үйтас (Қараөзек) қорымдары. Мейлінше алуан түрлі бейіт құрылыстары жер бетінен 20—50 см сыртқа шығып тұратын көлемді тақтатастармен белгіленген. Оларда қосарлы және екі қабатты жәшіктерге қойылған көп лақатты әулеттік-патриархаттық үлкен қабірлердің саны көбейген. Қоршаулардың бәрінде дерлік лақат жәшіктері екі-төрт гранит тақтамен жабылған. Негізгі ғұрып — өлікті өртемей жерлеу. Дегенмен, Атасу заманындағы басқа ескерткіштердегі сияқты, мұнда да өлікті өртеу кездеседі. Қорымдардан көптеген қыш ыдыстар, бұранды бұрамалары түйісіп келетін қола білезіктер, самайға тағылатын алтын жалатылған сырғалар, қола тізбектер, алқалар және палеометалдан жасалған басқа да бұйымдар, ұнтақтан қатырылған, меруерттен, тастан жасалған моншақтары бар алқалар, тесіп ілінетін жыртқыш азулары мен қабыршақтар жиналды. Орталық Қазақстанда Атасу кезеңінің ескерткіштері көп, олар: Қоңырат ауданындағы Былқылдақ, Қарасай, Темірастау, Қарабие қорымдары, Шерубай-Нұра өзені алқабындағы Басбалдақ. Ақсу-Аюлы-1 қорымдары, Бетпақдаланың солтүстік шетіндегі Елшібек, Беласар қорымдары және басқалар. Құрбан шалынатын орындар да Орталық Қазақстандағы (Атасу өзені алқабының таулы жерлеріндегі, Нұра, Қарасу, Жарлы, Ақбілек өзендерінің алқаптарындағы) дамыған қоланың өзінше бір үлгідегі ескерткіштері саналады. Олар әр уақытта жазық жерде, маңайына қарағанда дөңестеу, қоныстар мен қорымдардан оңашалау жерде орналасады. Көбінесе бұл құрылыстар сопақ немесе онша дөңгелек емес түрдегі жалпағынан салынған сегіз-тоғыз шомбал тастан құралады. Дереккөздер

Санат:Тарих