Имантау — Сарыарқадағы Имантау тауының солтүстік-шығысындағы көл.
Географиялық орны Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылып жатыр.
Гидрографикасы Аумағы 49 км2, ұзындығы 13,1 км, енді жері 4,8 км. Орташа тереңдігі 5,7 м, ең терең жері 10 м-дей. Су жиналатын алабы 483 мың км2. Суы гидрокарбонатты, минералдану мөлшері 780–840 мг/л.
Жағалау сипаты
Имантаудың оңтүстік жағалауында қарағай, қайың аралас орман өседі. Оңтүстік-батыс жағасы биік, тік жарлы. Басқа жағалары жайпақ. Көлдің солтүстік-батыс бөлігін көлге сұғына енген мүйіс оқшаулайды. Орта бөлігінде тасты арал бар. Түбі оңтүстік-шығысында тастақ, солтүстігінде сазды-құмды, қалған бөлігінде лай батпақты. Көл жағалауында қоға аралас қамыс қопасы өседі. Көлге бірнеше жылға келіп құяды. Оңтүстік-шығысынан Иманбұрлық өзені ағып шығады. Мал суаруға, т.б. шаруашылықтарға пайдаланылады, көлден балық ауланады (торта, аққайран, алабұға, шортан, күміс түсті және сарғыш мөңке).«Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том
Дереккөздер
Санат:Айыртау ауданы көлдері