Каспий мұнайлы-газды аймағы– Атырау, Батыс Қазақстан, ішінара Ақтөбе облыстарының жерінде орналасқан мұнай, газ кен орындары шоғырланған аймақ. Ерте палеозойға дейінгі даму сатысында тектоникалық төмендеуіне байланысты қалың шөгінділердің жиылуына шалынған Шығыс Еуропа платформасының құрамдас оңтүстік-шығыс бөлігі. Геофизикалық деректер бойынша кембрийге дейінгі іргетастың тереңдігі 20 км-ден асады. Стратигр қимада жаппай дамыған кунгур ярусының тұзды қабаттары бүкіл қиманы екі бөлікке бөледі: жоғарғы бөлік (мезозой – кайнозойлық тұз үстіндегі терригендік шөгінділер) және төменгі бөлік (тұз астындағы палеозойлық карбонатты-терригендік шөгінділер). Аймақтың жоғары мұнайлы-газдық әлеуеті көптеген факторларға байланысты, олардың ең бастылары: шөгінді қабаттардың орасан зор қалыңдығы және ондағы жыныстардың түзілу тегінің теңіздік болуы; шөгінді шоғырлануының жоғарғы дәрежедегі көлемдік жылдамдығы (әрбір млн. жылда 15000 км3); тұз үсті және тұз асты шөгінділеріндегі органикалық заттың молдығы; стратигр. қимада мұнай мен газ түзуші жыныстардың жақсы дамығандығы, т.б. 2000 жылға дейін Каспий мұнайлы-газды аймағындағы 3 әкімшілік облыстың аумағында 120 мұнай, мұнай-газ, мұнай-газконденсат кендері ашылды. “Қазақ Энциклопедиясы”
Сілтемелер
Санат:Қазақстан табиғаты Санат:География Санат:Геология