Алаш партиясы — Ресей империясы мен Социалисттік Ресейдің қазақ партиясы болған. Партия Бірінші дүниежүзілік соғыстағы Ресейдің дағдарысын қолданып, 1917-ші жылдың сәуір айында қазақ съезінде партия қабылданып, сол жылдың шілдесінде партия құрылды. Партияның ең маңызды тұлғалары қазақ зиялылары болып, олар Ресей құрамында ұлттық мүддені көздейтін демократиялық құрылымды негізге алатын автономия құру мәселесін алға тартты. Ресей партияның жұмысына тыйым салып, ол 1920-шы жылы таралды.

Алаш партиясы тұңғыш жалпықазақ съезін шақыру туралы шешім 1917-ші жылғы сәуір айында өткен Торғай облыстық қазақ съезінде қабылданып, съезд оны даярлауды Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы бастаған бір топ қазақ зиялыларынан құрылған айрықша бюроға тапсырды. XX-шы ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихының өзекті мәселелерінің бірі – Алаш партиясының құрылуы, оның тарихи негіздері, саяси әлеуметтік сипаты және тарихта алатын орны. Қазақ зиялылары саяси партия құру әрекетін бірінші орыс революциясы жылдарында-ақ қолға алған болатын.

Тарих бойында Партияның тек бір төрағасы – Әлихан Бөкейханов. XX-шы ғасырдың басындағы елдегі аласапыран қиын кезеңде халықтың қамын ойлаған саяси күш – Алаш қозғалысы болатын. Осы қозғалыстың басында – саяси мәдениеті әлемдік деңгейге көтерілген, оқыған, сауатты, кәсіби даярлығы заманына сай адамгершілік-имандылық қасиеттері ата-бабамыздың сан ғасырлық қастерлі құндылықтарымен сусындаған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Жақып Ақбай, Бақытжан Қаратай сияқты дүлдүлдер тұрса, солардың ізін басқан болашақтың нарқасқа ұлдары – Жаһанша Досмұхамед, Мағжан Жұмабай, Сәкен Сейфуллин, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұл, Смағұл Сәдуақас, Жүсіпбек Аймауыт, Мұхтар Әуез тағы басқалар одан әрі дамытты.

Атауы "Алаш" сөзі – түркі тілдерде қандастар, бауырластарды білдіреді. Кейбір деректер бойынша, Алаш – қазақ сөзінің синонимі болып саналады. Яғни қазақ сөзі мен Алаш сөзі, екеуі де еркін, азат адам дегенді білдіреді. Қадырғали Жалайыр өз еңбегіндерде, қазақтарды белгілеу үшін Алаш сөзін қолданған.

Алаш үкіметі болашақта барлық Орталық Азиядағы түркі халықтарды біріктіріп, тәуелсіз ел құрғысы келді. Сондықтан, Алаш партиясы өз атауын қазақ демей, түркі халықтар үшін жаңа ұлт пайда қылдырып бірлікке жеткенін қалаған. Алайда, партия бұл идеяны ешқашан іске асыра ала алмай, басқа халықтардың зиялыларымен ортақ тіл таба алмады. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысқан Мұстафа Шоқай өзінің естеліктерінде бұл жиынға өзбек және татар елдері өкілдерінің де қатынасып, өздерінің ыстық ықыласын білдіргендігін айтып: «Сөйтіп құрылтай ұлы түркі халықтарының бас қосқан үшеуінің мызғымас бірлігін көрсететін сахнаға айналды» - дейді. Бірінші жалпықазақ съезін ұйымдастыру бюросы «Қазақ» газетінің 24-маусым күнгі санында съездің тәртібіне қойылатын мәселелерге байланысты ел талқысына өз тұжырымдарын ұсынды. Тезистер түрінде баяндалған бұл мәселелердің бәрі дерлік кейін бірінші жалпықазақ съезінің күн тәртібіне енді.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9

Тарихы Ақпан төңкерісі

1917 жылы Ақпан төңкерісінің жеңісі күллі қазақ деген ұлт зиялыларының басын бір жерге қосуға мүмкіндік әкелді. 1917 жылдың сәуір-мамыр айларында көптеген облыс-уезд орталықтарында аймақтық қазақ съездері өткізіліп, қазақ комитеттері құрыла бастады. Олардың жекелеген өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдары болған облыстық және уездік атқару комитеттерінің құрамына енгізілді.

1917 жылы Қазақ сиездері Орынбор (Торғай облыстық), Орал (Орал облыстық), Семей (Семей облыстық), Омбы (Ақмола облыстық) т.б. қалаларында болды. Қазақ съездерін өткізуге ұлт зиялылары белсене кірісті.

Орал облыстық қазақтардың 1-ші съезі 1917 жылы 19-22 сәуір аралығында Орал қаласында өтті. Съезді уақытша қазақ комитетінің төрағасы Ғұбайдолла Әлібеков ашып, құттықтау сөз сөйледі. Осы съезде бірінші кезекте Мемлекетті басқару туралы, Уақытша үкімет туралы және жүріп жатқан импералистік соғысқа көзқарас туралы мәселелер қаралды.

Съез төрт күнге созылды, съездің соңғы төртінші күні облыстағы оқу-ағарту, мәдениет және т.б. мәселелер қаралды. Съез делегаттары Орал облысында қазақтар арасында бастауыш, орта, жоғары білім беру жүйесі қанағаттанғысыз деп тауып, төмендегі шешімдерді қабылдады: мұғалімдер съезін шақыру қажет; Орал қаласында уақытша орта оқу орнын ашу қажет, ерлер гимназиясының бағдарламасы негізінде қазақ балаларына арнайы оқу орнын ұйымдастырып, оны қазақтар қаражатына салынған бұрынғы кәсіптік мектептің үйіне орналастыру жөн деп табылсын; қазақ тілінде газет, брошюралар шығару қажет деп табылсын;

Съезде бұдан басқа да мәселелер қаралды, басқа қаралған мәселелерді қосқанда саны 23-ке жеткен. Орал сиезінің қарарында облыс орталығында орта мектеп ашу және кәсіби мамандардың қатысуымен халық ағарту ісін реформалау мәселелерін талқылау үшін мұғалімдер құрылтайын шақыру қажеттілігі көрсетілді.

Осы съезде Жаһанша Досмүхамедов: «Біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты елдің тұрмысын, тілін білетін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз», деп өз ойын білдіреді. Жаһаншаның жалынды сөзінде мемлекеттің саяси құрылысы мен оның мемлекеттік тілі, оның қолдану аясы ашық түрде айқын айтылғанын біздер ұғынуымыз керек.

Кешегі өткен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының құрбандары болған жастар да Жаһаншаның ой-пікірін қайталағанын біз еске түсірмей кете алмаймыз. XX ғасырдың басындағы алаш ардақтылары халықты ұлтаралық бірлікке шақырды, олар ұлтшылдықты арқау еткен жоқ, керісінше ұлтын сүйген ұлтжанды азаматтар екенін танытты.

І Жалпықазақ съезі 1917 жылы 21-28 шілдеде Бірінші Жалпықазақ съезінде «Алаш» атты партия құрылып, бұл съезде 14 мәселе қаралды. Осылардың ішінде ерекше атайтынымыз: Мемлекет билеу түрі Қазақ облыстарында автономия; Жер мәселесі; Оқу мәселесі және т.б.

Мемлекетті билеу түрі Ресейде демократиялық, федеративтік парламенттік республика болу керек деп көрсетілген Н. Мартынинконың «Алашорда» атты құжаттар жинағында. Ал 1917 жылы 24 маусымдағы «Қазақ» газетінде автономиялықтың негізі туралы әртүрлі пікір-ұсыныстар айтылған. Қазақ мемлекетінің әлде Федеративтік Россияның бір автономиялық бөлігі болғаны жөн бе? Қазақтар өз бетімен тәуелсіз ел бола ала ма, әлде тәуелсіздікке басқа халықтармен одақтасқан жағдайда жете ме деген сұрақтар талқыланды.

Бірақ бұл сиезде нақты пікірге келе алмады. Ал жер мәселесі Құрылтай съезіне қалдырылды. Күн тәртібінде айрықша мәнге ие болған дін, оқу-ағарту, әйел мәселелері және сот жүйесі болды.

1917 жылғы Бірінші жалпықазақ съезінде әйелдердің құқықтық жағдайы мәселесі қарастырылды. Алаш қозғалысының өкілдері әйелдер мен ерлердің саяси құқықтарын теңестіру, некеге ерікті түрде тұру және некеге қалыңдықтың келісімін алу жөнінде ұсыныстар көтерді. Сонымен қатар ерлер үшін неке жасын 18, әйелдер үшін 16 жас деп белгілеу, қалыңмал мен әмеңгерлік дәстүрлерін жою мәселелері талқыланды. Бұл ұсыныстар қазақ қоғамындағы әйелдердің құқықтық жағдайын өзгертуге бағытталды.https://otan.history.iie.kz/main/article/view/288

Бұрынғы ескі сот жүйесі («Народный сот») таратылып, олардың орнына «Қазақ тұрмысына лайық айрықша сот құрылуға» тиіс болды. Келесі мәселе оқу-ағарту саласы: «міндетті бастауыш оқу енгізу», «бастапқы екі жылда оқу баланың ана тілінде» жүргізілу керектігі айтылып, тіл мәселесін айрықша назарға алған және білім берудің тегін болуы талап етілген. Білім алудың орта, арнайы, жоғарғы сатылары да айтылған.

Сьездің нәтижесінде автономияның астанасы ретінде Жаңа-Семей (қазіргі Семей қаласы) қаласы таңдалды, кейін қаланың аты Алаш деп ауыстырылды.

Алаш партиясының пайда болуы 1917 жылдың 21 қараша күні «Қазақ» газетінде Алаш партиясы бағдарламасының жобасы және съез материалдары жарияланды. «Алаш» партиясының өмірге келуі үлкен саяси мәселе еді. Сол кездегі қазақ зияларының ғылыми жұмыстарымен де, оқу-ағарту ісімен де, алғашқы қазақ тілінде басылымдар шығару әрекетімен де, көркем әдебиетімен де айналысқанын көруге болады. «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасындағы тоғызыншы тарауда «Ғылым-білім үйрету» жөнінде - оқу ордаларының есігі кімге де болса ашық, ақысыз болуы; - жұртқа жалпы оқу жайлы; бастауыш мектептер ана тілінде оқылады; - қазақ өз тілінде орта мектеп, университет ашуға; - оқу жолы өз алдына автономия түрінде болуы; - үкімет оқу ісіне кіріспеуі; - мұғалімдер-профессорлар өзара сайлаумен қойылуы; - ел ішінде кітапханалар ашылу туралы айтылады. - газет шығаруға, кітап бастыруға еркіншілік - деп көрсетілген.

1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында Екінші жалпықазақ съезі өтеді. Съездегі қаралған аса маңызды мәселелер: қазақ-қырғыз автономиясы; милиция құру; ұлт кеңесі; оқу мәселесі т.б..

Бұл сиезде автономияны жариялау мерзімі туралы қызу тартыстар бірнеше күнге созылды. Осы съезде Алаштың аяулы азаматы Міржақып Дулатұлы баяндама жасады: қазақ даласында медресе мен мектептердің аздығын, қазақ тілінде оқулықтардың жетіспейтінін, сондықтан міндетті түрде ұлттық мектептерді құру керектігін тілге тиек етті. Осы мәселе бойынша құрамы 5 адамнан тұратын бастауыш және орта мектептерге арналған қазақ тілінде оқулық жазатын комиссия құрылды. Комиссия орталық ұлттық кеңеспен бірге болу керек. Комиссияға оқулықтан басқа да жұмыстар жүктелді. Атап айтсақ: ұлттық мектептерге арналған бағдарламалар; мұғалімдерге арналған нұсқаулар; бала тәрбиесі жөніндегі кітаптар; барлық қырғыз-қазақ мектептерінде халықтық білім беру іс-шараларының

Ережелерін жасау; қазақ тілінде жазу үлгілерін енгізу; қазақ тіліне пайдалы кітаптарды, брошюраларды аудару т.с.с. Комиссия 1918 жылдың басынан жұмысқа кірісу керек. Өздері құрастырған кітаптарын, бағдарламаларын баспаға жариялап отыру қажет. Комиссия құптамаған окулықтар басылымға шығарылмайды. Комиссия жұмысына қаражатты облыстық земстволар ұлттық қордан бөлуге тиіс делінген.

Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, жаңадан құрылып жатқан «Алашорда» үкіметі алғашқы сағатынан бастап ұрпақ тәрбиесіне, ұрпақ болашағына зор көңіл бөлген. Жас ұрпақтың туған тіліне деген сауаттылығын арттыру үшін, ана тіліндегі оқулықтарды жасауға кіріскен. Бала тәрбиесіне, оқуына осындай қиын заманда жаңаша бетбұрыс, бұл болашаққа деген сенім еді. Білімді жастар, еліне салауатты да сауатты қызмет етеріне деген үміт болатын-ды.

Орынбордан қайтып оралған бойында Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер қазақтың батыс аймағын басқаратын үкімет құруға кірісті. «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметі – XX ғасырдың басында Жайық өңірінде орнаған мемлекеттік-автономиялық құрылым. Ол 1918 жылдың мамыр айының соңында Жымпитыда өткен ІҮ Орал облыстық қазақ сиезінің қарарымен құрылды. «Ойыл уэлаяты» уақытша үкіметінің атқарған істері: жерге жекеменшікті жойып, оны халықтың меншігі деп жариялады; халық сайлаған уәлаяттық, уездік соттар іске кірісті; ақша-финанс жүйесі жасалынды; халыққа өз саясатын жеткізу, түсіндіру үшін газет шығарылды (оның редакторы болып Ахмет Мәметов жұмыс атқарды. Ол М.Мәметованың әкесі, көрнекті Алашорда қайраткерлерінің бірі); жерді пайдалану, салық, дін, сот, білім, әскер істері жөнінде қаулы-қарарлар қабылдады.

Осыған қоса, іс-қағаздарын ана тілінде жүргізу туралы мәселе айқын жолға қойылды. Білім беру ана тілінде болуы керек делінген. Басылымдардың қазақ тілінде болуына ерекше назар аударған.