Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті — Көкшетау қаласында орналасқан жоғары оқу орны.
1996 жылы 7 мамырда Қарағанды политехникалық институтының бөлімшесі, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институты және С. Сәдуақасов атындағы ауыл-шаруашылық институты негізінде ұйымдастырылды. Қарағанды политехникалық институтының бөлімшесі Қарағанды политехникалық институтының құрамына 1972 жылы берілген Павлодар индустриалды институтының жалпы техникалық факультеті негізінде 1993 жылы құрылған. Институт Өндірістік және азаматтық құрылыс, Құрылысты басқару және экономика, Машина жасау технологиясы, т.б. салалар бойынша мамандар даярлады. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институты 1962 жылы құрылған. Оның құрамында физика-математика, филология, жаратылыстану, шет тілдер, химия және биология факультеттері болды. 1965 жылы институтқа Ш. Уәлиханов есімі берілді. С.Сәдуақасов атындағы ауыл-шаруашылық институты 1991 жылы Целиноград ауыл-шаруашылық институты негізінде құрылған. Құрамында агрономия, зооинженерия, ауыл-шаруашылығын механикаландыру және экономика факультеттері болды. 3 жоғары оқу орны біріктірілгеннен кейін, құрамындағы (күндізгі және сырттай бөлімдерде) филология, экономика, шет тілдер және тарих, инженер-педагог және ауыл-шаруашылығы факультеттерінде 32 мамандық бойынша 5000-нан астам студент білім алады. Университеттің материалдық және ғылыми-техникалық базасы қалыптасқан. Электрондық баспа техникасы, машина-трактор оқу паркі, дәнекерлеу және жөндеу шеберханалары, жастар орталығы, студенттердің жаздық спорттық-сауықтыру кешені, кітапхана, дәрігерлік орталық, “Арасан” сауықтыру кешені жұмыс істейді. Униветситет жанында гимназия және лицей, магистратура, аспирантура, кәсіптік мамандық бойынша оқытуға маманданған оқу орталығы жұмыс істейді. Университетте оқулықтар, ғылыми еңбектер, монографиялар, “Алау” газеті шығарылады, республикалық және халықаралық конференциялар, “Уәлиханов оқулары” өткізіледі. Ресей, Египет, Польша, АҚШ, Канада, Германия ғылыми орталықтарымен байланыстар орнатылған. Агро-техникалық және экономикалық мамандықтар бойынша Еуропалық Одақ ұйымының “Тасис” және “Темпус” бағдарламаларына қатысады. Университетте спорттық үйірмелер, көркемөнерпаздар шығармашылық ұйымы жұмыс істейді. Университет спортшылары боксшы Р.Б. Мусинов 2-Азия ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы; жеңіл атлет А.В. Князев – Қазақстан Республикасының чемпионы.Қазақстан Республикасының Ғылым Энциклопедиясы«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, V том
Университет туралы
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті - Ақмола облысының жоғары білім беру жүйесінде 60 жыл көшбасшы. Осы жылдар ішінде университет өңір мен жалпы ел үшін мыңдаған маман даярлады. Оқыту бакалавриаттың 58 білім беру бағдарламасы, магистратураның 42 бағдарламасы, докторантураның 10 бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Университет халықаралық және республикалық бағдарламалар шеңберінде бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды үйлестірумен, әзірлеумен және іске асырумен айналысады: Erasmus+ KA1 ICM, Erasmus+ KA2 CBHE, UniCen, ғылыми зерттеулерге арналған мемлекеттік гранттар. ЖОО 2022 жылғы THE Impact Ranking рейтингісіне сәйкес жекелеген көрсеткіштер бойынша әлемнің 200 университеттердің қатарында және QS Central Asia-2023 халықаралық рейтингісінің 29-шы орнында. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің HAAP рейтингі—9; QS Asia рейтингі—550. Университеттегі кафедралар саны—19; студенттер саны—7418,оның 414—шетелдік студенттер. Университет тарихы 1962 жыл, 25 шілде— Көкшетау педагогикалық институтының ашылуы. Ректор—тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Горохводатский Иван Степанович.
1963 жыл—дербес физика-математика және филология факультеттерінің ашылуы. Павлодар индустриялық институтының жалпы техникалық факультетінің ашылуы. Бірінші директор—инженер Михаил Федорович Рысиков.
1965 жыл, 29 наурыз—институтқа тұңғыш қазақ ғалым-ағартушысы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың есімі берілді.
1966 жыл—шет тілдері факультетінің ашылуы.
1972 жыл—ЖОО ректоры қызметіне филология ғылымдарының кандидаты, доцент Боярский Евгений Иванович тағайындалды. Факультет Қарағанды политехникалық институтының құрамына ауыстырылды.
1979 жыл—директорлардың біліктілігін арттыру факультеті ұйымдастырылды.1979 Целиноград ауыл шаруашылығы институтының "Агрономия", "Зоотехния" мамандықтары бойынша филиалы ашылды. Филиалдың бірінші директоры ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Исатай Ғалиұлы Темрешев.
1980 жыл—"Ауыл шаруашылығын механикаландыру" жаңа мамандығы ашылды.
1982 жыл—"Қазақ тілі мен әдебиеті" жаңа мамандығы ашылды.
1984 жыл—"Химия, биология" жаңа мамандығы ашылды. 2000 білім алушыға арналған жаңа оқу-зертханалық корпус ашылды. Студенттер саны 400 ден 2500 ге өсті.
1985 жыл—химия-биология факультеті ұйымдастырылды. "Бейнелеу өнері және сызу", "Информатика" мамандықтары ашылды.
1987 жыл—1000 орындық жаңа оқу корпусы пайдалануға берілді. "Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс", "Машина жасау технологиясы", "Автомобильдер және автомобиль шаруашылығы" мамандықтары бойынша кешкі нысандағы оқыту пайда болды.
1988 жыл—"Радиотехника" мамандығы ашылды.
1990 жыл—ректор болып философия ғылымдарының кандидаты, доцент Қуандық Досмағанбетұлы Жуламанов сайланды. Факультетте сырттай бөлім ашылды.
1991 жыл, 9 қаңтар—филиал Көкшетау ауылшаруашылығы институты болып қайта құрылды, ректор болып Б.Ғ.Жүнісов тағайындалды.
1991 жыл—Кұрылыстағы экономика және басқару" және "Машина жасау технологиясы" мамандықтары бойынша күндізгі оқу бөліміне алғашқы қабылдау. Өндіруші кәсіпорындардың қолдауымен "Пайдалы қазбаларды ашық игеру" мамандығы ашылды.
1992—ректор болып физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Абай Ахметғалиұлы Айтмұхамбетов тағайындалды.
1993 жыл—Қарағанды политехникалық институтынының Көкшетау филиалы ұйымдастырылды.
1996 жыл, 23 мамыр—Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің 1996 жылғы 23 мамырдағы №143 бүйрығымен Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтының базасында Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті құрылды, оның құрамында С. Сәдуақасов атындағы ауыл шаруашылығы институты және Қарағанды политехникалық институтының филиалы. Университеттің бірінші ректоры - физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Абай Ахметғалиұлы Айтмұхамбетов.
1998 жыл—үш деңгейлі оқыту жүйесі енгізіліп, магистратура ашылды.
2000 жыл—оқу-әдістемелік жұмыстың тиімділігін бағалаудың рейтингтік жүйесіне көшу. Білімді бақылау үшін тест тапсырмаларының базасы әзірленді.
2001 жыл—университет "Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып өзгертілді.
2003 жыл—кредиттік технология бойынша оқыту басталды.
2005 жыл—сапа менеджменті жүйесі енгізілді. ИСО 9001-2000 халықаралық стандарттарына сәйкестігін сертификаттады.
2007 жыл—университет ректоры болып филология ғылымдарының докторы, профессор Шакимашрип Ибраевич Ибраев тағайындалды.
2010 жыл—ректор болып техника ғылымдарының докторы, профессор Найман Бубеевич Қалабаев тағайындалды.
2012 жыл—Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын болып қайта ұйымдастырылды.
2012 жыл, желтоқсан - ректор болып ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Сағынтай Зекенұлы Елубаев тағайындалды.
2014 жыл, шілде - университет ректоры болып техника ғылымдарының докторы, профессор Абдумуталип Абжаппарович Абжаппаров тағайындалды.
2018 жыл—университетті экономика ғылымдарының кандидаты Марат Қадірұлы Сырлыбаев басқарып бастады.
2020 жыл—университет "Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта құрылды.
С. Сәдуақасов атындағы Агротехникалық институты КеАҚ «Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» құрамында С.Сәдуақасов атындағы Агротехникалық институтының профессорлармен ғылым докторларын, доценттер мен ғылым кандидаттарын қамтитын жоғары білікті ғылыми-педагогикалық ұжым құрылды. Бакалаврлар мен магистранттарды даярлауда 84-тен астам штаттық оқытушылар жүзеге асырады, оның ішінде 8 ғылым докторы, 22 ғылым кандидаты, 6 PhD докторы, 49 магистр.
Институтта 31 білім беру бағдарламасы бойынша оқыту жүзеге асырылады – 20 ББ (бакалавриат), 8 ББ (магистратура), 3 ББ (докторантура). Бүгінгі таңда институтта 1411 студент, 27 магистрант, 11 докторант оқиды. Оқыту мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі.
Оқу процесін жоғары деңгейде ұстап тұру үшін институтта тиісті материалдық-техникалық база құрылды. Оқу ғимараттарында заманауи зертханалар мен компьютерлік сыныптар жұмыс істейді. Оқыту процесінде оқытушылар заманауи білім беру технологияларын пайдаланады. Кітапхана студенттерге ғылыми-ақпараттық қызмет көрсетеді. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені, акт залы мен асханасы бар.
Институттың білім беру бағдарламалары бойынша «Еуразия Групп Казахстан» ЖШС, «Тыныс» АҚ, «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ, «AGRIMER-ASTYK» ЖШС, «Гормолзавод» ЖШС, «Көкшетау» МҰТП, «Көкшетаугорселпроект» ЖШС сияқты Көкшетау қаласының ірі кәсіпорындарының базасында кафедра филиалдары жұмыс істейді. Ақмола облысы Зеренді ауданы Васильковка ауылында оқу-демонстрациялық мақсатта «Элит» Тәжірибелік оқу-ғылыми-өндірістік кешені құрылды. Институт түлектері - аграрлық және техникалық өнеркәсіптің көптеген салаларында, IT-технологиялар саласында сұранысқа ие мамандар.
Институт ғалымдарының ғылыми-зерттеу қызметі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық, бағдарламалық – нысаналы қаржыландыру бойынша, «Тыныс» АҚ, «Kazrost Engineering» АҚ, «Altyntau Kokshetau» АҚ, «Обуховский КБК» ЖШС сияқты қала кәсіпорындары мен шаруашылық шарттық тақырыптар бойынша жобаларды орындау арқылы жүргізіледіhttps://shokan.edu.kz/kk/schools/agrotehnicheskij-institut-im-sadvakasova/.
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Тарих, география және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасы Тарих, география және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің Педагогикалық институтының кафедрасы.
Қазіргі уақытта тарих, география және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы білім беру және ғылыми мекемелер үшін тарих, теология, география, тарих магистрлері мен докторларын (Phd) даярлау міндеттерін орындайдыТарих, география және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының сайты – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті Педагогикалық институтының кафедрасы. https://www.shokan.edu.kz/ru/schools/pedagogical-institute/kafedra-istorii-kazahstana-i-ruhani-zhayru/.
Кафедра алғашқыда 1975 жылы құрылған болатын. 1991 жылы Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздік алғаннан кейін КОКП тарихы кафедрасы Қазақстан тарихы кафедрасы болып өзгертілді. Кафедраның қалыптасуы мен дамуына кафедраның тұңғыш меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыржан Қабиденұлы Әбуев сүбелі үлес қосты.
2015 жылы Қазақстан тарихы кафедрасы Отан тарихы және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы болып өзгертілді. 2018 жылдан бастап Отан тарихы және «Рухани жаңғыру» кафедрасы болып атауын өзгертті. 2021 жылы Отан тарихы және «Рухани жаңғыру» кафедрасы Жалпы тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасымен біріктіріліп, Қазақстан тарихы және «Рухани жаңғыру» кафедрасы деген жаңа атауға ие болды. 2022 жылы бұл атау Тарих, география және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы болып өзгертілдіШоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне 60 жыл. – Астана: Big Dream. 2022. – 260 б..
Кафедра университеттің барлық институттары мен мектептерінде Қазақстан тарихы, философия, әлеуметтану, саясаттану, мәдениеттану пәндерін оқытады, сонымен қатар тарих мамандығы бойынша бакалаврларды, магистранттар мен докторанттарды, теология бакалаврларын дайындауға қатысады.