Роберт Джеймс Фишер, Бобби Фишер ретінде белгілі (; 9 наурыз 1943 жыл, Чикаго, АҚШ – 17 қаңтар 2008 жыл, Рейкьявик, Исландия) — америкалық шахматшы, шахматтан әлемнің 11-чемпионы (1972 – 75), халықаралық гроссмейстер (1958). Шахматтан “Оскар” сыйлғының лауреаты (1970 – 72). АҚШ чемпионатының 8 дүркін жеңімпазы (1957 – 67). Алғаш шахмат ойнауды 6 жасында бастады. Манхэттендегі шахмат клубына барған соң, 12 жастағы Фишер мектеппен қош айтысып, барлық уақыты мен бойындағы бар ынта-жігерін шахматқа арнады. Бос кезінде әнмен, жүзу және баскетболмен айналысады.

13 жасында испан, неміс, француз тілдерін меңгерген. 14 жасында ересектер арасында АҚШ чемпионы, 15 жасында әлемдегі ең жас халықаралық дәрежедегі гроссмейстер атанды. 1958 жылы Порторождағы халықаралық турнирде 5 – 6-орынды бөлісіп, 1962 жылы Стокгольмде өткен аймақаралық турнирде Т.Петросян мен Е.Геллерден 2,5 ұпай озып, бас орынды иемденеді. Жарыста жеңіліске ұшырамай, 22 мүмкіндіктен 17,5 ұпай жинады. 1967 жылы Тунистің Сус қаласындағы аймақаралық турнирде 1-орында келе жатқанына қарамастан, мінез көрсетіп, жарыстан шеттетілді.

Біраз үзілістен кейін 1970 жылы Пальма-да-Мальоркадағы аймақаралық турнирде озып шығып, үміткерлер матчында М.Таймановты – 6:0, Б.Ларсенді – 6:0, Петросянды 6,3:3,5 есебімен ұтты. Шешуші кезеңде 1972 жылы Исландияның астанасы Рейкьявик қаласында Б.Спасскийді 12,5:8,5 есебімен жеңген Фишер әлем чемпионы атанды. 1975 ж. чемпиондық атаққа үміткер А.Карповпен кездесуден бас тартты. Фишердің бұл қылығына шыдамаған Халықар. шахмат федерациясы (ФИДЕ) Карповты әлем чемпионы деп жариялады.

Сілтемелер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том

Санат:АҚШ шахматшылары Санат:Шахматтан әлем чемпиондары