300px|thumb|Қызыр пайғамбар мұнарасы. Қызыр пайғамбар мұнарасы мен мешіті – Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген XVIII-XIX ғасырлардағы сәулет өнері ескерткіші. 1982 жылдан бастап мемлекет қорғауына алынған.

Орналасқан жері Мұнара мен Қызыр пайғамбар мешітінің археологиялық қалдығы Сайрамның тарихи орталығының оңтүстік-шығыс бөлігінде, басты көшелерінің қиылысынан 200 м қашықтықта, оңтүстік қақпаның (Базар дарбаза) шығысында, айналасы егілген ағаштармен қоршалған кеңістікте орналасқан. Мұнара Сайрамның (Испиджаб) киелі тарихында және аңыздарында маңызды орын алған агиотопонимді білдіреді. Ол – исламға дейінгі Қызыр пайғамбар есімімен аталатын мешітке біріктірілген тарихи-мәдени және рухани кешен алаңына шығатын жер бетінде сақталған жалғыз нысан. Ол сақталмаған Ыдырыс пайғамбар мешітімен бірге інжіл- құран дәстүрімен байланысты Сайрамның бірқатар ескерткіштері мен киелі жерлері қатарының басында тұр. Қызыр культіне қатысты ерекше киелі құндылыққа ие, сәулеттік жағынан кейінгі кезеңге жататын қатардағы мұнара қазіргі күнге дейін сақталып қалған.

Қызыр культі Қызыр культі (ал-Хидр, Хизр, Хызр, Қыдыр, Қадыр және т.б.) жалпы мұсылмандық кітап дәстүрі негізінде әртүрлі халықтардың аңыздары мен жергілікті фольклорында қалыптасқан. Мұсылман агиологиясында бұл – аса тәкаппар және маңызды кейіпкер. Құранда ол Мұса (Моисея) пайғамбардың есімі белгісіз жолдасы – "Біздің құлдарымыздың құлы" ретінде кездеседі (Құран, 18, 64–65). Аңыздарда оның аты Хадир деп аталады. Исламға дейінгі және атам замандағы пайғамбарлардың қатарында тұрады. Самның ұрпағы, Нұхтың (Ноя) ұлы, Ибраһимның (Авраам) тұсында өмір сүрген. Мұса және Мұхаммед пайғамбарлардың данышпан жолдасы және ұстазы. Жасыл шапан және сәлде киген жылы жүзді қария түрінде суреттеледі. Оның культі мұсылманға дейінгі кезеңнен бастау алады. Аңыздарда ол – мәңгілік өмірге ие болған тақуа. Мәңгілік және табиғаттың әрдайым жаңаруы символы ретінде қабылданады. Ислам дәстүрінде ол – "мәңгілердің" бірі – Ілияс (Илии), Ыдырыс (Еноха) және Иса (Иисус). Ілияс және Ыдырыспен жиі байланыстырылады. Қызырдың бейнесі барлық мұсылман әлемінде кең тараған. Барлық жерде өзіндік ерекшелігі бар. Ол мұсылмандық Шығыстың әртүрлі мифологиялық кейіпкерлерінің қасиеттерін өз бойына жинаған. Қызыр туралы аңыздарда сопылық ілім кеңінен тараған. Осыған байланысты Сайрамда қазіргі күнге дейін мұнаралы мешіт құрылысымен бекіген жергілікті Қызыр культін құрудың қайнар көзі болған сопылық тәжірибе мен салт-жоралардың ізі кездеседі.

Қызыр туралы аңыздар мен шежірелер Аңыз әңгімелер бойынша мешіт құрылысының жерастында (шілдехана) Қызыр пайғамбар жалғыз өзі 60 жыл жасырынып, ораза тұтып, дұға оқыған. Осыған байланысты ол сопы-дәруіштерінің жебеушісі есептелген. Сайрамның бүркеме тарихынан көрініс алған ("Рисаля", "Сайрам-шахри", "Сайрам туралы трактат") Сайрамның аңыздары мен хикаяларында көпшілік қабылдаған мифологиялық негізден жергілікті айырмашылығы бар. Жалпы алғанда, Қызыр туралы аңыздар Қызыр – Ескендірдің уәзірі, Ескендірдің досы, "түнек еліне" жол көрсетуші данышпан ретінде кездесетін Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) туралы аңыздармен байланысты. Бұл қарым- қатынастар Сайрамның аңыздық және қасиетті тарихында Қызырдың ерекше орын алатындығын көрсетеді. Сайрамды жаулап алғаннан кейін Ескендір Қызырды ең қадірлі адамдардың бірі ретінде қабылдап, оны қаланың билеушісі етіп тағайындайды және өзінің барлық әскерін оның иелігіне берген секілді. Осыған орай, Қызыр пайғамбар Сайрамда туылып, осы жерде өмір сүрген деген аңыз нұсқасы да бар. Кейінгі аңыздар мен шежірелерде Сайрамның көптеген әулиелері қатарында Қызыр да аталады. Олардың желісінде Қызырмен әңгімелесіп, ақыл-кеңес сұрағандығы туралы кездеседі.

Зерттелуі Қызыр пайғамбар мешіт кешенін алғашқы болып А.К. Гейнс (1866 ж.) сипаттап зерттеген, одан кейін М.Е. Массон (1925 ж.) ғимараттың жаңартылған түріне көңіл аударған. Осыдан соң мешіт мұнарасы еш жерде айтылмайды, себебі сол уақытта XVIII-XIX ғасырларға жататын архитектуралық ескерткіштер көрнекті болып есептелмеді. 1963 жылы Шымкент облыстық музейінің тапсырмасы бойынша мұнара діңінің сақталған бөлігінің архитектуралық өлшемі алынады (Т. Поднебесная). 1981-1983 жылдары Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінің "Қазақ жобалау-қалпына келтіру" институтының экспедициясы сәулет ескерткіштерін төлқұжаттандыру кезінде зерттейді. Мұнара Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығына енгізілген. Бұрынғы өлшемдері нақтыланып, толықтырылады. Қызыр мұнарасының қорғау аймағында ауық-ауық археологиялық жұмыстар жүргізіледі. 1970 жылдары 6х2,5 м көлемде салынған қазбадан (Н.П. Подушкин) XVIII-XIX ғасырларға жататын тұрғын үйлердің орны анықталады. 1989 жылы қазба жұмысы тікелей мұнара орналасқан жерге жүргізіледі (А.О. Итенов). 2004 және 2007 жылдары М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дің археологиялық экспедициясы (Б.Ә. Байтанаев) Қызыр пайғамбар мешітіне қазба жұмыстарын жүргізіп, мешіттің жоспарын, оның типологиясын, сонымен қатар кешендегі мұнараның нақты орналасқан жерін анықтады.

Мешіт пен мұнара сипаты Мешеттің бастапқы ғимараты туралы нақты деректер жоқ. 2004 және 2007 жылдары жүргізілген археологиялық зерттеулер мешіттің өмір сүруінің соңғы кезеңінде (XVIII-XIX ғасырлар) ортасында намаз оқу залынан (қыстағы мешіт) басқа ашық аула, айван, құжыра (зиярат етушілерге арналған), шілдехана жер асты құрылысы, дахма түріндегі екі сатылы қабір үсті құрылысы және т.б. бар мешіт-ханака түрінде көп қызметті культтік ғимарат болғанын көрсетеді. Мұнара – кешеннің ең биік зәулімі. Ол мешіттің оңтүстік-шығыс бұрышынан 3 м қашықтықта орналасқан. 1948 жылы жер сілкінісі нәтижесінде мұнара ішінара қирайды (шам бөлігі бұзылады). Дегенмен, 1920-1940 жылдардағы фотосуреттері бойынша қалпына келтіріледі. Жеке тұрған цилиндрлі мұнара (іргесінің диаметрі – 2,96 м, биіктігі – шамамен 10 м) балшықтың көмегімен қыш кірпіштен тұрғызылған. Діңі негізінен шамына дейін болмашы ғана тарылады. Шам (1990 жылдардың басында қалпына келтіріледі) сегіз биік жартылай дөңгеленген терезе-аркадан құралып, үсті сфералы күмбезбен жабылған ротондаға ұқсас. Діңінен ол дандана (кірпіштер қатары бұрышымен қойылған) белбеуі арқылы бөлінеді. Ішінен жоғары қарай биік кірпішті басқыштардан тұратын айналма баспалдақ арқылы көтеріледі. Ағаш маңдайшалы тікбұрышты есік шығыс жағында орналасқан.Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7

Дереккөздер

Санат:Шымкент қаласының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Шымкент қаласы сәулеті