Қала гравилаты () - раушангүлділер тұқымдасы шыршай туысына жататын шөп тектес, көп жылдық өсімдік.

Сипаты

Сабағы тік өседі, биіктігі 30-60 см-ге дейін жетеді. Бұтақтары аз, төменгі жағындағы жапырақтарының сағақтары ұзын, қауырсын тәрізді болады. Ал жоғарғы жағындағы жапырақтарының сағақтары қысқа, 3--4 салалы немесе бүтін болып келеді. Гүлдері ірі, сабағы ұзын, ашық сары түсті, гүл жапырақшалары бесеу. Мамыр-тамыз айларында гүлдейді. Маусым-қыркүйек айларында жемісі піседі. Шалғынды жерлерде, ормандарда, бұталарадың арасында, өзендердің жағаларында, бақшаларда өседі.

Емдік қасиеті Қала гравилатының құрамында илік заттар, эфир майлары, С дәрумені және ащы заттар бар. Дәрі жасау үшін өсімдіктің тамырын күзде, жер үстіндегі бөлігін көктемде гүлдеген кезінде жинап алады. Халық медицинасында өсімдіктің сулы тұнбасымен асқазанның түрлі ауруларын емдейді. Өсімдіктің қабынуға қарсы әсер ететін, микробтарды жоятын қасиеттері де бар. Ол дизентерияға, асқазанның қабынуына қарсы қолданылады. Іш желденгенде, ішек түйнеп ауырғанда және геморрой түйіндерінен қан кеткенде де осы өсімдікпен емдеуге болады. Ол бауыр мен өт жолдарының ауруларына да шипа. Кейде қала гравилатын қатты жөтелді басу үшін және тістің түбін босап, қанағанда, тамақ бездері қабынғанда қолданады.

Дәріні дайындау және қолдану тәсілі Өсімдіктің 1 ас қасық ұнтақталған тамырын немесе шөбін 1 стақан қайнап тұрған суға салып 20 минут тұндырады да, стақанның төрттен біріндей мөлшерде күніне 3-4 рет ішеді.Қазақстанның дәрілік өсімдіктері. Іскендіров Әбіш. Алматы "Қазақстан" 1982, 188 бет.

Дереккөздер

Тағы қараңыз Дәрілік өсімдіктер

Санат:Раушангүлділер Санат:Дәрілік өсімдіктер Санат:Қазақстан флорасы