Мәжит Мұхамеджанұлы Шомбалов (20.4.1873, бұрынғы Ішкі Орда, Талап бөлімі, 1-старшындық ауылы – 1940, Орал облысы Казталов ауданы) – обаға қарсы күрескен алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, республикада дәріхана жүйесін қалыптастырудың негізін қалаушы.

Қазан университетінің медициналық факультетін бітірген (1899). 1899 – 1903 жылдары Орда оба стансасында дәрігер 1903 – 17 жылдары Орда ауруханасының меңгерушісі болды. 1911 жылы И.И. Мечников басқарған экспедиция құрамында Қалмақ даласында оба індетін зерттеу жұмыстарына қатысты. Ол екі мәрте “Қырғыз даласының Нарын бөлігі мен оңтүстік округтердегі обамен күрестегі еңбегі үшін” арнайы күміс белгісімен марапатталған (1906, 1910). Азамат соғысының ауыр кезеңдеріне қарамастан, Бөкей губерниясында 370 төсектік, оның ішінде Ордада 100 төсектік аурухана ашты. 1923 – 29 жылдары Қазақстан денсаулық сақтау халкомының орынбасары, сонымен бірге Қырғыз АКСР Орталық Атқару комитетінің мүшесі және Бүкілресейлік Қызыл крест қоғамының Қазақстандағы өкілі болып тағайындалды. 1929 – 38 жылдары Қазақтың респ. дәріхана басқармасының бастығы, біраз уақыт Орал қаласында обаға қарсы стансаның меңгерушісі болды.

Алматы қаласындағы 4-дәріхана Шомбаловтың есімімен аталады. Әлжанов А., Шокин Ә., Досаханов Ә., Алғашқы қазақ дәрігерлері, А., 1984.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том

Дереккөздер

Санат:20 сәуірде туғандар Санат:1873 жылы туғандар Санат:Бөкей ордасы ауданында туғандар Санат:1940 жылы қайтыс болғандар Санат:Казталов ауданында қайтыс болғандар Санат:Қазақстан дәрігерлері Санат:Қазақстан вице-министрлері Санат:Қазан университеті түлектері