Көшпелілер өркениетін зерттеу мәселелері Көшпелілер өркениетін зерттеу мәселелері. Көшпелілер немесе Дала өркениеті - түркі тектес халықтардың, соның ішінде қазақтардың материалдық және рухани құндылықтарының даму сатысы, этномәдени жүйенің қалыптасуындағы табиғи-тарихи тұрпаты. Адамзат тарихын зерттеу барысында өркениет атауының өзіне әр түрлі, кейде бір-біріне қарама-қайшы анықтамалар қалыптасты. Америка тарихшысы Л.Морган (1818-1881) мен Ф.Энгельс оны адамзат дамуындағы жоғары, жазу сызуды енгізу кезеңі ("тағылық — жабайылық — "өркениеттілік" үштағаны арқылы) ретінде сипаттады. Кейінгі кездері бұл термин адамзат дамуының аймақтық, салыстырмалы түрде бір-біріне тәуелсіз жетілген пішімдерін бейнелеу үшін қолданылып жүр. Еуропаға әсіре табынушы кейбір ойшылдар өздігінше жетілген мәдени-тарихи аймақтардың санын түгендеп, кейде — 8 (О.Шпенглер), кейде 36 өркениет ошағына (А.Тойнби) жеткізіп қойды. Әйтсе де, осы тұжырымдаманы жақтаушылар Алтайдан Карпат тауларына дейінгі ұлан-байтақ кеңістікте көшпелі-отырықшы тұрмыс кешкен түркі тектес халықтардың өткеніне астамшылықпен қарап, "тарихи дамудан тысқары қалған қауым" ретінде көрсетуге тырысты. Соған қарамастан, өркендеп-өрбу негізі, географиялық-табиғи аясы далалық болып саналатын, көшпелі шығыс жұртының өзіндік өркениеті хақында дәйекті пікір түйген ғалымдар аз емес. Белгілі орыс археологы, академик А.П.Окладников (1908—1981) зерттеу еңбектерінде далалықтардың этномәдени жүйесін "Батыс Сібір өркениеті шығысқа қарағанда батыспен тығыз байланыста болған сияқты", – деп атап көрсеткен. Ә.Марғұлан, К.Ақышев, К.Байпақов, т.б. ғалымдар "көшпелілер өркениеті" атауын жиі қолданса, Л.Н.Гумилев, О.Сүлейменов б.з.б. ІХ ғасырдан б.з. ХІ ғасыр аралығында көшпелілер мәдениетінің өрлеу дәуірі, Жерорта теңізі жағалауы және Қиыр Шығыс елдерімен салыстырғанда «жасампаздық эволюцияны» бастан өткергенін дәлелдеді. Соның нәтижесінде кеңестік тарихнама жоққа шығарған Еуразия кеңістігіндегі тарихи-мәдени ерекше құбылыс, ғылымға "Дала өркениеті" – деген атпен ене бастады. Оның әлемдік өркениетке қоскан үлесіне үндінің саяси қайраткері Д.Неру "Әлемдік тарихқа көзқарас" атты еңбегінде әділ баға беріп, "Атлас картаны ашсаң, алып Азия құрлығының қойнына кіріп жатқан кішкентай Еуропаны көресің. Ол өз алдына дербес құрлық емес, Азияның жалғасы сияқты. Ал тарихты оқитын болсаң — ұзақ уақыт бойы, белгілі бір кезеңде Азияның үстемдік құрғанына көзің жетеді. Еуропаны жермен-жексен еткен де, өркениетке жеткізген де солар. Азияның әлде-бір өңірінен шыққан арийлер, сақтар, ғұндар, моңғолдар, түркілер Азия мен Еуропаға қанат жайып, жаппай қоныстанды. Еуропа ұзақ уақыт Азияның отары сияқты болды» - деп атап көрсетті. Азия мен Еуропа арасындағы алып кеңістік — ежелгі Дешті Қыпшақ төсінде эволюция жолымен қалыптасқан мәдени-экономикалық, рухани тұтастықты, жартылай көшпелі, жартылай отырықшы тұрмыс кешкен дала тұрғындарының этнотарихи жүйесін Дала өркениеті деп атауға толық негіз бар. Климат құбылмалылығына жаппай әрі тікелей тәуелді күйдегі көшпелі мал шаруашылығы далалықтардың геоэкономикалық, геосаяси, геомәдени икемділігін белгілі бір дәрежеде шектегенімен, тұйыққа қамай алмады; керісінше, бұл солтүстік- еуразиялық кеңістік тұрғындарының өзіндік ерекшелікке толы әлеуметтену үрдісі мен нәсілдік-генетикикалық бірігуіне жол ашты. Жабайы жылқылар мен түйелерді қолға үйретіп, осыған орай арба мен әбзел ойлап табуы көшпелілерді өркениет даңқына жетелеген алғашқы, тың қадам болды. Металл өңдеу, қыш ыдыс жасау, мата тоқу, зергерлік кәсіп қарқынды дамып, "жұлдыз барлап, жол табу" арқылы алғашқы астрономия, ғарыштық түсініктері орныға бастады. Қандық-туыстық байланыстар мен әлеуметтік ұжымдасудың жан-жақты, қатаң түрде сатыланған жүйесі қалыптасты.
Көшпелілер тұрмысы Көшпелілер тұрмысы. Жинақы тұрғын үй құрылымы, соған сәйкесті үй мүліктері мен киім-кешек үлгілері, тіпті, еуропалықтар тұрмысына да дендеп енді. Еуразия жазығының шығыстан батысқа қарай көсілген ендігінде олар ру-тайпалық бірлестіктен бастап өзара конфедеративті қарым-қатынасқа негізделген көшпелі империялар құруға дейінгі саяси интеграцияның күрделі үрдістерін өткерді. Әсіресе, мыңдаған жылдарға созылған нәсілдік-генетикалық бірігулердің, геосаяси және әлеуметтік-мәдени байланыстардың мекені болған апайтөс кеңістіктің батысы мен шығысын тұтастырған Тұран жазығының тұрғындары — протоқазақтардың өте ерте кезеңдерден көшпелілікті отырықшылық тұрмысқа, мал бағуды егіншілікке үйлестіре жүргізгені, көне қытай жазбаларында айтылған. Тоталитарлық режим тұсында тарихшылар түркі жұртының даңқы, өрелі өткені туралы деректерді айналып өтуге тырысты. Ерте ғасырлардағы жетістіктерін айтпағанның өзінде, айқын деректі — адамзат тарихында елеулі рөл атқарып, өз кезеңінің батыстық, шығыстық авторларының жазбаларына арқау болған Түркі қағанатын елемей келді. Ал бұл мемлекеттің өз кезінде Византия, Иран, Қытай сияқты елдермен саяси және экономикалық қарым-қатынас жасап, Манчьжуриядан Керчень түбегіне, Енисейдің жоғарғы сағасынан Әмудария жағалауына дейінгі кеңістікте салтанат құрғаны белгілі. Көне тарихта, адамзат дамуының бастапқы кезеңдерінде осынша ауқымды масштабты иемденіп, билеп- төстеген бірде-бір отырықшы халық ұшырасқан емес. Көне түркілер дәуірлеген кезеңде көшпелі тұрмыс Орталық Азиядан Византия шекараларына жол тартқан ерекше мәдени-әлеуметтік көпір болды. Ғасырлар ағымында бірінің орнын бірі басып, үздіксіз алмасып отырған көшпелі империялар шектес елдер мен шендес құрлық халықтарының этникалық шығу тегіне, күрделі Далада алуан текті мәдени кешендеріне орасан ықпалын тигізді. Тұрақты дипломат және сауда-саттық қарым-қатынастарының желісі ретінде Ұлы Жібек жолы әр текті, алуан бітімді мәдениеттер мен халықтардың арасын тұтастырып, тек материалдық айырбастың ғана емес, сондай-ақ, ілкі санадағы ізгілікті идеялардың, ілім-білімнің, ғылыми танымның, яғни мәдени құндылықтардың бастапқы негіздері алмасуының тиімді факторына айналды. Осындай ауқымды да тығыз байланыстар нәтижесінде Көк түркілердің өзіндік ерекшелігі бар "өркениеттік деңгейдің басты шарты" — төл сына жазуы қалыптасты. Алтай өңірінен, Шығыс Түркістан мен Жетісу жерінен, Хакас және Тува өңірлерінен табылған 200- ден аса ежелгі түркі жазуының ескерткіштері б.з. І-мыңжылдықтың соңы мен ІІ-мыңжылдықтың бас кезіндегі (V-VІ ғ-лардағы) түркілердің аса қуатты мәдени-тарихи даму үрдісіне дәлел болады. XX ғ-дың басына шейін өзіндік өрнегі мен этникалық бітімін жоғалтпаған осынау ерекше мәдени-тарихи тип «Дала өркениеті» екендігі, белгілі қазақ зерттеуші-ғалымдары М.Қозыбаевтың, Ә.Кекілбаевтың, Т.Ғабитовтың, А.Сейдімбековтің, М.Барманқұлов және т.б. еңбектерінде негізделген. Дала өркениеті шын мәнінде, уақыт пен кеңістік өрісінде географиялық-ландшафттық бөгесіндерге қамалып, томаға-тұйық күй кешкен реликтілік құбылыс емес, динамикалық, футуристік мән-мазмұны қанық жүйе ретінде ерекшеленді.
Рухани мәдениеті Рухани мәдениеті.Ұлы Дала төсі айрықша жауынгерлік рух пен ізгілікті дүниетанымды қалыптастырып, ұрпақтардың тарихи жадындай эпостык шығармалар арқылы кеңістік пен уақыт өрісіндегі оқиғалар тізбегін жоғалтпай, жіпке тізіп отырды. Кез келген көшпелі, қарапайым дала тұрғыны өз халқының бүкіл тарихи-мәдени, адамгершілік тәжірибесі жинақталған ауыз әдебиеті нұсқаларын — жыр-толғауларды, аңыз-әпсаналарды, т.б. жатқа білді. Сол арқылы Әлемдік өркениеттің тарихи ауқымымен біте қайнасып, өзіндік бітім-тұрпатқа ие деңгейде өмір сүріп жатты.
Ислам ренессансын бастан өткеріп, әлемдік ғылымдар мен ғылыми-танымдык ізденістердің бастауына (әл- Хорезмидің "әл-Жебрасы", Ұлықбектің астрономия зерттеулері, Омар Һайямның аспан денелерінің картасы, Әбу Әли Ибн Синаның дәрігерлік канондары, т.б.) айналған түркі әлемінің ішкі тұтасуының саяси-экономикалық, мәдени және этногенетикалық үрдістері, Шыңғысхан империясының шапқыншылығы кезінде күрт тоқырауға ұшырады. Түркілердің бірсыпыра бөлігі байырғы территория шегінен тысқары кетуге мәжбүр болды. Сөйте тұра, олардың бір бөлігі Шыңғысхан империясының саяси құрылымын, әлеуметтік- құқықтық негіздерін жетілдіруге атсалысып, ұлан-ғайыр кеңістікке қанат жаюына тікелей жәрдемдесті. Шыңғысхан Түркі қағанаты кезінде қалыптасқан әскери-әкімшілік жүйені бұлжытпай басшылықка алды. ХV ғ-дың 60-жылдары құрылған Қазақ хандығының тағдыры ұлы Түркі қағанаты және Шыңғысхан империяларының тарихымен тамырласып, шығыс Дешті Қыпшақ, Жетісу мен Түркістан территориясындағы сан ғасырлық әлеуметтік-экономикалық, этносаяси үрдістердің заңды жалғасы ретінде өрбіді. Аралас, яки көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшы егін шаруашылығы қатар дамыған, дәстүрлі қала мәдениеті бар өлкенің табиғи топтасуы негізінде ХІV-ХV ғ-лардағы біртұтас экономикалық аймақ құру үрдісі бүкіл қазақ жерін бірегей саяси құрылымға біріктіруге жағдай жасады. Үш жарым ғасырдай Орталық Азияда елеулі рөл атқарған Қазақ хандығы мемлекеттік нышандарын жетілдіріп қана қойған жоқ, қазақ ұлтын тұтастырып, оның этникалық жер аумағын нығайтып, рухани және материалдық мәдениетін дамытты. Әлемдік шаруашылық жүргізу тенденцияларының өзгеруі Еуразия ендігіндегі геосаяси ахуалға қаяу түсірді. Елдің солтүстігінде өз тауарларын өткізу рыногын әрі арзан шикізат көзін иемдену, әділетсіз экономикалық айырбасқа жол ашу мүддесі көкейін тескен Ресей империясы ентелеп тұрды. Адамзат дамуындағы ерекше тарихи-мәдени бітім — Дала өркениетінің бесігі болған Орталық Азия елдері сияқты Қазақстан да осы кезеңнен бастап сол империяның геосаяси мүдделерінің орбитасына айналды. Әскери-әкімшілік шаралардың ғана емес, сондай-ақ адуынды идеология аппараттың көмегімен отаршылдар этномәдени тұтастықты бұзып, ұлттық нигилизмге, тарихи жадсыздыққа дем берді. Көшпелілер қоғамын "басқаруға келмейтін, жабайы, қиратушылық қарымнан аспайтын, прогрессивті дамудың алғышарттарына қарсы жөңкілетін күш" ретінде сипаттайтын пікір орнықты. Патша генералдары мен жазалаушы отряд басшыларының өзі қазақ даласындағы озбырлық әрекеттерін, отарлау саясатын "өркениетті әлемді тағылықтан құтқару" деп түсінген. Тіпті, Батыс Еуропа ғалымдарының өзі (Тойнби, Р.Киплинг, М.Вебер, Э.Трельч, т.б.) еуропада өркениет қана бар, ал өзге кеңістік "тағыларды мәдениетті адамға айналдырудың алаңы" – деп есептеді.
Кез келген ұлттың өркениеттілігі, мәдени бітімі сол елдің тәуелсіздігі аясында өрбиді. Егемен ел — тәуелсіз Қазақстан жағдайында жалпы адамзаттық құндылықтарға қол жеткізіп, біртұтас мәдени жүйе қалыптастыру үшін өткен жолды, шыққан биікті бағалай білу шарт. Өткенін бағалай білмеген келешегін де қадірлей алмайды.
60—70-жылдардағы зерттеулер. XX ғасырдың 60—70-жылдарынан бастап жекелеген ғалымдар көшпеліліктің географиялық-экологиялық себептерін қайта мойындай бастады. Осы ғалымдардың пікірінше, көшпелілік дегеніміз, кейбіреулер айтқандай, "адамзаттық өркениеттің сара жолынан адасу" емес, керісінше, шаруашылықтың, мәдениеттің ерекше даму түрі. Олардың пікірі бойынша: "Көшпелілер далалы, шөлді, шөлейтті табиғатта өз шаруашылығын қалыптастырған, олардың негізгі күнкөріс көзі мал болған, мал басы өскен сайын жайылым айырбастау қажеттілігі туған, сөйтіп жылжымалы өмір салты қалыптасқан". Көшпелі халықтар, оның ішінде ғұндар мен түркілердің тарихына ерекше мән берген тарихшы Л.Н.Гумилев болды. Ол Еуразия көшпелілерінің бұл құрлықтың тарихында алатын орнын өте жоғары бағалады. Дегенмен Л.Н.Гумилев: "Халықтар дамуында, олардың қалыптасуында, шаруашылық-мәдени ерекшеліктерінің пайда болуында географиялық, экологиялық фактор үлкен рөл атқарады" деп санады. Оның ойынша, "бүкіл тарихи үдеріс географиялық, биосфералық өзгеріске тікелей және толығымен тәуелді". Л.Н. Гумилевтің осындай көзқарастары кезінде сыналған да еді.