Сөзге тоқтау – қазақ халқында қалыптасқан дәстүрлі ұғым, бұл айтылған уәде мен сөзді тыңдап, келісу, оған бағыну дегенді білдіреді.
Мағынасы:
Келісім мен мәміле – бір-бірімен дауласқан немесе пікір алмасқан адамдар ортақ шешімге келіп, соған көнуі. Сенімділік пен адалдық – адам берген сөзінде тұрып, уәдесінен шықпауы. Даналық пен тәрбие – үлкендердің немесе ақыл айтқан адамдардың сөзін жерге тастамай, оны орындау.
Қазақ қоғамында сөзге тоқтау адамның тәрбиелігі мен парасаттылығын көрсетеді. Бұл ұғым билер сотында, қоғамдық мәселелерде, отбасылық қарым-қатынаста және достықта маңызды болған. Егер адам сөзге тоқтамаса, оны "сөз ұқпайтын", "қисық мінезді" деп сипаттаған."Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ" дейтін қазақ халқы қай заманда да қашанда жүйелі сөзге тоқтаған. Сөз асылын, орынды сөзді "аталы сөз" деп жоғары бағалаған. Бір ауыз сөзбен ердің құнын кешірген. Әр қазақ айта білген, тыңдай да білген, оған тоқтай да білген. Олар "тіземнен сүріндірсең де, тілімнен сүріндірме" деп тілеген. Соған сәйкес хан, би, бай, төрелер де шешендер мен ақындарды төбесіне көтеріп сыйлаған. Кіші жүздегі атақты Баймағамбет сұлтан өзі өлім жазасына кескен Шернияз ақынды сөз тапқан шешендігі мен тектілігі үшін кешірім жасап алдына мал салып берген.
Мұндай тауып айту да, одан аспаған мәрт азаматтар да ел ішінде көп болған. Олардың өз сөзі ел-жұртқа ғасырдан ғасырға жетіп, асыл сөздің үлгі-өнегесі болып қалды. Бұл жақсы дәстүрлі ғұрып күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.
Дереккөздер Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары (Қазақ мәдениетінің суретпен безендірілген энциклопедиялары) "Атамұра",-Алматы.
Санат:Салт-дәстүрлер