Төребек Османов [3.5.1893, бұрынғы Сырдария губерниясы Перовск (Ақмешіт) (Қызылорда) уезі, Қызылқұм кенті – 4.10.1937] – қазақтан шыққан тұңғыш банк қызметкері.

Өмірбаяны Төребек Османов 1893 жылы мамыр айында бұрынғы Сырдария губерниясы Перовск (Ақмешіт) (Қызылорда) уезінің Қызылқұм кентінде орта шаруа отбасында дүниеге келген. Оқу жолы Ақмешіттегі орыс-түзем мектебін (1906), Перовск қалалық училищесін (1910), Ташкент мұғалімдер семинариясын (1914) бітірген. Жұмыс жолы 1914 – 1916 жылдары Ташкент уезінде мұғалімдікпен қатар банкте несие-сақтық серіктестігінің есепшісі. 1916 – 1918 жылдары Мемлекеттік банктің Ташкенттегі кеңсесінде ұсақ несие инспекциясының іс жүргізушісі қызметтерін атқарған. 1920 жылдың басынан «Түрхалұлткомқаржыда» ұсақ несие нұсқаушысы, Ақмешіттегі жұмысшылар кооперативінің төрағасы. 1920 – 1921 жылдары Еңбек халық комиссариаты жанындағы азық-түлік комиссары. 1921 – 1922 жылдары тұтынушылар кооперациясының әрі Қызылорда қалалық «Қосшы» одағының төрағасы. 1922 –1925 жылдары Ташкент өлкелік тұтынушылар одағының, Бүкіл қазақтық ауыл шаруашылық одағы басқармасының (әуелі «Қамқор», кейіннен «Қазауыл» одағы) төрағасы. 1925 –1927 жылдары КСРО Өнеркәсіптік банкі Қазақ бөлімшесінің басқарушысы. 1927 – 1928 жылдары КСРО Мемлекеттік банкінің Қазақ өлкелік кеңсесі басқарушысының орынбасары. 1928 – 1930 жылдары Қазақ ауыл шаруашылық банкі басқармасының төрағасы, Бүкілодақтық ауыл шаруашылық кооперативтік ұжымшарлық банкі Қазақ республикасы кеңсесінің басқарушысы. 1930 – 1937 жылдары КСРО Мемлекеттік банкі Қазақ республикасы кеңсесі басқарушысының орынбасары, Мемлекеттік банктің Батыс Қазақстан облысы бөлімшесінің басқарушысы болды. 1926 жылдан Бүкілодақтық Халық шаруашылық кеңсесі төралқасының мүшесі болған.

Османов Қазақстанда банк, қаржы-несие ісін дамытуға, банк кадрларын даярлауға белсене атсалысты. Оның бастамасымен Алматыда банк ісі бойынша оқу комбинаты ашылды, осы комбинаттың негізінде 1931 жылы Алматы есеп-несие техникумы құрылды.

Отбасы Жұбайы — Османова Фатима (1906 жылы туған). Балалары: ажасы — Айткуль, орташасы — Лаура, кішісі - Зарима. Ағасы Мулдабек (1901 жылы туған), барлаушы-бақылаушы, 1943 жылы фронтта қайтыс болған, Украинаның Сумск облысында жерленген.

Айып және ату жазасы 1937 жылы жалған жаламен айыпталып, 4 қазан айында ату жазасына кесілді.

Отбасына қарсы қуғын-сүргін Төребек Османовтың әйелі Фатима кеңестік қуғын-сүргін құрығына ілігіп, АЛЖИР-де 9 жыл айдауды бастан кешті. Кіші қызы Зариманы Алматы қаласында нәресте үйіне, ал Айткүл мен Лаураны Алтай аймағының Солонешенск ауданындағы детдомға жіберілді. Кейін қыздары туған-туысқандарымен бірге тұрды.

Ақталуы 1958 жылы Төребек Османов және оның отбасы ақталды. Бірақ айып кезінде алынған дүние-мүліктері қайтарылбай, әйелі тек күйеуінің екі - айлық жалақысын алып отырды.

Османов атында Қызылорда қаласында тұңғыш қазақ банкирі атында көше аталған.

Сілтемелер Қазақ энциклопедиясы

Санат:Әдебиет