Дональд Джон Трамп (; 14 маусым 1946, Нью-Йорк) — америкалық саясаткер, медиа тұлғасы, кәсіпкер, 2025 жылғы қаңтардан бергі АҚШ президенті. Республикалық партияның мүшесі ретінде ол бұрын 2017 жылдан 2021 жылға дейін 45-АҚШ президенті болған.
Бастапқыда Трамп The Trump Organization атты ірі құрылыс компаниясының президенті және дүние жүзінің түрлі жерінде казино мен қонақ үйі бар Trump Entertainment Resorts компаниясының негізін қалаушысы ретінде белгілі болған. Трамп әдеттегіден тыс өмір сүру стилінің, ашық сөйлеу мәнерінің және өзі продюсері мен жүргізушісі болған «Кандидат» реалити-шоуындағы рөлінің көмегімен баршаға танымал тұлға болған. Бизнестері мен өзі 4000-нан астам сот ісінде талапкер де, жауапкер де болды, алты бизнесті банкроттады.
Трамп 2016 жылғы президенттік сайлауда Республикашыл партияның кандидаты ретінде Демократиялық партияның кандидаты Хиллари Клинтонға қарсы жеңіске жетті, алайда халық даусының көпшілігіне ие болмай қалды. Арнайы прокурордың тергеуі Ресейдің Трампты жақтап, сайлауға араласқанын анықтады. Сайлауалды науқаны кезінде Трамптың саяси ұстанымы популистік, протекционистік, изоляционистік және ұлтшыл деп сипатталды. Оның сайлануы мен саясаты біраз наразылық тудырды. Ол әскердегі немесе үкіметтегі тәжірибесі жоқ АҚШ тарихындағы жалғыз президент ретінде де белгілі болды. Трамп қастандық теорияларын алға тартты және сайлауалды науқандары мен президенттігі кезінде америкалық саясатта бұрын-соңды болмаған дәрежеде көптеген жалған және жаңылыстыратын тұжырымдар жасады. Оның көптеген пікірлері мен әрекеттері нәсілшіл және мизогиндік сипатта болды делінеді.
Президент ретінде Трамп мұсылман елдердің азаматтарына елге келуге тыйым салуды бұйырды, АҚШ–Мексика шекарасында әскер қорғайтын қабырға салмақ болды және байларға салынған салықты азайтты. Ол елдегі қоршаған ортаны қорғау саясатын әлсіретіп, 100-ден астам экологияны қорғау заңдарын және өзгертулерін кері қайтарды. Ол COVID-19 пандемиясына қарсы баяу әрекет етті де, денсаулық сақтау шенеуніктерінің көптеген ұсыныстарын елемеді, не оларға қайшы келді, тестілеу жұмыстарына кедергі келтіру үшін саяси қысымды қолданды және дәлелденбеген емдеу әдістері туралы жалған ақпарат таратты. Өкілеттігі кезінде Трамп, оған қоса, Қытаймен сауда соғысын бастады және АҚШ-ты Транс-Тынық мұхиты әріптестігі сауда келісімінен, жаһандық жылыну жөніндегі Париж келісімінен және Иранның ядролық келісімінен шығарды. Ол Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен үш рет кездесті, бірақ ядролық қарусыздандыру мәселесінде ілгерілеушілікке қол жеткізе алмады.
Трамп — 2019 жылы Украинаға Джо Байденді тергеуге қысым жасағаннан кейін билікті асыра пайдаланғаны, Конгресс жұмысына кедергі келтіргені және 2021 жылы көтеріліске шақырғаны үшін екі рет импичмент жарияланған АҚШ-тың жалғыз президенті. Алайда, Сенат оны екі жағдайда да ақтады. Трамп 2020 жылғы президенттік сайлауда Байденге жеңілгеннен кейін сайлауда орын алған алаяқтық туралы жалған мәлімдеп, нәтижелерді өзгертуге әрекеттенді. 2021 жылғы 6 қаңтарда ол өз жақтастарын АҚШ Капитолийіне шеру жасасын деп шақырды, олардың көбі расында да ғимаратқа шабуыл жасап барды. Ғалымдар мен тарихшылар Трампты Америка тарихындағы ең нашар президенттердің бірі деп санайды.
Қызметінен кеткеннен бері Трамп Республикалық партияда үстемдік етуді жалғастыра берді. 2024 жылғы мамырда Нью-Йорктегі қазылар алқасы Трампты 2016 жылғы сайлануына ықпал ету мақсатында Сторми Дэниелске қарым-қатынасы туралы ешкімге тіс жармауы үшін заңсыз ақша төлеймін деп бизнес жазбаларын бұрмалады деген айыппен байланысты 34 ауыр қылмыс бойынша айыпты деп тапты, бұл оны АҚШ-тың қылмыскер болған бірінші президенті қылды. Оған тағы үш юрисдикцияда құпия құжаттарды бұрыс пайдаланғаны және 2020 жылғы президенттік сайлаудың ресми нәтижесін өзгерту әрекеттеріне байланысты 54 басқа ауыр қылмыстар бойынша айып тағылды. Азаматтық процесте Трамп 2023 жылы жыныстық зорлық-зомбылық пен жала жабу, 2024 жылы жала жабу және 2024 жылы қаржылық алаяқтық жасау үшін жауапты деп танылды. 2024 жылғы шілдеде Трампқа қастандық жасалды. Ол тек жарақаттанды да, аман қалды. 2024 жылғы президенттік сайлауда ол ресми түрде жеңіске жетті де, 2025 жылғы қаңтарда АҚШ 47-президенті болды.
Трамптың идеологиясы трампизм делінеді.
Өз өмірі Жастық шағы нобай|оңға|150px|Студент болған кезіндегі Дональд Трамп, 1964 жыл
Дональд Джон Трамп 1946 жылғы 14 маусымда Куинс, Нью-Йоркта дүниеге келген. Ол — Фред Трамп пен Мэри Энн Маклаудтың төртінші баласы. Дональд үйінің үлкендері Мэрианн, кіші Фред пен Елизабетпен және інісі Робертпен бірге Куинста тәрбиеленді.
13 жасында ол Нью-Йорк әскери академиясы атты жеке мектеп-интернатына оқуға түсті. 1964 жылы ол Фордем университетіндегі оқуын бастады. Екі жылдан кейін ол Пенсильвания университетінің Уортон бизнес мектебіне ауысып, оны 1968 жылғы мамырда экономика ғылымының бакалавры дәрежесімен аяқтады. 2015 жылы Трамптың адвокаты Майкл Коэн Трамптың колледждеріне, орта мектебіне және колледж кеңесіне Трамптың академиялық бағаларын жария етсе, сотқа жүгінеміз деп қорқытқан.
Трамп жоғарғы білімін алып жатқанда Вьетнам соғысы жүрген еді. Сол жылдары Трамп әскерге төрт түрлі рет шақырылған болатын. 1966 жылы жасалған медициналық тексеріс арқылы Трамп әскери қызметке жарамды деп танылды. 1968 жылғы қазанда ол шартты медициналық кейінге қалдыру 1-Y тобына жатқызылды да, 1972 жылы экзостозға байланысты 4-F тобына ауыстырылып, біржола әскери қызметтен дисквалификацияланды.
Отбасы
1977 жылы Трамп чехиялық модель Ивана Зельничковаға үйленді. Олардың үш баласы болды: кіші Дональд (1977 туған), Иванка (1981 туған) және Эрик (1984 туған). Үйленіп қойған Трамп актриса Марла Мейплзбен бірге әдепсіз қарым-қатынасқа түсті де, Ивана мен Дональд 1990 жылы ажырасты. Трамп пен Мейплз 1993 жылы үйленіп, 1999 жылы ажырасты. Олардың бір Тиффани есімді қызы (1993 туған) бар, оны Мейплздің өзі Калифорнияда тәрбиелеген еді. 2005 жылы Трамп словениялық модель Меланья Кнауссқа үйленді. Олардың бір Баррон есімді ұлы (2006 туған) бар.
Діні 1970 жылдары Трамптың әке-шешесі мүшелері болды. 2015 жылы шіркеу Дональдтың шіркеу істеріне белсене қатыспайтынын айтқан. 2020 жылы Трамп өзін «конфессиялық емес христиан» деді.
Денсаулығы Трамп сөзінше, ол өмірінде алкоголь ішіп, темекі және есірткі шегіп көрмеген. Ол күніне тек 4–5 сағаттай ұйықтайды. Ол гольф ойнауды өзінің «жаттығуының бастысы» деп атады, бірақ оның әдетте гольф алаңында бір жерден басқа жерге барғанда жаяу жүрмейтіні белгілі. Ол адам денесін «энергия батареясы» ретінде көреді де, жаттығуды «энергияны босқа өткізу» дейді. 2015 жылы Трамптың сайлауалды кампаниясы Трамптың біраз жыл бойы қызмет еткен жеке дәрігері Гарольд Борнштейнның хатын жариялады, ол жерде Трамп сайланса, ол «АҚШ тарихындағы дені ең сау президент» болады деп жазылған. 2018 жылы Борнштейн хатта жазылғанды Трамптың өз ойынан шығарғанын және Трамптың үш агентінің 2017 жылы Трамп денсаулығы жайлы деректердің жойып кеткенін айтқан.
Байлығы нобай|оңға|Трамп (оң жақтың шетінде) пен әйелі Ивананың және АҚШ президенті Рональд Рейган мен әйелі Нэнси Рейганның король Фаһд әл Сауд жасаған кешіне келуі, 1985 жыл
1982 жылы Трамп өз отбасының 200 миллион долларға бағаланған таза құнының үлесіне (2023 жылы 631 миллион долларға баламалы) ие болғаны үшін Forbesтің ең бай адамдардың алғашқы тізіміне кірді. 1980 жылдардағы ақша жоғалтуы оны 1990 және 1995 жылдар аралығындағы тізімнен алып тастады. 2015 жылғы шілдеде АҚШ федералдық сайлау комиссиясына (ФСК) міндетті есебін тапсырғаннан кейін Трамп шамамен $10 миллиард таза құнының бар екенін айтты. ФСК жариялаған жазбалар Трамптың активтерде кемінде 1.4 миллиард долларының және 265 миллион долларлы міндеттеменің бар болғанын көрсетті.
Forbes оның таза байлығы 2015 және 2018 жылдар аралығында 1.4 миллиард долларға төмендегенін бағалады. 2024 жылғы миллиардерлер рейтингінде Трамптың байлығы 2.3 миллиард долларға бағаланған (әлемде 1438-орында).
Трамп өзінің мансабын әкесінен «миллион долларлық шағын несие алып» бастағанын және оны бірнеше пайыз қоса қайтарғанын жиі айтқан. Ол сегіз жасында миллионер болды, әкесінен кемінде 60 миллион доллар қарыз алды, бұл қарызды кейін өтей алмағанына қарамастан кейін әкесінің компаниясынан тағы 413 миллион доллар (2018 жылғы инфляцияға қарай түзетілген) алған. 2018 жылы оның отбасымен бірге салықтық алаяқтық жасағаны хабарланып, Нью-Йорк штатының салық және қаржы департаменті тергеу бастады.
Бизнестегі мансабы Жылжымайтын мүлкі нобай|оңға|160px|Манхэттендегі Trump Tower (Трамп мұнарасы)
1968 жылдан бастап Трамп әкесінің Trump Management атты жылжымайтын мүлік компаниясында жұмыс істеген еді. Бұл компания Нью-Йорк қаласының сыртқы аудандарында сегрегацияланған орта таптың жалға берілетін тұрғын үйіне ие болған еді. 1971 жылы ол компанияның президенті болды және оған басшылық ететін қолшатыр брендіне The Trump Organization компаниясын айналдырды. 1991 және 2009 жылдар аралығында Трамп өзінің алты бизнесінде банкроттық жариялады, соның ішінде Манхэттендегі Плаза қонақ үйі, Атлантик Сити, Нью-Джерсидегі казинолары және Trump Hotels & Casino Resorts компаниясы болды.
1978 жылы Трамп өз отбасының Манхэттендегі алғашқы кәсіпорнын бастауымен Нью-Йорк орталық возкалына іргелес, қаңырап қалған Commodore қонақ үйін жөндеумен жұртшылықтың назарын аударды. Қаржыландыруға жауапты болғандар арасында әкесі ұйымдастырған 400 миллион долларлық қалалық мүлік салығы және Hyatt компаниясының әкесімен бірге 70 миллион долларлық банктік құрылыс несиесіне кепілдігі болды. Қонақ үй 1980 жылы Grand Hyatt қонақ үйі ретінде қайта ашылды, және сол жылы Трамп Манхэттеннің орталығындағы аралас нысандағы Трамп мұнарасын салу құқығын алды. Ғимаратта The Trump Organizaton штаб-пәтері және Трамптың сайлауалды кеңсесі орналасқан. 2019 жылға дейін бұл ғимарат, оған қоса, Трамптың негізгі резиденциясы болды.
1988 жылы Трамп Plaza қонақ үйін он алты банктен тұратын консорциумнан несиеге сатып алды. Қонақ үй 1992 жылы банкроттықтан қорғау алу өтінішін жасады. Бір айдан кейін қайта ұйымдастыру жоспары бекітілді де, банктер бұл мүлікті өз бақылауына алды.
Атлантик Сити казинолары нобай|оңға|Трамп Тәж Махалы ойын-сауық орталығы, Атлантик Сити
1984 жылы Трамп атты қонақ үй мен казиноны ашты, ол үшін ол Holiday Corporation компаниясынан қаржыландыру мен басқару көмегін алды. Бұл бизнес жолы тиімсіз болып шықты да, Трамп 1986 жылғы мамырда Holiday корпорациясына 70 миллион доллар төлеп, бизнесті өз бақылауына алды. 1985 жылы Трамп ашылмаған Atlantic City Hilton Hotel қонақ үйін сатып алып, оны Трамп сарайы (Trump Castle) деп атады. Екі казино да 1992 жылы банкроттықтан қорғауға өтініш берді.
Трамп 1988 жылы Атлантик Ситидегі үшінші кәсіпорын болған Трамп Тәж Махалын сатып алды. Ол $675 миллион ақшамен қаржыландырылды және 1990 жылғы сәуірде $1.1 миллиардқа ашылды. Трамп 1991 жылы банкроттықтан қорғауға өтініш берді. Қайта құрылымдау туралы келісімнің ережелеріне сәйкес, Трамп өзінің бастапқы үлесінің жартысынан бас тартты және болашақ жұмысының сәттілігіне жеке кепілдік берді. 900 миллион долларлық жеке қарызын азайту үшін ол Trump Shuttle әуе компаниясын, мегаяхтасын және басқа да бизнестерін сатты.
1995 жылы Трамп Trump Hotels & Casino Resorts (THCR) негізін қалады. Бұл компания бірден Trump Plaza-ның иесі болды. 1996 жылы THCR Тәж Махал ойын-сауық орталығын және Трамп сарайын сатып алды да, 2004 және 2009 жылдары банкроттық жариялады, нәтижесінде Трамп бұл бизнестің тек 10 пайызын ғана иеленіп кетті. Ол бұл бизнестің төрағасы ретінде 2009 жылға дейін болды.
Клубтары 1985 жылы Трамп Палм-Бич, Флоридада болған Мар-а-Лаго үйін сатып алды. 1995 жылы ол бұл үйді жеке клубқа айналдырды, бірақ үйдің бір бөлігі Трамптың жеке резиденциясы болып қала берді. Трамп 2019 жылы клубты өзінің басты резиденциясы қылды да, 2021 жылы сол қаланың ресми тұрғыны болды. The Trump Organization 1999 жылы гольф алаңдарын салуды, олардан сауда жасауды бастады. Дәл қазір ол 14 гольф алаңын иеленеді.
Трамп брендін лицензиялауы