Шақшам - қазақ халқының Ұлы жүз құрамындағы ру.
Шағатай ұлысы, Моғолстан хандығы
Шыңғыс хан 1206 жылы Алтай тауы күңгей бетіндегі найман Бұйрық ханның еліне қалың қолмен аттанды. Бұйрық хан бұрын Шыңғыс ханнан жеңілген Таян ханның ұлы болатын. Тұтқиылдан тиген сұрапыл шабуылға тап болған Бұйрық хан жеңіліп тұтқынға түсті. Оның інісі Күшлік хан қанды қырғыннан құтылып шыққан адамдарымен бірге Бесбалық атырабына 1208 жылы келді. Осындағы жауынгер халықтар арасындағы шақшамдармен жараса алмай алғашқыда бірнеше қақтығыс болғанымен, соңынан олар тіл табысып одақтас болды.
Сонымен Күшлік хан Бесбалық, Еміл, Қойлық өңіріне қоныс аударған тайпалармен бірге шақшамдарды қосып, ат-көлік жинап күшейіп алып, үкімет билігін тартып алуға қарманды. Ол 1212 жылы Батыс Лиау патшалығында билікті қолына алды.
Шыңғыс хан 1218 жылы Жебе ноян бастаған жиырма мың әскерді Таян ханның ұлы Күшлікке қарсы аттандырды. Жебе ноян келісімен дін бостандығын жариялап, әрбір адамның ықтият бостандығы болады және әркім өз ата-бабаларының діни әдет-ғұрыптарын сақтауға ерікті деді. Бұл саясатты мұсылмандыққа өткен жергілікті тайпалар, әсіресе шақшамдар қызу қолдап қарсы алды. Олардың қолдауымен Жебе ноян тез арада Күшлікті тұтқындап, ұзамай оны өлім жазасына кесті.
Шыңғыс ханның қарулы күштері қатарына өз еріктерімен шақшамдар да кірді.
Әлемді тітіренткен жиһангер Шыңғыс ханның қасында, он мың сайлауыттан сараланған кешігіне, шақшамнан шыққан ержүрек жауынгер Бұғыбек 1219 жылы жетекші болып тағайындалды.
Бұғыбек қолбасшылық қызметін мыңбасыдан бастап, одан түмен басы дәрежесіне көтерілді, ал соңынан Бату хан бастаған батыс жорығында қаза тапқан.
Сөйтіп Жоңғария мен Жетісу өңіріндегі түркі тектес тайпалармен бірге шақшамдар өз еріктерімен Шыңғыс хан патшалығы құрамына 1221 жылы қосылды. Ежелден бері Іле алқабы мен Жетісу, Шу өңірін мекендеген үйсін, дулат тағы басқа тайпалармен бірге шақшамдар, Шағатай хандығы құрамына кірді. Шағатай хандығы ыдыраған соң, одан бөлініп шыққан Моғолстанға бағынды. Біраз уақыт бейбітшілік заман орнап тыныштық тапқан шақшамдар, басқа тайпалармен бірге көшіп-қонып, көп елмен еркін араласып , қыз алысып, құдаласып отырды. Шағатай ұлысы 14 ғасырдың ортасына қарай өз ішінен дербес екі иелікке – шығыс және батыс бөлікке айырылды. Шығыс бөліктің билігі іс жүзінде Дулат тайпасының әмірі Болатшының қолында болды, себебі Моғолстан хандығығының әскери және әкімшілік билігі Дулат әмірлерінің қолына өткен еді. Көне Батыс түрік қағанаты басшылары Дулу-дулат тобынан шыққаны туралы тарихтан мәлім. Моғолстан мемлекетінің негізгі халқы түркі тілдес тайпалар- дулат, уйсін, шақшам, қаңлы, керей, арғын, барын, барлас, шымыр, сіргелі т.б.құралды. Осы аталған тайпалар 14 ғасырда моғол тайпалары деп аталғанымен, олардың ұлты нағыз қазақ болған, ал бірақ мемлекет, соңынан пайда болған Қазақ хандығы құрамына кіргенше, Моғолстан аталды.
Сол кезде Қамариден Дулатидың қарамағына өткен шақшамдар Шу өзені бойын, Іле алқабынан Тарбағатай тауына дейінгі жерлерде көшіп-қонып жүрді.
Әйгілі жиһангер Ақсақ Әмір Темір 1371 жылы Моғолстанға шапқыншылық жасап, халықты ауыр апатқа ұшыратты. Басқа тайпалар сияқты шақшамдардың шаруашылығы бүлініп, мал басы кеміп кетті. Барлық қазақ атаулы көшпенді тайпалар Әмір Темірге қарсы күрес жүргізіп, Моғолстанның ерікті елдігін ерлікпен қорғады.
Атақты көсем, әрі тайпа басшысы, шақшамнан шыққан қолбасшы Майемген батыр басқыншыларға қарсы соғыста көптеген ерліктер жасап, бірегей әскери дарындылығының арқасында ұлы қолбасшы екенін елге танытты. Майемгеннің есімі ұлы бабамыз Бақтияр (Бахадыр дулу- Байдулы ) есімімен қатар тайпалық ұранға айналды. Бұдан кейін шақшамдар жауға Бақтияр, Майемген деп ұрандап шабатын болды. Майемген секілді ел үшін еңіреген ерлердің арқасында, 1399 жылы барлық әскер күші жауға қарсы жұмылып, халықтар ауыр апаттан құтылып, Моғолстанның тәуелсіздігі сақталып қалынды.
Жоңғармен болған алғашқы ұрыстарға қатысқан түркі тектес тайпалардың (қазақтардың) арасында, шақшамнан шыққан Майемгеннің немересі, ерекше ерліктер жасап елге белілі болған нағыз қас жауынгер Рыскелді еді.
Рыскелді өліспей беріспейтін, жаудың талай сарбаздарын ат жалын құштырған, тамаша сайыскер, жекпе жектің майталманы болатын. Ол жекпе жекке шыққан ондаған жоңғар сарбазын найзаға түйреп аттан ұшырып, жер жастандырған екен.
Сонымен қатар Бахадыр Дулу хан Батыс түркілердің қиыр шығысында орналасқан Баркөл маңындағы Бесбалық қаласын астана санайтын шатоларға ерекше көңіл бөліп, қамқоршы болды. Оның ең сенімді ержүрек оққағар сарбаздары шатолардан іріктеліп алынып, олардан каған арнайы қиын да, аса қауыпты жорықтар жүргізуге бейімделген әскери жасағын құрған. Сондықтан шатолар Бахадыр Дулу ханды өздерінің көсемі деп санады және қағанды 631 жылы дұшпандар қолынан қаза тапқанға дейін барынша қолдап келді.
Қағанаттың негізін құрған көшпелі тайпалар арасында ауызбіршілік болмағандықтан, қағанға қарсы шыққандардың арандатуымен, 631 жылы бүкіл Батыс өлкеге жайылған нушубилердің көтерілісі басталды. Таққа таласқан Түрік ханзадалары көтеріліске шыққандарды қолдап кеткендіктен Бахадыр Дулу хан ең сенімді оқ қағарлары шатолармен бірге қарсыластармен жүре соғысып, кағанаттың шығысына кетуге мәжбүр болды. Сенімді тайпалар шуйюе, шуми және шатолардан құралған қаған әскерлері, мықтап бекініп тойтарыс беру үшін Алтай тауының баурайына беттегенде, нушубилердің жансызы жасырын түрде ханның Шығыс Жетісудағы көшпелі ордасына еніп, Бахадыр Дулу (Байдулыны) кағанды опасыздықпен өлтірді. Әкелеріндей болған, жанашыр көсемі Бахадыр Дулу қағаннан айырылған шатолар 631 жылдың соңында Баркөл көлінің батысындағы тайпамен аттас Оңтүстік Жоңғария алқабындағы кең байтақ Шато жазығына орналасты (Шато кең жазығы солардың атымен аталған). Алтай тауы (Алтын тау ) мен Тянь Шань ( Аспанға үлескен тау) тауларының ортасына орналасқан кең жазық Шато шақшам жазығы деп аталған және олардың саяси орталығы Бешбалық (қытайша Бэйтинь ) қаласы болған .
Уақыт өте келе шато тайпасының кейінгі ұрпақтары өздерінің атақты ел басшысы әрі көсемі Бахадыр Дулу ханды яғни Байдулуды түпкі ататегіміз деп кетті. Заманында ерекше қамқорлыққа алып, тайпаның мүддесін барынша қорғағандықтан, шақшамдар Байдулуды жақын тартып бабамыз деп есептейтін болды. Сонымен, сол заманда ел басшысы болып, тайпалар мен рулар қауымдастығын басқарған, ал соңынан каған болған Байдулу шежіреде шақшамның әкесі болып көрсетілетін болды .
Осы сияқты жағдайлар туралы тарихшы ғалым Ә. Қоңыратбаев: «Қазақ феодалдары өздерін ру басы санап, есімдерін ұранға шығарған» - деп жазған .
Сондықтан Байдулу ұлы жүз құрамындағы белді тайпалардың бірі, өзі басқарған әрі қамқоршысы болған шақшам тайпасының түп атасы есебінде саналып кетті яғни өзінен көптеген ғасырлар бұрын пайда болған тайпа енді одан тараған ұрпақ саналатын болды.
Халқымыз ондаған ғасырлар бойында сақтап бізге жеткізген шежіре мәліметтерінде (Меркіден табылған тері кітаптың көшірмесіне сәйкес) Байдулудың төрт ұлы болыпты. Олардың есімдері Шақа, Шашақты, Шапшақбай және Шақшамбай. Алдыңғы үлкен үш ұлы өте жас кездерінде қайтыс болған. Жалғыз қалған кіші ұлын әкесі еркелетіп Шақшамым деп атаған дейді аңыз- әңгімеде.
Шақшамдар түбі сақтар мен ғұндар батысқа ауғанда Жетісу мен Жоңғарияда қалып қойып, соңынан Үйсін бірлестігіне кірген рулардан қалыптасқан. Олар өздерінің шыққан түп тамырларын жақсы білген. Шақшамды үйсін бірлестігіне кірме деп көрсетуге шежіреде негіз болған пікір осы жағдайға қатысты пайда болған болуы керек. Қараша бидің үлкен ұлы Бахадыр дулудың қысқаша өмірбаяны Ұлы жүз шежіресіндегі және көрнекті жазушылардың шығармаларында көрсеткен Байдулу бабаны сүреттеген бейнесіне сәйкес келеді, ал есімі Бахадыр Дулудың қысқартылған нұсқасы. Тарихи деректерде оның өмір сүрген жылдары, жүрген ортасы, жау қолынан қаза тапқан аймағы шежіре мәліметтеріне, негізінен ұйқасады .
Арада жүздеген жылдар өткен соң ұлы баба Байдулы есімі Бақтияр (Бахадыр) түрінде шақшам елімен бірге ұлы жүз халықтарының ұранына айналды.
Халық жазушысы Еркінбек Тұрысов «Бәйдібек» атты тарихи хикаятында Байдулы бабамыз Шығыс Жетісудағы Қаракөл өзенінің бойында дүниеден өтіпті дейді. Ұрпақтары қалың найманның мың сан азаматымен бірге даланың қара қира тасынан бабаның үстіне биік оба тұрғызған. Алыстан қара тартып көрінетін сол оба, сол мола ел ішінде Қараша бидің баласы- Байдулудың моласы- Қарамола атанып кеткен деп баяндайды. Қазақ хандығы тұсында
Қазақ хандығының негізгі мекені 1465-1466 жылдары батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді. Керей мен Жәнібекті алдарынан шығып, қошеметпен қарсы алған тайпа көсемдері арасында, сол кезде үш аталықтан тұратын шақшам тайпасының ел басшылары – құрметті ақсақалдар Баймұрат, Бекмұрат және Саймұрат билер болатын.
Ақ орда (Өзбек ұлысы) Әбілқайыр хан жақында құрылған қазақ хандығын өзіне қаратпақ болып 1468 жылғы қыста Жетісуға жорыққа аттанды. Қазақ тайпалары бірігіп қарсы шыққан жорыққа тайпа көсемі Сүйіндік бастаған шақшам қолы да қатысқан. Әбілқайыр ханның сапары сәтсіз болып, ол жорық жолында қаза тапты. Бұдан соң ел ішінде аз уақытқа береке орнағандай болды. Сондықтан тоқтаусыз қырқыстар мен аласапырандардан адам саны көп азайып қалған шақшамдар, белі бекемденіп, беделі мен күш қуатын осы кезеңде арттырды. Қасым хан кезінде, 1511-1523 жылдары Жетісу жерінің дені Шу, Талас, Іле өзендері алаптарында көшіп қонып жүрген шақшамдар тұған өлкеде көшіп қыстап, жайлап арыстап жүрген. Мамыражай, бейқұт заман 12 жылға созылған. Көп жыл ұрыс көрмеген шақшамдар көршілерімен ежелгідей ерулік берісіп, құда түсіп, құйрық бауыр асасып, жағасы жайлау, етегі қыстау болған дейді. Осы бейбітшілік заманда шақшамдар арасында әділ көсемдік танытып, даналығымен белгілі болған Жаңабай бидің атағы қазақтарға кең тараған. Жаңабай би аса көрегендіктің арқасында басқа тайпалармен арадағы қатынастарды жақсартып, шақшамдардың мүддесін шеберлікпен қорғай білді. Ол бейбіт өмірді ұзақ жылдар сақтап тұруға бар күшін салған. Сондықтан 1501- 1599 жылдар арасында, бейбіт өмірдің арқасында, шақшам тайпасында жанұялар саны 10 мыңға жетіпті. Бұл аралықта шақшамдар саны көбейіп, екі қауым ел болып бекіген.
Екі қауымды басқарған елге қадірлі билер Әсет пен Қосет және соңынан олардың кейінгі ұрпақтары болды. Олардың жүргізген бейбіт саясатының арқасында бұл жылдары шақшамдар өсіп-өніп, қарулы күштері көбейіп, соғысқа дайындық өнерлері дами түсіп, әлеуметтік жағдайлары жақсарған. Еңсесі көтерілген шақшамдар, көрші отырықшы елдерден өнеге алып, мал шарушылығымен қатар егінмен де айналыса бастады. Шақшам ауылдары кәсібінің арқауы мал болды және бұйым жасау өрістеді. Ол заманда тері илеу, өрмек, кілем тоқу, киіз басу сияқты, өз шаруасына керектінің бәрін бабаларымыз өздері істеген.
Ондаған жылдар өткен соң қазақтар мен ойрат тайпаларының арасында 1635 жылдан бастап қарулы қақтығыстар күшейе түсті. Мал шаруашылығы үшін көшпенді екі халық көшіп қонатын жерлерді кеңейтуі керек болды. Сонымен Тәуке ханның ұлы Болат хан тұсында, 1718 жылдың көктемінде, Аягөз өзені бойында қазақ жасақтары мен жоңғар әскерлерінің арасында қырғын соғыс болды. Ескі қорған шығысында, кішірек тау етегінде үш күндік қантөгіске айналған, қатты кескілес ұрыс болған. Сол кезде қазақ хандарының ауызбіршілігі болмағандықтан ұрыс қазақтар үшін сәтсіз аяқталды.
Бөлшектенген бытыраңқы хандар мен сұлтандар жауға қарсы күш біріктіре алмай жеңілді. Ержүрек жауынгер Нарбота бастаған шақшамдардың шағын қолы үш күндік қантөгіске қатысып жан аямай соғысты, бірақ қазақтар оңбай жеңілгендіктен, жауынгерлер шығыны көп болды. Есіл ер Нарбота қаптаған жаудың қоршауында қалып, дұшпанның атқан садақ оғы өкпесін тесіп, осы шайқаста көз жұмған. «Ақ табан шұбырынды» қасіреті