Мүсілім Балтабайұлы Әмзе (23 қаңтар 1977 жыл, Келес ауданы, Түркістан облысы) — қазақстандық танымал дирижер, педагог, өнертанушы ғалым. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының докторы (PhD), қауымдастырылған профессор. Қазақстан композиторлар одағының мүшесі (2017 жылдан бастап).

Өмірбаяны Мүсілім Әмзе 1977 жылы 23 қаңтарда Түркістан облысы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы), Келес ауданында дүниеге келген. Балалық шағында Т. Бигелдинов атындағы орта мектепте оқи жүріп, Абай ауылындағы балалар музыка мектебінің домбыра класын тамамдаған. 1995 жылы Кызылорда музыкалық училищесін бітірген соң, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына оқуға түседі. 2000 жылы консерваторияның халық аспаптары факультетін «Домбыра» мамандығы және оркестр факультетін «Контрабас» мамандығы бойынша қатар аяқтап шығады. Дирижерлік өнерге деген құштарлықпен ол білімін жалғастырып, 2010 жылы консерваторияны «Опера-симфониялық дирижерлеу» мамандығы бойынша тәмамдайды. Кейін белгілі маэстро, КСРО халық әртісі, профессор Базарғали Жаманбаевтың сыныбында докторантура мен магистратура бағдарламаларын сәтті бітіріп, дирижерлеу мамандығы бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алды.

Шығармашылық жолы мен қызметі Мүсілім Әмзе еліміздің ең белді музыкалық ұжымдарында жемісті еңбек етті: 2008 жылдан бастап — Н. Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері. 2009 жылдан бастап — Т. Әбдірашев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің дирижері қызметін атқарды. Халықаралық тәжірибе: Ол Израильдің Ашдод симфониялық оркестрінде (2008, маэстро Ваг Папянның жетекшілігімен), Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясында (2009) және Германиядағы «Мюнхен Симфоникер» (2017) оркестрінде Георг Фритштің шеберлік сыныптарынан өтіп, біліктілігін арттырған.

Маэстро Қазақстан өнерін халықаралық деңгейде танытып, Қытай, Түркия, Израиль, Ресей, Украина, Оңтүстік Корея, Үндістан, Жапония (Токионың «Персимон-Холл» сахнасында) және Италия елдерінде гастрольдік сапарлармен өнер көрсеткен.

Еліміздің оңтүстік өңірінде академиялық музыканы дамыту мақсатында Қызылорда облысына шақырту алып, жаңадан құрылған Қызылорда облыстық симфоникалық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері қызметіне тағайындалды. Оның жетекшілігімен аймақта алғаш рет А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсы сахналанды.

Ғылыми және редакторлық қызметі Мүсілім Әмзе тек дирижер ғана емес, қазақтың дәстүрлі музыкалық мұрасын зерттеуші ғалым ретінде де танымал. Ол: «Мәңгілік сарын» домбыра күйлері антологиясының; «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» жинағының; Фирдоусидің «Шаһнама» эпосының қазақша нұсқасының музыкалық жинағын құрастырушылардың бірі.. «Қазақстанның музыкалық мұрасы» және «Қазақстан этностарының музыкалық мұрасы» антологияларының музыкалық редакторы болып табылады

Қазіргі уақытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасында қауымдастырылған профессор қызметін қоса атқарып, жас мамандарды тәрбиелеуде.

Марапаттары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағы. М. Төлебаев атындағы республикалық жас орындаушылар мен дирижерлер конкурсының «Алтын таяқша» лауреаты.. Н. Тілендиев атындағы І Халықаралық дирижерлер конкурсының дипломанты

Дереккөздер

Санат:Қазақстан дирижерлері Санат:Өнертанушылар Санат:Қазақстан дирижерлері Санат:Домбырашылар