Ырғызбай Досқанаұлы, Ырғызбай әулие (1787, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы Қапанбұлақ станциясының маңы, Қарақия тауы – 1850, Тарбағатай ауданы, Күмісті бастауы) — Найман руының Қыржы-Мәмбетқұл бөлімінен шыққан Орта жүзге белгілі халық емшісі, әулие, көріпкел, ел билеушісі.

Өмірбаяны Ырғызбай жасынан шипалы шөптерді пайдалана отырып, талайдың дертін жазып емдеген. Ол аурулардың тамырын ұстап, алақанына, тырнағына, бет-әлпетіне қарап аурудың түрін ажыратып, шипалы тамыр-шөптерден дәрі-дәрмекті өзі дайындаған. Сондай-ақ қолмен сылап-сипау арқылы да ем-дом жасаған және көріпкелдік қасиеті де үлкен болған. Ол алыстан қиналып келе жатқан науқасты күні бұрын болжаған, сырқаттарды ақысыз-пұлсыз емдеп, ауқаттылардың берген дүниесін, пұлын жетім-жесірлерге, кедей-кепшіктерге үлестірген.

Ел аузында Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Ырғызбай арнайы шақырумен Шыңғыстауға барып, белгілі би Құнанбай Өскенбайұлын емдеп, асқынған ауру-шешек дертінен жазған. Атақты айтыс дүлдүлі, ақын Түбекті де емдеп, жараларынан жазған деген дерек бар. Ырғызбайдың баласы Кенжалы би, немересі Әбсейіт болыс болған.

Мазары Ұрпақтарының қатысуымен 1990 жылы Ырғызбай басына күмбезді мазар тұрғызылып, әр түрлі рәсімдерді өткізуге арналған арнайы орын салынды. Ырғызбай әулиенің жатқан жері киелі орын болып есептеліп, қазірде көп адам басына барып тағзым етеді.Смағұлов Т., Найман Мәмбетқұл және Ырғызбай әулие әулеттері, Сем., 2005. Мемориалдық кешенді күтіп-баптау, зияратшыларды қабылдау және басқа да жұмыстарды 2001 жылдан бастап Тағабаев Болат Құнанбайұлы басқарып келеді. Ырғызбай Досқанаұлының кесенесін қалпына келтіру және зияратшыларға арналған үй салу жұмыстары 1990 жылғы 7 қазанда басталып, 22 қазанда аяқталған. Сол кезде кесененің сыртқы қабырғалары силикат кірпішпен қапталған. Баделхан Қамалханұлының қолдауымен кесене 2014 жылы қайта қалпына келтірілді. Қалпына келтіру жұмыстарының идеялық авторы ретінде Баделхан Қамалханұлы жұмысқа белсенді қатысты. Мемориалдық кешеннің негізгі құрылыс материалы ретінде қызыл және жасыл гранит тастары пайдаланылған. Гранит тастары Баянауыл өңірінен, шамамен 1100 шақырым қашықтықтан жеткізілген. Кесене Сырдария өңіріне тән сәулет дәстүрі негізінде екі кіреберіс камералы етіп салынған. Соңғы қалпына келтіру жұмыстары барысында өңделген тікбұрышты гранит тастар пайдаланылған. Кесененің жалпы өлшемі – 6,5 × 6,4 м. Кесене күмбезді-кескінді, екі камералы құрылымнан тұрады. Оның бұрыштары негізгі бағыттарға сәйкес орналасқан. Қабір камерасына кіреберіс оңтүстік жағынан жасалған. Алдыңғы камераның шығыс және батыс қабырғаларында үшбұрышты терезелер орналасқан. Алдыңғы камераның өлшемі – 2,8 × 2,0 м, ал саркофагтың өлшемі – 3,0 × 1,2 м. «Әулие-Ырғызбай» деген жазуы бар қызыл мәрмәрден жасалған маңдайшаның биіктігі шамамен 3,4 м. Қабырғалардың биіктігі – 3 м. Алдыңғы екі мұнараның биіктігі – 3,7 м, артқы екі мұнараның биіктігі – 2,4 м. Кесененің күмбез төбесіндегі айшықты қоса есептегендегі жалпы биіктігі – 9,2 м. Кесене сырты түрлі түсті тас қаптамалармен безендірілген. Ғимараттың төменгі бөлігі жасыл гранитпен қапталған.

Мазар тарихы Халық аңыздарына сәйкес, Ырғызбай Досқанаұлы өмірінің соңғы сәттерін сезіп, ұрпақтарына аманат қалдырған. Ол: «Мазарым осы жерде болсын, күлімді Кіндіктіге апармаңдар, мені сол төбеге жерлеңдер», – деп, өзі жерленетін биік төбені көрсеткен. Қазіргі мемориалдық кешен сол жерде орналасқан. Сондай-ақ әулие: «Мені тас сарафанда жерлеңдер. Мазар үстіне қабір құрылыстарын тұрғызбаңдар, бұл болашақ ұрпаққа жүктелген міндет», – деп өсиет айтқан деседі. ХХ ғасырдың басында қадірлі ақсақал Шыныбай Жәнібекұлы түсінде қасиетті Ырғызбай атаны көріп, одан: «Мазарым қоршалмаған», – деген сөз естіген. Бұл жағдайды Ырғызбай атаның кесенесін тұрғызуға берілген белгі деп қабылдаған Шыныбай Жәнібекұлы әулиенің еркіне бағынып, мазарды тастан тұрғызған. Кейін, 1975 жылы құрметті ақсақал Тағабаев-Құнанбай Ырғызбай Досқанаұлының мазарына зират тасын өз қолымен орнатқан.

Дереккөздер

Санат:1787 жылы туғандар Санат:Шығыс Қазақстан облысында туғандар Санат:1850 жылы қайтыс болғандар Санат:Халық емшілері