Алла Елшін (фр. Alla Ilchun; 1926 жылғы 10 желтоқсан, Харбин - 1989 жылғы 6 наурыз, Париж) - қазақ текті аңызға айналған париждік манекенші, Кристиан Диордың музасы, жоғары сән тарихындағы алғашқы азиялық модель. 1947 жылдан бастап Christian Dior сән үйінде жұмыс істеді, ал кутюрье қайтыс болғаннан кейін Ив Сен-Лоранмен жұмыс істеп, сән көрсетілімдеріне қатысты. Алла Елшін Кристиан Диормен шығармашылық серіктестікте 1940–1960 жылдардағы сән индустриясының дамуына елеулі ықпал етті. Оның бейнесі мен шығармашылық жолы халықаралық сән басылымдарында кеңінен көрініс тапты.

Өмірбаянын зерттеу және қалпына келтіру тарихы Алла Елшіннің өмір жолы мен тұлғасы туралы толық мəліметтер жұртшылыққа Берлин Иришев пен оның Франциядағы Қазақстандықтар Қауымдастығы (AKF) командасының зерттеу жұмыстарының нəтижесінде кеңінен таныла бастады. Зерттеу барысында оның өмірі мен мансабына қатысты деректер, соның ішінде архивтік материалдар, сирек фотосуреттер, сұхбаттар жəне ұлы Марк де Дюльменнің отбасылық архивіндегі құжаттар жинақталды.

Берлин Иришевтің айтуынша, зерттеу жұмыстары жеті жылға созылып, AKF мүшелері мен əртүрлі елдерден қатысқан энтузиастардың ынтымақтастығы арқасында жүзеге асырылды. Сонымен қатар жобаға Dior сəн үйінің Dior Héritage бөлімі жəне Алла Елшінді жеке таныған адамдар қолдау көрсетті.

Алла Елшіннің өмірбаянын зерттеудің басталуына Париждегі Монсо паркінде өткен антикварлық көрмеде «Бейтаныс əйел» портретін сатып алу себеп болды. Аталған картинаны Берлин Иришевтің сатып алуы AKF тарапынан жүргізілген кейінгі зерттеулердің басталуына себеп болды. Бұл зерттеулердің мақсаты Алла Елшіннің өмірбаянын қалпына келтіру жəне құжаттау болды.

Зерттеу барысында жиналған материалдар бұрын фрагментті түрде сақталған өмірбаяндық деректерді жүйелеуге мүмкіндік берді. Атқарылған жұмыстың нəтижесінде 2020 жылы «Алла — Восточная Жемчужина Dior» атты деректі фильм түсірілді. Фильм Бас продюсер Берлин Иришевтің ұлдары - Азамат, Алмаз жəне Аланның қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды.

Өмірбаяны

Ерте жылдары Алла Елшін 1926 жылғы 10 желтоқсанда Харбинде (Қытай) теміржол инженері Қуантхан Елшін мен опера əншісі Тамара Михайлова отбасында дүниеге келді. Ол орыс-қазақ аралас отбасынан шыққан: анасы орыс, əкесі қазақ болған. Алланың əкесі Қуантхан Елшін Верный қаласында (қазіргі Алматы) туған. Бұл қала сол кезеңде Түркістан өлкесінің құрамына кірген. Алланың анасы, Петербург тумасы Тамара Михайлова, көрнекті вокалдық қабілетімен ерекшеленіп, фортепианода ойнаған жəне қызының музыкалық тəрбиесіне ерте жастан көңіл бөлген.

Аймақтағы саяси өзгерістер мен Маньчжуриядағы тұрақсыздық отбасы тағдырына тікелей əсер етті. 1936 жылы жапон интервенциясы кезеңінде отбасы Харбиннен Шанхайға қоныс аударды. Кейін Қуантхан Елшін жұбайы мен қызын норвегиялық жолаушылар кемесіне отырғызып, Парижге жіберді.

Қуантхан Елшіннің кейінгі өмірі туралы мəліметтер шектеулі. Оның Қытай-Шығыс теміржолының басқару құрылымында экономикалық бөлім бойынша қызмет атқарғаны белгілі. Кейбір деректерге сəйкес, отбасын Парижге аттандырғаннан кейін ол Қытайда қалып, Шанхай маңындағы əскери институтта орыс тілі кафедрасын басқарған.

Ұзақ əрі күрделі сапардан кейін Алла мен Тамара Парижге қоныстанды. Париж Алла Елшіннің тұлғалық жəне кəсіби қалыптасуында маңызды орын алды. Францияға көшкен соң Тамара Михайлова музыкалық білімін жалғастырып, Париж консерваториясын тəмамдады, бұл отбасының француз астанасының мəдени жəне көркем ортасына бейімделуіне ықпал етті. Алла интеллектуалдық жəне шығармашылық ортада өсіп, еуропалық мəдениетпен ерте танысты, бұл оның кейінгі өмір жолы мен кəсіби бейнесінің қалыптасуына əсер етті.

Қазақ тегі thumb|right|200px|Алла Алла Елшіннің қазақ тегі туралы мәліметтер оның өмірі мен мансабына арналған бірқатар зерттеулер мен биографиялық еңбектерде көрініс тапқан. Оның шығу тегі жөніндегі деректер сән тарихшыларының жарияланымдарында, биографиялық зерттеулерде және отбасы мүшелерінің куәліктерінде келтіріледі. Олардың қатарында Эммануэль Босктың мақаласы (L’Officiel, 2017), сән тарихшысы Александр Васильевтің материалдары, жазушы Жан-Ноэль Лионың кітабы (1996), сондай-ақ ұлы Марк де Дюльменнің куәліктері бар.

Берлин Иришевтің кітабы үшін арнайы жазылған мақалада сән тарихшысы Александр Васильев былай деп атап өтеді:«Ол орыс және қазақ секілді екі ұлы халықтың мақтанышы әрі сүйсінуіне әбден лайық.»Сол мәтінде ол нақтылай түседі:«Әкесі жағынан ол жартылай қазақ, анасы жағынан жартылай орыс болды. Екі мәдениеттің тоғысуы әлемге есімі жоғары сән тарихына мәңгілікке енген дарынды модельді сыйлады.»

Dior сəн үйіндегі мансабы

Dior сəн үйіндегі қызметінің басталуы Францияға қоныс аударғаннан кейін Алла Елшіннің өмірі оңай болған жоқ. Анасы Тамара Михайлова Париждегі кабарелердің бірінде əн айтып, күн көріп, жиі гастрольдік сапарларға шығып тұрған. Осы кезеңде Алла көбіне жалғыз қалып, балалық шағындағы құрбысы Элен жəне оның отбасымен көп уақыт өткізді.

Бұл жылдар соғыс кезеңімен тұспа-тұс келді. Кейін Алла Париж мейрамханаларының бірінде ыдыс жуушы болып жұмыс істеді. Оның өміріндегі шешуші бетбұрыс 1947 жылы орын алып, кездейсоқ жағдайлармен байланысты болды. Алла Елшін жас кутюрье Кристиан Диордың сəн үйіндегі кастингке іріктеуге қатысу үшін емес, шақырту алған құрбысын қолдау мақсатында келген. Сəн үйінің дəлізінде күтіп отырған сəтте ол Кристиан Диордың назарын аударды.

Алла киіп көру бөлмесіне шақырылып, оған көйлек кигізілді, бас киім тағылды, макияж жасалып, кейін залға шығарылды. Диор оның сымбаты мен шамамен 47 сантиметр болған жіңішке беліне тəнті болып, оны дефилеге қатысуға шақырды. Көп ұзамай Алла Елшін Диордың негізгі музаларының біріне айналды.

Осылайша, Алла Елшін Dior сəн үйі құрылғаннан кейін көп өтпей манекеншілердің негізгі құрамына енді. Осы кезеңнен бастап оның кəсіби модельдік мансабы басталып, ол париждік жоғары сəн тарихындағы алғашқы азиялық модель əрі келесі онжылдықтағы Dior көрсетілімдерінің маңызды тұлғасына айналды.

Dior сəн үйіндегі рөлі Кристиан Диор өзінің Christian Dior et moi атты мемуарында Алла Елшін туралы былай деп жазған:«Сахнада асқақ әрі әрдайым аздап құпия болып көрінетін манекенші көрермен назарын баурай білуі тиіс. Дәл осы театрлық әсерлі болмысы мен айқын харизмасы үшін мен Алланы таңдадым. Ол — өз ісіне табиғи бейімділігі бар сирек манекеншілердің бірі. Алла жартылай орыс болғанымен, оның келбетінен Шығыстың барша жұмбағы мен тылсымын аңғаруға болады.»Алла Елшін Dior сән үйінің манекеншілері арасында тез арада маңызды орынға ие болып, ұзақ жылдар бойы көрсетілімдердің негізгі тұлғаларының қатарында болды. 1940-жылдардың соңынан бастап оның фотосуреттері Франциядағы және халықаралық сән басылымдарында тұрақты жарияланып отырды. Оның бейнесі Франция, Ұлыбритания, АҚШ, Бразилия, Жапония және Австралия журналдарында көрініс тапты. Еуропалық мүсін мен азиялық бет-пішіннің үйлесімі Dior сән үйінің айрықша визуалдық белгілерінің біріне айналды.

Алла Елшін қатысқан топтамалар елеулі коммерциялық табысқа жетті. Ол сән көрсетілімдерінде көрсеткен үлгілерді Марлен Дитрих секілді танымал актрисалар, сондай-ақ монархиялық әулеттер мен жоғары қоғам өкілдері, соның ішінде ханшайым Маргарет пен Элизабет Тейлор сатып алған.

Фредерик Миттеран Christian Dior, La France (2018) атты деректі фильмінде Алла Елшінді былай сипаттаған:«Ол — азиялық манекеншілер арасындағы мақтанышпен аталған алғашқы тұлғалардың бірі. Құдды ара ұясындағыдай, ол — ханшайым... Ол аз сөйлейді, бірақ барлық тілде сөйлей алатындай әсер қалдырады. Салмақты, құпиялы, сабырлы. Егер онымен қақтығыс іздемесе, сенімді дос.»2017 жылы L’Officiel журналы Эммануэль Босктың «Кристиан Диордың музалары - олар кімдер?» атты мақаласын жариялады. Мақалада былай деп атап өтілді:«Олардың есімдері Алла, Лаки, Пралин, Таня, Рене еді. Олар Кристиан Диор “перілер” деп атаған, оның талисман-манекеншілері әрі мәңгілік музаларының қатарында болды. Алғашқылардың бірі Алла Елшін биік бет сүйектерімен, сирек кездесетін әсем күлкісімен және қарындашпен сызылған айқын “мысық көздерімен” ерекшеленді... Оның жартылай славян, жартылай азиялық келбеті орыс анасы мен қазақ әкесінен дарыған. Ол басқа манекеншіні алмастыру үшін келген сәтте-ақ кутюрье оны бірден таңдады - назар тарту қабілеті үшін... Тұйық әрі жұмбақ болмысымен, Парижге ажырамас серігіне айналған иті арқылы кеңінен танылған Алла сән үйінде екі онжылдықтан астам уақыт еңбек етті. Ол өзінің подиумдағы ұстамды әрі сабырлы жүрісімен Кристиан Диорды ғана емес, оның ізбасарларын да тәнті етті.»Замандастары Алла Елшіннің жоғары кəсіби деңгейін ерекше атап өтті. Оның айрықша қырларының бірі - алты тілді (ағылшын, француз, неміс, итальян, испан жəне орыс тілдерін) еркін меңгеруі болды. Ол сəн көрсетілімдерінде киімдерді көрсетуімен қатар, олардың пішімі, тігілу ерекшеліктері жəне сəн үрдістері туралы да түсініктеме бере алған.

Кейінірек Алла Елшін Еуропада көзге сызылатын айқын сызықтар сəнінің таралуымен байланыстырылып, «мысық көздері» стилінің қалыптасуына ықпал еткен тұлға ретінде аталды.

Алла Елшін Кристиан Диордың ең сүйікті әрі жоғары бағаланған модельдерінің бірі ретінде танылды. Берлин Иришевтің айтуынша, ол ұлы кутюрьенің музасы ғана емес, сонымен қатар «New Look» стилінің символы мен айрықша келбетіне айналды. Алла Елшін подиумға бұрын еуропалық сәнде сирек кездескен айқын бет-пішін, нәзік сымбат және келісті осанка үйлесімін алып келді.

Оның подиумдағы бейнесін дене бітімінің ерекшеліктері толықтырды: Алла Елшіннің белі шамамен 47 сантиметрді құраған және модельдік мансабы барысында небәрі екі сантиметрге жуық қана өзгерген.

Сән тарихын зерттеушілер былай деп атап өткен:«Жиналған фотосуреттерге көз жүгіртіп, оның жоғары сән туындыларын қандай әсемдікпен алып жүргенін көргенде, Кристиан Диордың оны не себепті музасы етіп таңдағаны түсінікті болады.»1957 жылы Кристиан Диордың кенеттен қайтыс болуынан кейін Алла Елшін модельдік мансабын жалғастырып, Ив Сен-Лоранның туындыларын подиумда ұсынды. Ол шамамен тағы он жыл бойы подиумда өнер көрсетіп, кейін есейген шағында белсенді мансабын аяқтады және саналы түрде көпшілік назарынан әрі сұхбаттардан бас тартты.

Жеке өмірі 1953 жылы Алла Елшін поляк фотографы Майк де Дюльменге (Mieczysław Antoni Józst de Dulmen) тұрмысқа шықты. Майк де Дюльмен граф дворяндық титулына ие болып, саяси жəне экономикалық ғылымдар докторы дəрежесін алған. Неке қиылғаннан кейін Алла Елшін графиня титулын иеленді.

Бұл некеде ұлы Марк де Дюльмен дүниеге келді. Ерлі-зайыптылар 1961 жылы ажырасқан. 1980 жылы Алла Елшін фотограф Игорь Мухинмен екінші рет некеге тұрды.

Кейінгі жылдары 1967 жылы Алла Елшін белсенді модельдік мансабын аяқтады. Кейінгі жылдары ол жабық өмір салтын ұстанып, сұхбаттардан бас тартты және көпшілік алдына сирек шықты.

1987 жылы Dior сән үйінің 40 жылдығына орай Алла Елшін соңғы рет сән көрсетіліміне қатысты.

Алла Елшін 1989 жылғы 6 наурызда Парижде жүрек талмасынан 63 жасында қайтыс болды. Оның бүкіл өміріндегі кәсіби қызметі жоғары сән подиумдарында әйел сұлулығының идеалын бейнелеумен тығыз байланысты болды.

Алла Елшіннің жерлеу рәсімі 1989 жылғы 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні өтті. Бұл дата кейін зерттеушілер мен замандастары тарапынан оның бейнесі мен әйелдік және сән тарихына қосқан үлесімен символдық тұрғыда сабақтас күн ретінде аталды.

Мәдениеттегі бейнесі Алла Елшін жоғары сән саласында Еуропада кең халықаралық танымалдыққа ие болған азиялық келбеттегі алғашқы модель ретінде мойындалды. Мәдени және тарихи тұрғыда ол Кристиан Диордың музасы әрі символдық тұлғасы ретінде сипатталып, соғыстан кейінгі еуропалық сәндегі әйелдік жаңа бейненің қалыптасуымен байланыстырылды.