Естай Беркімбайұлы мазары – Павлодар облысының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген қала құрылысы және сәулет ескерткіші.

Орналасқан жері Ақтоғай ауданы, Мүткенов ауылынан оңтүстікке қарай 4 км жерде.

Кезеңі, авторы Мазар 1946 жылы тұрғызылған.

Тарихи деректер Естай Беркімбайұлы (1868-1946) – танымал композитор, Қазақ КСР Еңбегі сіңген өнер қайраткері (1939), әнші, төкпе ақын, Қазақстан Композиторлар кеңесі алғашқы мүшелерінің бірі (1939). Оның есімі алтын әріптермен қазақ музыка мәдениетінің тарихына жазылған. "Сандуғаш", "Юран", "Дүние-ай", "Жай қоңыр", "Наз қоңыр", "Майда қоңыр", "Еркем", т.б. өлеңдері бай интонациялық нақыштарымен ерекшеленеді. Бірақ музыкалық дарынының ең биік шыңы болып саналатыны – "Қорлан" деген туындысы. Осы әнмен мынандай бір әңгіме байланысты: жас кезінде Естай ақын он алты жасар Қорлан есімді сұлу қызды көріп, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айрылады. Қыз да өжет балаға ғашық болады. Олар бір-біріне ғашық болады, бірақ маңдайларына бірге болу жазбаған екен. Қорлан – өктем байдың қызына басқа біреу құда түседі, қыз әкесіне қарсылық көрсете алмайды. Естай сонда қызды алып қашып кетпекші болып шешеді. Бірақ бұл туралы қыздың ағайындары біліп қойып, олардың арманы орындалмай қалады. Қорлан мен Естай бір-бірінен мәңгілікке айрылады. Жігіттің қолында махаббаттарының куәсі болып Қорлан сыйға тартқан күміс сақина қалады. Естай ақын Қорланды өмір бойы сүйіп өтеді, сақинаны да жанынан бір елі тастамайды.

Мазар сипаты Халық композиторының моласында күмбезді кірпішті ескерткіш орнатылады. Ақ пен сары кірпіш түстерінің кереғарлығы аспанға ұмтылған қырлы күмбезді құрылыстың архитектоникасын күшейтеді. Кірпіштің нәзік қалануы ескерткіштің сәндік құрылымын ерекшелеп көрсетеді. Кесененің беттік қырында қуысында атақты ақынның барельефті суреті, сондай-ақ төменгі жағында эпитафия мен лираның, домбыраның суреті мен оюлы мотивтер орналасты.Қазақстанның тарихи-мәдени нысандарының және жаппай зиярат ету орындарының альбомы/ ; ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ; [жоба авторы Т. Бекбергенов ; бас ред. А. Р. Хазбулатов]... – Астана : [б. ж.], 2018. - 495 б., суретті; . – Библиогр.: 490 б. . – 100 дана – ISBN 978-9961-23-485-9

Дереккөздер

Санат:Павлодар облысының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Павлодар облысы сәулеті