thumb|right|250px|Құмкешу қонысының жалпы көрінісі. Құмкешу-Қожай тұрақтары – Қостанай облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енген археологиялық ескерткіш.

Орналасқан жері Амангелді ауданы, Құмкешу ауылының оңтүстiк-батыс шетiнде; ауылдан шығысқа қарай 3 км; солтүстік-шығысқа қарай 3 км; оңтүстік-батысқа қарай 0,7 км жерлерде орналасқан.

Кезеңі Біздің заманымзға дейінгі ІІІ мыңжылдық.

Зерттеу нәтижесі Терсек мәдениетінің ең ірі екі нысаны – Қожай мен Құмкешу жерінен үш мыңнан астам қазбалар кездесіп, біздің тарихымыздың алғашқы тұсында адамдар немен, қалай өмір сүргендерін білуге мүмкіндік берді. Мәселен, энеолит дәуірі адамының үйі қандай, немен жабдықталды? Осы сұраққа жауап беру үшін 26 тұрғын үй зерттелді. Олар бір-біріне қатынасы жағынан барынша тығыз және жер қабатына тереңдей батып орналасқан. Қожай тұрғын үйлерінің бұрыштары дөңгелек тік бұрышты және дөңгелек формалы екі типі болды. Ең үлкенінің кеңдігі – жүз шаршы м-дей, кейбіреуінің қосымша шаруашылықтық құрылыстары бірге салынған. Құмкешудегі тұрғын үй біраз басқашалау – бір камералы, дәліз түріндегі шығар есігі бар дөңгелек үй және екі камералы, бір-бірімен байланысқан сияқты екі шеңберленген бөлме. Терсектіктер өз үйінің төбесін тал бұтақтарын тізіп салу арқылы жеңілдетіп жапты. Оның үсті мал терілерімен, қамыспен немесе шөппен бастырылды. Мұндай үйлердің жер бетіне көтеріліп шығып тұрған керегесі жоқ деуге де болады. Олар аласа ғана қабырға бұтақтармен тұрғызылып, сыртынан қандай да бір материалмен қапталды немесе топырақтан құйылды. Жабындының шеттері қазылған шұңқырдың сыртқы жиегіне жатқызылды, бұлайша тұрғызылған баспана жер үйді көзге елестетеді. Жер үйлерде әртүрлі шаруашылық қажеттіліктер үшін шұңқырлар, ойықтар қазылған. Үлкен күлдік пен ошақтың болмауы, құрылысының жеңілдеп ағаштан жасалуы және мәдени қабатының едәуір тығыздығы (Қожайда бір шаршы метрден 300 олжа кездесті) қоныстың жазғы сипатын көрсетті. Бұдан басқа үй жануарлары сүйектерінің ішінен осы жерді жазда ғана мекендейтін жабайы аңдардың сүйектері табылды. Қожайдан шыққан өсімдік-жәндік-тозаң диаграммаларын талдау терсектіктер бұл қонысқа ағаш бүр ашқан ерте көктемде келіп қоныстанғанын көрсетеді. Олар мұнда, Торғай даласына, негізінен Сырдария өңіріндегі қыстауларынан келген. Оны Ортаазиялық қос өзен аралығы қонысының қыш ыдыстарын еске түсіретін ыдыстардың қазбалары куәландырады. Алайда терсектіктер басқа да – бағана құрылымды, төбесі берік үйлер тұрғызған. Тұздыкөл қонысының қазаншұңқырындағы үйлерден жиі жағылған оттың ізі табылған. Мұндай құрылыс қыс кезінде тұруға арналған.

Археологиялық олжалар Қоныстар археологиялық олжаларға өте бай. Олардың ішіндегі ең жиі кездесетіндері тастан, сүйектен, қыштан және қоладан жасалған еңбек құралдары болды. Мәселен, ағаш өңдейтін аспап табылды. Бұл түсінікті де – ағаш үй тұрғызу үшін қажет еді. Жебе ұштықтары, пышақтар аңшының сенімді серігі болды. Тері өңдеу ісі болғаны теріні әрлеуге арналған қырнауыш, тескіш, тегістеуіш құралдардан көрінеді. Саздан ыдыстар жасауға арналған аспаптар молынан кездеседі. Әрлегіштер де аз емес – тас, сүйек және металл құралдарды қырнауға, тегістеуге, ұштауға арналған заттар табылды. Сүйекті үшкірлеу мен тесу тері бұйымдарын тігуге пайдаланылды. Сүйек таяқшалар тоқуға қолданылды. Ал қыш құралдар өзінің қолданылуы жағынан кең өріс алды. Қыш сынықтарынан жасалған керме терсектіктер арасында алғашқы тоқымашылық дағдылары қалыптасқанын көрсетеді. Өзен бойында тұрып оларға балық аулау шаруашылығы таныс болған, оны Құмкешуден табылған саздан жасалған қалтқы көрсетіп отыр. Энеолит дәуірі алғашқы металл құралдарының пайда болуымен сипатталады, бірақ мыстан жасалған бұйымдар әзірше тым аз еді. Археологиялық олжалардың арасында құралдар мен шаруашылық заттарына жатпайтын нәрселер де кездеседі. Олардың ішінде жылқы мен құланның өрнектелген тұяқтары болды. Археолог М. П. Грязнов оларды алтайлықтардың қорғаушы-рухтарының бейнелерімен салыстыра келіп, шағын пұттар деп атады. Терсектіктер де тұяқтарды ойып өрнектей отырып, адам денесін еске түсіретіндей тұрпат бере отырып, оған киелі мағына дарытып, салт-жоралармен үйлестірген. Көне заман адамдарына әсемдік сезімі жат болған жоқ. Сәндік бұйымдар жиынтығы тастан, ұлу қабыршағынан жасалған салпыншақтардан тұрады. Тас және ұлу моншақтары болғаны белгілі.

Ыдыстар Ертедегі қауымның күнделікті өмірінің бөлінбес бір бөлігі – ыдыстар тұрмыс қажеттері болғанымен, олар басқа салт-жораларға да пайдаланылады. Сонан кейінгі қыш – бұл "археологиялық мәдениет" түсінігінің аса маңызды сипаттарының бірі. Қожайдан табылған көптеген қыш қалдықтарынан 572, Құмкешуден 658 ыдыс қалпына келтірілді. Әрбір қоныстың көзешілері қыш құмыра жасаудың тек өздеріне ғана тән саз илеу тәсілін өмірге әкелді. Терсектік ыдыстар далалық энеолит дәстүрін жалғастыра отырып, форма түзудің бір ғана идеясын ұстанды: қыш ыдыстың бүйірі әртүрлі мөлшерде шығарылады, түбі сүйір немесе дөңгеленіп келді. Мұндай ыдысты тіктеп қоюға келмеді, оны тек жерді шұқырлап, соған тігінен шаншып қоятын болған. Ыдыстар тіс немесе ирек жіп түріндегі өрнектермен безендірілген. Алайда басып түсірілген (батырылған), жонып түсірілген, кесіп, сызып түсірілген өрнектер де кездеседі. Өрнек композицияларының сарыны әртүрлі геометриялық денелер түрінде көрінеді. Өрнексіз ыдыстар да болды. Құмкешу қонысынан табылған бір ыдыс қалдығына суда жүзіп жүрген құс бейнесі салынған. Мүмкін, бұл Жердің жаратушы күші үйрек деп есептелген мифтік түсінікті өрнекке айналдырудан туған болар. Бізге дейін жеткен қыш өрнектері терсектік тұрғындардың сыртқы дүниемен байланысын көрсетеді. Торғай иінінің солтүстік бөлігінің ескерткіштеріне еуразия даласының шығыстағы және солтүстіктегі көршілерімен (ботайлық, липчиндік, аяттық көне ескерткіштермен) байланысы тән. Оңтүстік бөлігінің ыдыс ескерткіштері өрнегінде Орта Азияның егіншілікке қатысты ескерткіштерімен ұқсастық бары білінеді.

Шаруашылық сипаты Қоныстардың шаруашылық қызметі мен олардың экономикасы остеологиялық коллекциялар, яғни жануарлар сүйектері негізінде көрінеді. Мәселен, Қожай қонысынан шыққан ондаған мың сүйектердің арасынан жылқы, сиыр, құлан, киік, бұлан, елік, түлкі, қарсақ, қасқыр, ит, суыр, күзен және басқа да ұсақ жыртқыш сүйектерінің қалдығы болды. Құстардан аққу, тырна сүйектері кездесті. Жануарлар сүйегінің көбі жабайы аңдарға тиесілі болды, олардың сүйегі аңшылықтың нәтижесінде пайда болған. Алайда сүйектердің басым бөлігін құрайтын жылқы мен сиырдың сүйегі аңшылықпен қатар малшылықтың дамығандығын көрсетеді. Және де бұл жерде өндірісті экономикада қай жануарлар – үй жануарлары ма әлде аңдар басым болды ма деген сұрақ туады. Сөйтіп, қоныстың экономикасында малшылық негізгі, аңшылық қосымша рөл атқарған. Көшпелі өмір салты мен оның жартылай көшпелі нұсқасы арасында пәлендей елеулі айырмашылық жоқ деуге болады. Олардың ішінде, мысалы, қыста тұруға арналмаған және күлдіктерінен жабайы аңдардың сүйектері табылуы – бұл жазғы жайлаудың тіршілік көрінісі екенін байқатады. Тұтас алғанда, терсек материалдарының тарихи мәні – онда көшпеліліктің негізгі үш белгісі бар: экономикада басты рөлді малшылық атқарған, оның экстенсивтік сипаты осы, халықтың негізгі бөлігі малымен бірге үнемі көшіп отырған. Осының бәрі дәл сол кезде, энеолит дәуірінде жайылымдық - көшпелі жүйе (дәстүрлі көш жолдары мен маусымдық жайылым) қалыптаса бастаған, бұл көптеген ғасырлардағы даланың өзіне ғана тән экономикалық дамуын анықтап берді.АЛТАЙДАН КАСПИЙГЕ ДЕЙІН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ,ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ МЕН КӨРНЕКТІ ОРЫНДАРЫНЫҢ АТЛАСЫ. 3 томдық. Алматы. 2011. 1 т.–584 б., карталар, суреттер. ISBN 978-601-280-215-3, ISBN 978-601-280-216-0

Табылған заттар

Дереккөздер

Санат:Қостанай облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Қазақстан археологиялық ескерткіштері Санат:Қостанай облысы