Жолбарыс би кесенесі – Жетісу облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген сәулет өнері ескерткіші.
Орналасқан жері Қаратал ауданы Кәлпе ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 0,3 км жерде орналасқан.
Тарихи деректер, аңыздар Жолбарыс батыр (1671–1761) – XVIII ғасырда қазақтардың жоңғар шапқыншылығына қарсы соғысына қатысқан қазақ батыры, би. Ұлы жүздің жалайыр тайпасының күшік руынан тарайды. Жолбарыс жалайырлардың атақты байы Жылқыайдардың отбасында дүниеге келген. Аңыз бойынша Жолбарыс бидің анасы жүкті кезінде ерекше түс көреді. Түсінде үйіне бір қария келіп баланың атын Жолбарыс қой деп аян береді. Бала туылғанда арқасында мөр сияқты қалы болады. Халық оны Жаратушының белгісі деп түсінеді. Оны ешкім атымен атамай Жолбарыс – Шұбар ата деп атап кеткен. Оның сәуегейлік қасиеті болады, елін жоңғарлардан қорғауда Ескелді, Балпық, Қабылиса билермен бірге жүрген. Тарихи деректерде қазақ-орыс қатынастарының дамуына үлкен үлес қосқандығы жөнінде айтылады.
Кесене сипаты 1996 жылы салынған Жолбарыс батыр кесенесі Орта Азия дәстүріне тән порталды-күмбез түріне жатады, оның орталық сфералы күмбезі мен екі жағындағы мұнараларында көлемі кіші қосымша екі күмбезі бар. Кесененің биік іргетасы алты бұрышты болып келген. Кесененің қабырғасы силикат кірпіштен салынып, еденіне мәрмәр тас төселген. Жалпы көлемі – 8х7,5 м, биіктігі – 8 м. Нысанның киелілігі Жолбарыс батырдың жоңғар шапқыншылығына шайқасқандығымен байланыстырылады.Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7
Дереккөздер
Санат:Жетісу облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Жетісу облысы сәулеті Санат:Қазақстан кесенелері