Сеңкібай батыр мазары – Қарағанды облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген XIX ғасыр сәулет өнері ескерткіші, киелі нысан.
Орналасқан жері Шет ауданы, Талды ауылынан шығысқа қарай 7 км жерде, Талды өзенінің оң жағалауында орналасқан.
Сеңкібай батыр Оразғұлұлы (1709-1786 жж.) – Алакөл, Бұланты, Аңырақай шайқастарына қатысқан Сарыарқаның белгілі батырларының бірі. Сеңкібай өз әскерлерімен Қанжығалы қарт Бөгенбайдың қасына ілесіп, жауға шауып ел аузында жаттанды тақпақтай болып қалыптасқан Арқаның алыптарының ішінде осы Сеңкібай батыр да "Қарашора – Сеңкібай" деп аталады. Батыр Қарашор руынан шыққан.
Кесене сипаты Мазар 1980 жылдардан бастап бірнеше рет жаңартылады. Қазіргі мазардың дөңгелек, күмбезді қабырғасы стандартты кірпіштен қаланған. Маңында ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басында салынған қорым орналасқан. Келушілерге арнап салынған үй де осы мазар жанында. Мазардан 30 км жерде республикалық және халықаралық маңызы бар Алматы–Астана–Екатеринбург автожолы өтеді. Мазар орналасқан Талдынұра өзенінің бойында қола, ерте темір, орта ғасырлар дәуірлерінің ескерткіштері көптеп кездеседі. Қаражартас қорымының қатарында беғазы-дәндібай мәдениетіне жататын ірі тастан жасалған мазар зерттелді. Сақ кезеңіне жататын кейбір "патша обаларының" диаметрлері – 35-40 м, биіктіктері 3-4 м болады. Қазіргі таңда бұл жерде арнайы тарихи-археологиялық саябақ, шағын қорық жасау мәселесі туындап отыр.Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7
Дереккөздер
Санат:Қазақстан кесенелері Санат:Қарағанды облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Қарағанды облысы сәулеті