Шахарістан қамалы мен мұнаралары — Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген сәулет өнері ескерткіші. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің шығыс бөлігінде орналасқан ортағасырлық қорғаныс-архитектуралық құрылыс. Ескерткіштің тарихы ХV–ХІХ ғасырларды қамтиды.
Жалпы сипаттама Қамал-қорған ХІХ ғасырдың І-жартысында тұрғызылған. Тарихи деректер бойынша көне қала үш бөліктен тұрған: Цитадель, Шахарістан және Рабад. Бұл мәліметтер археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелерімен дәлелденген. Қазіргі таңда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның айналасындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің панорамалық көріністерін жаппас үшін қамалдың тек іргесі ғана қалпына келтірілген. Шахарістан қамалының табаны қазіргі қала мен ортағасырлық Түркістанның арасындағы шекара іспетті көрініс тапқан.«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты тарихи-мәдени ескерткіштер»: жинақ / «Service Press» баспасы, 184 б. Алматы 2025 ж. 149 бет. - ISBN 978-601-7316-24-2
Қаланың даму кезеңдері Бірінші кезең Ясы-Күлтөбе қаласы кезеңі. Бұл уақытта қаланың шахарістаны 2 гектар, цитаделі 0,6 гектар шамасында болған. Рабадын қоса есептегенде қала аумағы 10 гектарға жуық. Қала б.з.д. ІІІ ғасырда қалыптасып, ХІV ғасырдың соңына дейін осы деңгейге жеткен.
Екінші кезең Кесене қайта салынған ХІV ғасырдан ХVІІІ ғасырдың соңына дейін созылған. Бұл тұста қаланың көлемі 36 гектарға жетіп, екі цитаделі (4 га және 1,3 га) және 32 гектарлық шахарістаны болған. Шахарістанның солтүстік-батысында 3 қақпа, оңтүстік-шығысында 3 қақпа, цитадельдің солтүстік-шығысы мен оңтүстік-батысында бір-бір қақпа орналасқан. Рабад аймағы өте үлкен болған.
Үшінші кезең Бұл кезеңде қосылған жерлер екінші кезеңдегі Ясы-Түркістанның рабадына тиесілі.
Бірінші кезеңдегі Ясы-Күлтөбенің қорған қамалының ұзындығы – 600 м Екінші кезеңдегі Ясы-Түркістанның қорған қамалы – 2 км Үшінші кезеңдегі Ескі Түркістан қамалы – 3,5 км
Шахарістанның жалпы көлемі 88,2 гектарды құраған.
Мұнаралар мен қорған жүйесі Ясы-Күлтөбе кезеңінің мұнаралары сақталмаған. Сол дәуірде әр 100 қадам (80 м) сайын бір мұнара салу қорғанысты қамтамасыз ету үшін жеткілікті деп есептелген. Садақ жебесінің тиімді қашықтығы 40–50 м болғандықтан, мұнаралар 80–100 метр аралығында тұрғызылған. Қалыңдығы 2–4 м болатын қорғандарда мұнаралардың арасы 100–280 метрге дейін созылған. Ескі Түркістан қорған қамалы бойында 11 мұнара, ал 4 қақпаның екі жағындағы мұнаралармен қоса есептегенде барлығы 19 мұнара болған. Цитадель қамалында 9 мұнара тұрғызылған, олардың барлығы 1843–1849 жылдары қоқандықтар тарапынан салынған. XVIII ғасырда қалада 9 қақпа болып, олардың алтауында қос мұнарадан (барлығы 12 мұнара) болған.
Қорған орлары Қамалдың сыртын екі кезеңде де су толтырылған ор қоршаған. Ордың тереңдігі 6–7 м, ені 10 м-ге дейін жеткен. Су Тастақ, Баулық және Дарбаза арықтары арқылы келіп тұрған.
Дереккөздер
Әдебиеттер Туякбаев М. Ясы-Культобе. Ески Туркестан // Историческая топография и развитие городов и поселений Туркестанского оазиса (XIII–XIX вв.) А.,2009. С.69–75; 76–102, 154–157; 158–178. Смағұлов Е., Тұяқбаев М. Түркістанның ортағасырлық тарихы. Түр.,1998. 51 бет.
Санат:Түркістан облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері