Барон Лайонел Натан де Ротшильд (; 22 қараша 1808, Лондон – 3 маусым 1879, Лондон) — британдық саяси және қоғам қайраткері, банкир, филантроп әрі коллекционер. Натан Майер Ротшильдтің тұңғыш ұлы. Ұлыбритания Қауымдар палатасына кірген христиан емес сенімдегі алғашқы депутат, сондай-ақ алғашқы британдық иудей-пэрдің әкесі.

Өмірбаяны Лайонел Натан де Ротшильд 1808 жылы Лондонда дүниеге келді. Ол Ротшильдтер әулетінің лондондық тармағының негізін қалаған Натан Майер Ротшильдтің (1777–1836) және Ханна Коэннің (1783–1850), Леви Барент Коэннің қызы, үлкен ұлы болды. Гёттинген университетін тәмамдаған.

1836 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін Лайонел Натан де Ротшильд Ротшильдтер әулетінің Лондондағы тармағының басына келіп, N M Rothschild & Sons банкінің жетекшісі болды және өз дәуіріндегі ең күрделі қаржылық операцияларды басқарды. 1847 жылы Ирландиядағы Ұлы ашаршылық кезінде, сондай-ақ Қырым соғысы барысында Ұлыбритания үкіметіне айрықша қызмет көрсетті; сол кезеңде ол Ұлыбританияға 16 миллион фунт стерлинг көлемінде қарыз берді. Ол 20 жыл бойы Ресейдің қаржылық агенті қызметін атқарды. 1871 жылы Франция үкіметіне, сондай-ақ Аустрия-Мажарстанға және Мысырға елеулі қаржылық көмек көрсетті. Қырық бес жылға жуық уақыт Лондондағы еврей қауымының басшысы болып, көптеген еврей қоғамдық және қайырымдылық ұйымдарының төрағасы әрі жетекші қайраткері қызметін атқарды. 1843 жылы сэр Мозес Монтефиоремен бірге Ресей мен Польшадағы еврейлердің мүддесін қорғау жолында жұмыс жүргізді, ал 1878 жылы Берлин конгресіне Румыниядағы еврейлердің жағдайына қатысты арнайы баянхат дайындады. Ол Ұлыбританиядағы еврейлерді эмансипациялау ісінің ең белсенді жақтастарының бірі болды.

1847 жылы Лайонел Натан де Ротшильд Лондоннан либерал ретінде Қауымдар палатасының мүшелігіне сайланды. Сол кезде премьер-министр Джон Рассел еврейлерді католик дінін ұстанатын тұлғаларға рұқсат етілген барлық мемлекеттік лауазымдарға жіберу туралы заң жобасын ұсынды. Бұл заң жобасы Қауымдар палатасынан өткеніне қарамастан, Жоғарғы палата оны қабылдамады, соның салдарынан Ротшильд парламент жұмысына қатыса алмады. Соған қарамастан, сайлаушылар оны екінші рет қайта сайлады, және 1849 жылы ол депутат болып танылғанымен, парламенттік ант мәтінінде «upon the true faith of a christian» деген сөздердің болуына байланысты ант беруден бас тартып, Қауымдар палатасының отырыстарына қатыса алмады. Ротшильдтің Қауымдар палатасына сайлануына байланысты сайлаушылар мен Жоғарғы палата арасындағы күрес бірнеше жылға созылды. Тек 1858 жылы ғана палата парламенттік анттың мәтінін өзгертуге тиіс арнаулы келісім комиссиясын құрды. Ротшильд осы комиссияның мүшесі болып сайланды. 1858 жылғы 28 шілдеде, 11 жылға созылған табанды күрестен кейін, Лайонел Натан де Ротшильд Қауымдар палатасына кіріп, дәстүрлі ант формуласының орнына «so help me Jehova» деген сөздерді айтып, басына қалпақ киіп ант берді. Ол 1874 жылға дейін, аз ғана үзіліспен, Қауымдар палатасының жұмысына қатысты; сол жылы либералдардың жалпы сайлауда жеңілуіне байланысты өзі де сайлаудан өте алмады.

Ол патшайым Викторияның жұбайымен және Бенджамин Дизраэлимен достық қарым-қатынаста болды. Дизраэлидің «Coningsby» романында ол Сидония бейнесі арқылы идеалдандырылған түрде сипатталған. Жалпыға ортақ пікір бойынша, Лайонел Натан де Ротшильд өзінің орасан зор табысының оннан бірінен астамын қайырымдылық істеріне тұрақты түрде жұмсаған.

Отбасы Лайонел Натан де Ротшильд Шарлотта фон Ротшильдке үйленген. Ол оның екі атадан тарайтын немере қарындасы болған (Неаполь тармағының басшысы Карл Майер фон Ротшильдтің қызы). Бұл некеден төмендегі балалар дүниеге келген: Леонора (1837–1911); жұбайы — барон Альфонс де Ротшильд (1827–1905), оның немере ағасы. Эвелина (1839–1866); жұбайы — барон Фердинанд де Ротшильд (1839–1898), оның немере ағасы. Натан (Натаниэль) Майер (1840–1915), 1-барон Ротшильд; жұбайы — Эмма Луиза де Ротшильд (1844–1935), оның немере қарындасы. Альфред (1842–1918), өнер туындыларының коллекционері. Леопольд (1845–1917), банкир; жұбайы — Мари Перуджа.

Ескертпелер

Дереккөздер

Санат:Ротшильд әулеті Санат:XIX ғасыр коллекционерлері Санат:Ұлыбритания коллекционерлері Санат:Ұлыбритания банкирлері Санат:Ұлыбритания парламентінің мүшелері (1847–1852) Санат:Ұлыбритания парламентінің мүшелері (1852–1857) Санат:Ұлыбритания парламентінің мүшелері (1857–1859) Санат:Ұлыбритания парламентінің мүшелері (1859–1865) Санат:Ұлыбритания парламентінің мүшелері (1865–1868) Санат:Ұлыбритания парламентінің мүшелері (1868–1874)