Мерал Акшенер (туылғанда тегі — Гюрер; 18 шілде 1956 туған) — түрік саясаткері, мұғалім, тарихшы және академик, «Жақсы партия» негізін қалаушы.
Акшенер алғаш рет 1995 және 1999 жылдардағы жалпы сайлауларда «Тура жол партиясы» атынан депутат болып парламентке өтті және 1996–1997 жылдары Нежметтин Ербакан құрған коалициялық үкіметте ішкі істер министрі қызметін атқарды. Коалициялық серіктесіне сенімсіздік танытып, 1997 жылғы әскери меморандум кезінде өз үкіметінің құлауында маңызды рөл атқарды.
Акшенер 2007, 2011 және 2015 жылғы маусымдағы жалпы сайлауларда Ұлтшыл қозғалыс партиясы атынан депутат болып парламентке сайланып, 2007–2015 жылдары Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Партия жетекшісі Девлет Бахчелиімен арадағы келіспеушіліктерден кейін 2015 жылғы қарашадағы сайлауға кандидат ретінде ұсынылмады. 2016 жылы партия ішінде Бахчелиге қарсы оппозициялық топты басқарды. 2017 жылы Ұлтшыл қозғалыс партиясынан шығып, өзі жетекшілік еткен «Жақсы партия» құрды. 2018 жылғы сайлауда партияның президенттікке кандидаты болды. Түркия саясатындағы маңызды оппозициялық тұлғалардың бірі ретінде танылып, халықаралық бақылаушылар тарапынан «темір ханым» деп аталды. 2024 жылғы жергілікті сайлауда партиясының жеңілісінен кейін лидерлік қызметінен кетіп, оның орнына Мусават Дервишоглу келді.
Өмірбаяны Мерал Акшенер 1956 жылғы 18 шілдеде Кожаэли провинциясының Измит қаласындағы Гюндоғду ауданында дүниеге келген. Әкесі Тахир Омер мен анасы Сыддыка — Македония мен Фракиядан шыққан балқан түріктері, олар 1923 жылы Грекиядан Түркияға қоныс аударған жүз мыңдаған адамдардың қатарында болған. Әкесінің әулеті бастапқыда Диярбакырдағы сирек кездесетін алеви түрікмен ауылдарының бірі — Бююккадыдан Балқанға қоныс аударған.
Ыстанбұл университетінде тарих мамандығын оқыды, кейін Мармара университетінің Әлеуметтік ғылымдар институтында аспирантураны аяқтап, тарих бойынша PhD дәрежесін алды. Саясатқа келмес бұрын Йылдыз техникалық университетінде, Коджаэли университетінде және Мармара университетінде оқытушы болып жұмыс істеді.
Дереккөздер
Сыртқы сілтемелер
Санат:Измитте туғандар Санат:Тура жол партиясы (Түркия) мүшелері Санат:Ұлтшы қозғалыс партиясы (Түркия) мүшелері Санат:Жақсы партия (Түркия) мүшелері Санат:Мармара университеті түлектері Санат:Ыстанбұл университеті түлектері Санат:Мармара университеті оқытушылары Санат:Түркия президенттігіне үміткерлер Санат:Түркия ішкі істер министрлері Санат:Саясаттағы Түркия әйелдері Санат:Түркия саяси партиялары жетекшілері