Зәкіржан Фурқат Халмұхаммедұлы (; 1858–1909) — өзбек ақыны әрі публицисі.
Фурқат («Айрылысу») лақап атын иемденген Зәкіржан Халмұхаммед 1858 жылы Қоқан қаласында ұсақ саудагер-қолөнершінің отбасында дүниеге келген. Ол алдымен мектепте, кейін медреседе білім алды. Сауда нүктесінде хатшы (приказчик) болып жұмыс істеді. 1889 жылы Фурқат Ташкентке көшіп келіп, Көкілташ медресесіне орналасады. Ақын Ташкентте екі жыл тұрды. Бұл кезең Фурқат шығармашылығындағы ең жемісті уақыт болды.
Оның өлеңдері — XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы өзбек лирикалық поэзиясының үздік үлгілері болып саналады. Ақын жазған көптеген ғазалдар халық әндері ретінде кеңінен танылды.
Фурқат өзбек ақындарының арасында алғашқылардың бірі болып публицистикамен айналысты. Ол орыс тілін үйренудің, орыс ғылымы мен техникасын меңгерудің қажеттілігі туралы жазды. Фурқат халықтың ағартушылық жолға түсуін, орыс тілі арқылы әлемдік мәдениетке бойлауды мақсат етті.
1891 жылы Фурқат Ташкенттен Самарқанға аттанып, онда жергілікті меценат Мырза Бұхаридің үйіне тоқтады. Кейін ақын Түркия, Грекия, Болгария және Мысырда болды. 1892 жылы Фурқат Арабияға, Меккеге сапар шекті. 1892 жылдың күзінде Бомбейге келіп, осы жерден Үндістан бойынша саяхатын бастады. Кашмир мен Қашқарда болды. Кейінірек Фурқат Қытайдың Шыңжаң провинциясына өтіп, Яркент қаласына тұрақтанды.
Шығармалары: «Гимназия», «Ғылым туралы», «Театр туралы», «Рояль», «Суворов», «Ақынның міндеті мен поэзияның асқақтығы туралы». Н. Гребневтің аудармасында: «Ташкент қаласында өткен музыкалық жиын туралы», «Ташкент қаласындағы көрме туралы», «Желге арнау».
Дереккөздер
Сілтемелер Зәкіржан Фурқат Халмұхаммедұлы (1858–1909)
Санат:Өзбекстан ақындары