ABBA — 1972 жылы Стокгольмде Агнета Фельтског, Бьорн Ульвеус, Бенни Андерссон және Анни-Фрид Лингстад құрған шведтік поп-музыкалық топ. Олар тарихтағы ең танымал және коммерциялық тұрғыдан ең табысты музыкалық ұжымдардың қатарына жатады.

1974 жылы ABBA «Waterloo» әнімен Швеция атынан Eurovision ән байқауында жеңіске жетті. 2005 жылы байқаудың 50 жылдық мерейтойын тойлау аясында бұл туынды сайыс тарихындағы ең үздік ән болып танылды. Танымалдылықтың шыңында топ екі некелі жұптан құралған еді: Фельтског пен Ульвеус және Лингстад пен Андерссон. Алайда даңқтары артқан сайын олардың жеке өмірлерінде қиындықтар туындап, соңында екі неке де ыдырады. Қарым-қатынастағы бұл өзгерістер топтың кейінгі шығармашылығында көрініс тауып, әндерінің мәтіндері мұңды әрі терең мағыналы бола бастады.

1982 жылғы желтоқсанында ABBA тобы таралғаннан кейін, Андерссон мен Ульвеус сахналық қойылымдар, мюзиклдер мен фильмдерге музыка жазып, табысты жолдарын жалғастырды, ал Фельтског пен Лингстад жеке мансаптарымен айналысты. Топ тарағаннан кейін он жыл өткен соң «ABBA Gold: Greatest Hits» хиттер жинағы жарық көріп, әлемдік бестселлерге айналды. 1999 жыл ABBA әндерінің желісімен «Mamma Mia!» сахналық мюзиклі дайындалып, әлемдік турнеге шықты.

ABBA бүкіл әлем бойынша 400 миллионнан астам үнтаспа сатып, поп-музыка тарихындағы ең табысты орындаушылардың біріне айналды. Олардың «Abba Gold: Greatest Hits» жинағы 2026 жылдың сәуір айындағы жағдай бойынша әлемнің 28-ден астам елінде 128 реттен астам платиналық мәртебе иеленіп, Ұлыбританияның үздік 100 альбом чартында рекордтық 1248 апта бойы тұрды.

ABBA — ағылшын тілді емес елдерден шығып, ағылшынтілді мемлекеттердің чарттарында тұрақты түрде көш бастаған алғашқы ұжым. Олар тарихтағы ең көп үнтаспасы сатылған швед тобы және құрлықтық Еуропадан шыққан ең табысты музыкалық жоба ретінде танылды. Сондай-ақ ABBA Латын Америкасында да зор табысқа жетіп, өздерінің басты хиттерін испан тілінде жазып шықты.

2016 жылы топ қайта бірігіп, цифрлық аватарлардың концерттік турын дайындауға кірісті. 2018 жылы олардың жаңа әндер жазғаны белгілі болды. Одан кейін 40 жылдық үзілістен кейінгі алғашқы жаңа туынды — «Voyage» альбомы 2021 жылдың 5 қарашасында жарық көріп, сыншылардың оң бағасына ие болды әрі жоғары сатылым көрсеткіштерін тіркеді. 2022 жылдың мамыр айында Лондонда арнайы салынған «ABBA Arena» сахнасында ABBA мүшелерін виртуалды аватар ретінде көрсететін «ABBA Voyage» концерттік резиденциясының ашылуы өтіп, ол әлем жұртшылығының үлкен қошеметіне бөленді.

Дискография Студиялық альбомдары 1973 — Ring Ring 1974 — Waterloo 1975 — ABBA 1976 — Arrival 1977 — The Album 1979 — Voulez-Vous 1980 — Super Trouper 1981 — The Visitors 2021 — Voyage

Турлары Концерттік турлары Swedish Folkpark Tour (1973) European Tour (1974—1975) European & Australian Tour (1977) ABBA: The Tour (1979—1980)

Концерттік резиденциялары ABBA Voyage (2022—2024)

Ескертпелер

Дереккөздер

Санат:ABBA Санат:Eurovision ән байқауының жеңімпаздары Санат:Eurovision ән байқауы 1974 қатысушылары Санат:Eurovision ән байқауындағы Швеция өкілдері Санат:Melodifestivalen жеңімпаздары Санат:Швеция поп-музыка топтары Санат:Швеция поп-рок топтары Санат:Музыкалық квартеттер Санат:Atlantic Records орындаушылары Санат:RCA Records орындаушылары Санат:Epic Records орындаушылары Санат:Еуродиско топтары Санат:1972 жылы құрылған музыкалық ұжымдар Санат:Стокгольмнен шыққан музыкалық топтар