Бекен Нұғыманұлы Теміров (02.10.1948) Семей қаласында дүниеге келген. Абай ауданы Саржал орта мектебінде оқып, Семейдің педагогикалық институтын (1970 ж.) үздік бітірген ұстаз-тарихшы, Алматы жоғарғы партия мектебінде (1982 ж.) оқыған саясаттанушы. Еңбек жолын жастардың облыстық комсомол ұйымынан бастап, әскери борышын өтеп келген соң Семедің педагогикалық институттың мұғалімі, обкомолдың бөлім меңгерушісі, қаладағы Калинин ауданы комсомол комитетінің 1-хатшысы, ҚКП облыстық партия комитетінің жауапты қызметкері, қаладағы Калинин ауаткомы төрағасының 1-ші орынбасары болып абыройлы еңбек етті. 1986-1991 жылдары Семей облыстық «Білім» қоғамының басшысы, 1991 жылдан қалалық әкімшіліктің аппарат жетекшісі, Әуезов ауданының әкімі, облыс әкімінің көмекшісі, 1995 жылы қала әкімінің 1-ші орынбасары, 1997 жылы облыс, қала әкімінің аппаратының жетекшісі қызметтерінде болды.

Бұл жылдар еңбек коллективтерінде, аудан, қала, облыс өмірінде мәдени-бұхаралық шаралардың ұлттық мазмұнын нығату, қазақ тілі өрісін кеңету, қоғамда демократиялық сананың орнығуымен, нарықтық қатынасқа көшумен сәйкес келген кезең еді. Осы тарихи дамудың қайнаған ортасында еңбек еткен Бекен Нұғыманұлы өзіне жүктелген міндеттерді ойдағыдай атқара білді.

2009-2016 жылдары Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры қызметінде болып, еңбек ұжымымен бірлесе отырып, музей ісін заманауи талаптарға сай жаңа деңгейге көтерді.

Өлке тарихы, алаш қозғалысы мен алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметі тақырыптарында жиырмаға тарта ғылыми-зерттеу мақалалардың авторы, «Ауылымның тарихы-елімнің тарихы» сериясында көлемді «Саржал», «Жылқайдар» атты деректі шығармалардың және «Туған жерге ту тіккендер» жинағының авторы.