Қаба сөзі - моңғол тілінен аударғанда ағыны қатты көп су тамшылары бар дегенді білдіреді. Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданында Қаба атымен аталатын бес өзен бар, осы аймақты Қаба өңірі деп атайды.
Сипаттамасы Қытай мемлекетінде Алтай аймағына қарасты Қаба деген аудан бар, ауданның атауы да осы Қаба өзеніне байланысты қойылған. Қаба дегенді негізінде бір ғана өзен емес, Қара Ертіске құятын тұтас өзендердің жүйесі деп түсіну керек. Бұл өзендердің ең негізгісі - шығыстағы мемлекеттік шекараны құрайтын Аққаба өзені, ол басын Бұқтырма өзені ағып шығатын мұздықтардан алып, солтүстіктен оңтүстікке қарай ағады. Аққабаның сол жақ саласы Нарынқаба Қытай жерінде болса, оң жақ саласы Темірқаба біздің елде. Аққабаның бастау алар тұсынан әлдеқайда батысқа қарай, Алтай жотасының оңтүстік беткейінен Қарақаба өзені басталып, батыс бағытта ағып, оңтүстікке қарай кілт бұрылады. Жетікезең жотасына жете бірте-бірте шығысқа қарай бұрылып жарты шеңбер жасайды. Одан әрі Қарақаба Жаманқаба (Жаманқаба өзені бертінірек Сорвенок деп аталып, карталарда осы атаумен атлуда) өзенімен қосылып, тура шығысқа қарай бет түзейді. Содан кейін Арасанқабамен қосылып оңтүстікке қарай аласа жотаның жанымен ағады, одан әрі Аққаба өзенімен қосылғаннан кейін Қытай жерінде Қаба өзені деп аталады. Бүкіл бұл аумақ бірнеше таулармен кесілген, бұл өзендердің ирелеңдей ағыуына әсер етеді.
Қаба өңірінде Төсқайың, Балықтыбұлақ және Шанағаты деп аталатын үш жазық алқап бар. Төсқайың жазық алқабы сүйір, төбесі Төсқайың өзенінің Қарақаба өзеніне құяр жеріне қарай сұғынып, кең табаны Қызылкезең тауының оңтүстік беткейіне тірелетін үшбұрышты құрайды. Батысындағы жота жазық алқапты Марқакөл көлінен бөлсе, шығысындағы ағашсыз аласа, толқынды тау жоталары Балықтыбұлақ жазығымен бөліп жатыр. Төсқайың жазық алқабы солтүстіктен оңтүстікке қарай 10 шақырымдай, ал солтүстігінде 15 шақырымдай қашықтыққа созылып жатыр. Алқаптың ортасында оңтүстікке қарай Төсқайың және Қайыңды өзендері ағып жатыр.
Екінші Балықтыбұлақ (Арасанқаба деп те аталады) жазық алқабының пішіні Төсқайың алқабына ұқсайды, ол да оңтүстікке қарай сұғынып жатқан үшбұрыш формалы, айырмашылығы оның сүйір бұрышы қиғаштала біткен, ал аумағының көлемі әлдеқайда үлкен. Балықтыбұлақ жазық алқабы көлемі жағынан ең үлкені.
Үшінші Шанағаты жазық алқабын солтүстігінде Балықтыбұлақ алқабымен Шанағаты жотасы бөліп жатыр, шығысында Сарыжүрек тауымен, оңтүстігінде Керегейтас, батысында Шанағатыбике тауларымен шектеледі. Шанағаты жазығы солтүстік батыстан оңтүстік шығысқа қарай 12 шақырымға созылып жатса, ені 6 шақырымға дейін жетеді. Мұнда ағаштар көп, әсіресе батыс беткейлерінде қарағай ағаштары қою өскен. Жазық бойымен оң жақ саласын Бүркітсай мен Қасқабұлақтан, сол жақ саласын Батпақбұлақтан алатын Шанағаты өзені ағып жатыр.
Жоғарыда аталған жер-су атауларының барлығы сонау 19 ғасырдың соңындағы орыс тарихшысы Е.Ф.Шмурлоның еңбектерінен алынды, барлығы да қазақ тіліндегі атаулар, қазір осы атаулардың кейбіреуі жоқ та болуы немесе орыс тіліндегі атаумен аталуы мүмкін.
Тарихи деректер
ХХ ғасыр бедеріндегі қазақ ғылымының Атилласы іспеттес Әлкей Марғұлан 1926—1927 жылдары СССР Ғылым академиясының одақтас және автономиялық республикаларды зерттеу жөніндегі ұйымдастырылған Қазақстан және Алтай экспедицияларының жұмысына қатынасады. Осы экспедицияның қорытындысы бойынша Ә.Марғұлан 1930 жылы Ленинградта басылып шыққан «Наймандар» атты жинағында былай деп жазады: «Қазақстан экспедициясының антропологиялық отряды негізінен Қаратай, Қарагерей және Төртуыл рулары мекендеген аймақтарда болып, зертеу жұмыстарын жүргізді. Қаратайлар Алтай тауларын мекен етеді, олар негізінен Беске, Шоңмұрын және Бораншы руларына бөлінеді. Олардың ішінде Беске мен Шоңмұрын Күршім-Алтай болысының (Жалғызтау) шекарасынан бастап Бұқтырма өзенінің солтүстігі бойымен шығысқа қарай, Мұзтау тауының батыс етегі мен Қошағашқа дейінгі аумақты алып жатыр. Беске және Шоңмұры руларының жаз жайлауы Мұзтау тауының батыс жағындағы Шабанбай жайлауы. Бұл жер Жон деп те аталады. Осы жердің Шабанбай деп аталуы жайлы мынадай әңгіме бар: Ертеректе қаратайлармен Қытай жеріндегі керейлер арасында қақтығыстар болып тұрған. Бірде Керейлер қаратайлардың 7-8 жүз шамасындағы жылқы үйірлерін барымталап, бірақ жер жағдайын білмегендіктен өткелі қиын батпаққа кездесіп, батпақтан өтуге тырысып жатқан кезде қуғыншы қаратайлықтар келіп жетеді. Сол жерде болған қақтығыста керейлерді бастап келген Шабанбай деген батыры қайтыс болады. Содан бастап бұл жер Шабанбай деп аталып кеткен екен.
Мұса Рүстемұлының айтуынша, қаратайлар бұрын (1864 жылға дейін) Бұқтырма өзенінің оңтүстік жағалауында тұрып, Марқакөл мен Бұқтырма арасында көшіп-қонып жүрген. Орыс қоныстанушылары келгеннен кейін, оларды бұрынғы көшпелі мекендерінен ығыстырған. Мұсаның айтуынша, 1866 жылы қазіргі Солдатовка, Медведка және Березовка сияқты ауылдардың учаскелері қаратайлықтардың мекені болған. Бұл жерлерді орыс қоныстанушылары басып алғаннан кейін қаратайлар Мұзтау туына қарай, яғни Бұқтырма өзені аңғарының солтүстік беткейіне қарай қуылған.
Қаратайдың ішіндегі Бораншы руы Катонқарағай ауылынан бастап шығысында Алтай болысымен шектесіп, Марқакөлге дейінгі аумақты алып жатыр. Сарыалқа, Сарымсақты, Таутекелі сияқты ең биік тауларда және Нарын мен Алтай өзендерінің жағасын мекендейді. Қаратай қыстаулары Бұқтырма өзенінің екі жағалауында және негізінен Тарбағатай тауының солтүстік беткейінде орналасқан. Тарбағатай тауынан және Бұқтырма өзені бойымен бұл қыстаулар батысқа қарай Алтай болысына дейін, ал шығысқа қарай Рахман бұлақтары мен Қошағашқа қарай ұзын тізбек болып созылып жатыр.
Қаракерейлердің жаз жалаулары бұрын Марқакөлдің оңтүстік-батыс жағалауы, содан кейін Ақжайлау және Қаражайлау болған, күзеулері Бастерек, Ортатерек және Аяқтерек болған. Қазіргі уақытта бұл жерлердің барлығын орыс шаруалары мекендейді. Қаракерейлерден Марқакөлге жаз мезгілінде тек бай адамдар ғана жайлауға шығады, кедейлер ол жерге жете алмайды, себебі оларда көшетін көліктері болмады. Сондықтан олар орыс ауылдарының маңында тұрады. Олардың кейбіреулері өз шаруашылықтарын жүргізсе (әрине, егіншілікпен азды-көпті қаражаты барлар айналыса алады), ал басқалары орыс шаруаларына малшы немесе жұмысшы болып жалданады. Мұндай шаруа жұмысшылары әсіресе Успеновкада (Ақжайлау), Николаевкада (Ортатерек), ал ең көп саны Алексеевкада (Бастерек, 80 шаруашылығы бар). Қаракерейдің байлары аралары алыс болса да, малдарын жақсы жайылымдарда бағу үшін Қара Ертіс пен Марқакөл арасында қоныс аударады, ал кедей шаруашылықтар отырықшылдыққа бейім. Олардың негізгі кәсібі - егіншілік. Соңғыларының мысалы ретінде Қара Ертістің оң жағалауында және Алқабек өзенінің бойында тұратын қаракерейлерді айтуға болады. Жоғарыда айтылғандардың бәрі Қаракерей руынан тараған Қожамбет руына қатысты.
Қожамбеттер мекен ететін аймақ Қалжыр мен Алқабек өзендерінің арасындағы кең аңғарларда, шығысында Марқакөл (жазғы жайлаулары) және батысында Қара Ертіс (қыстақтары) өзендерімен шектеседі. Қожамбеттердің қыстақтары Дерелітау мен Қара Ертіс арасындағы аңғарларда орналасқан. Олардың тығыз қоныстанған аудандары - Сарыөлең және Мырзатау.
Төртуылдарға келетін болсақ, олар қожамбеттермен (қарагерейлер) бірге дерлік тұрады деп айтуға болады. Дегенмен, Төртуылдың негізгі аумағы Қара Ертіс өзенінің сол жағалауы болып саналады. Бай Төртуылдар жаз мезгілінде малдарын Қара Ертіс өзенінен өткізіп, Марқакөлге жайлауға шығады. Сондай-ақ, көлдің оңтүстік жағалауында қожамбеттердікіндей өз жайлаулары бар. Төртуылдардың Марқакөлде жайлауда болу мерзімі екі айға созылады (маусым және шілде), содан кейін олар жол бойында уақытша аялдамалармен қысқы мекендеріне (Қара Ертіс) қайта қоныс аудара бастайды.»
Тархшы, археолог Пахомов Е.А. «Киргизское хозяйство на Ак-Кабе и верхоовьях Курчума» деген мақаласында осы өңірдегі қазақтардың тұрмысын, қоғамдағы экономикалық қатынастарын зерттеу қорытындыларын келтіреді. Осы мақалада төмендегідей мәліметтер келтіріледі: «Қырғыздар бұл жерлерге қанша уақыт бұрын қоныстанған? – деген сұрағымызға олар келіскендей: 150 жылдай бұрын деп жауап береді. Жоңғар патшалығын 152 жыл бұрын қытайлар жойып, қырғыздар қалмақтардан бос қалған жерлерді мекендей бастағанын тарихтан білеміз. Сондықтан қырғыздардың берген жауаптарын дұрыс деп санауға болады.
Аққаба мен Бұғымүйізді мекендейтін қырғыздар келесі руларға жатады: Дәулет, Самай, Сарғалдақ, Төртуыл, Шоңмұрын, Шеруші, Андағұл және Шимойын. Бұл рулардың көпшілігі Қаратай руының құрамына кіреді, ал басқалары Төртуыл руының құрамына кіреді. Біріншілері Өскемен уезінің Шыңғыстай болысын, ал екіншісі Зайсан ауданының Қара Ертіс болысын құрайды. Аққаба мен Бұғымүйіз бойында тұратындардың барлығы Шыңғыстай болысының құрамына кіреді. Қаратай руы да, Төртуыл руы да одан үлкен Найман руына бірігеді.»
Жоғарыдағы деректерден және тағы да басқа тарихи деректерге сәйкес 18, 19 ғасырларда Марқакөл және Қаба өңірлерін қазақ халқының найман, керей рулары және ішінара ұранхайлар мекен еткендігін көреміз.
Осы өлкелерге орыс ұлтының өкілдері қай уақыттан бастап, қай жақтан келіп қоныстанды деген сұрақ туындайды.
1869 жылы демаркациялық комиссия шекаралық аймақтарды аралау кезінде Алтай жотасының арғы жағында, сол кездегі Қытай жерінде орыс халқының пайда бола бастағанын атап өтеді. Балыққа толы Марқақөл көлі, аңға бай Қаба ормандары мен аңғарлары аңшылық пен балықшылыққа жаны құмар орыс халқының назарын өзіне ерте аударған еді. Осылайша шекара да Алтай тауларының биік шыңдары да оларға кедергі бола алмады. Ол кезде орыс адамы бұл жерлерге уақытша қонақ ретінде ғана бара алды, бірақ олардың экономикалық қызығушылығы, күн көріс үшін жаңа жерлердің қажеттігі күннен-күнге арта түсті. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» - дегендей 1881 жылы Петербург келісімі жасалып, осы аумақтағы шекара мәселесі қайта қаралады да Қаба алқабы мен Марқакөл көлі және тағы да басқа көптеген жерлер Ресейдің құрамына кіреді. Келісімге қол қойыла сала ақ орыстардың алғашқы содырлары мен отарлаушылары Қаба өңіріне ағылып келіп қоныстанып, Марқакөл көлінің жағасында шағын балық аулайтын қоныстарын сала бастайды. Уезд әкімшілігінің қарсылығы мен тиымы нәтижесіз болады. Алайда, орыс шаруалары шекара орнатылғанға дейін Қытай аумағына қарасты шекарадан әлдеқайда тыс, Аққаба мен Қара Ертістің өзендерінің қосылатын жеріне дейінгі жерлерді иемденбей тынышталмайды.
Петербург келісіміне сәйкес 1883 жылы демаркациялық комиссия шекараны Алтай жоталарынан оңтүстікке қарай, қазіргі шекара өтіп жатқан жерге дейін жылжытып, Марқакөл, Қаба өңірлері Ресей мемлекетінің құрамына кіреді. (Ол туралы «Петербург келісім шарты» атты мақаламда жазылған.) Шекараның жылжытылып Марқакөл көлі және оның маңындағы таулар мен аңғарлардың Ресей мемлекетінің құрамына кіруі, орыс халқының Алтай жоталарынан асып осы өңірге уақытша емес, тұрақты тұрғыны ретінде белсенді көшуіне ықпал етті.
Жергілікті билік жаңа жерлермен танысып үлгергенше Қаба өңірінде орыстардың алғашқы үйлері (изба) пайда бола бастайды. Оларды есепке алғанша бұрынғылары жаңа толқынмен көбейе береді, қоныс аударушылардың барлығы тұрақты мекендеп қалмағанмен жаңа көшіп келушілермен толыға береді. Қоныс аударушылар жаңа жерлергеге бірден қоныстанбады, жыртылған егістіктерін тастап, бөрене үйлерін қалдырып немесе жаңа жерлерге көшірді. Бұл, толық мағынасында, алдын ала барлаусыз, жақсы жерлерді көзссіз іздеу еді. Қарақабаға ең алғашқы қоныстанған орыс шаруалары Егоров және Филонов деген адамдар, олар алғашында қазіргі Төсқаың ауылының орнына емес одан 5 шақырымдай жерде қоныстанды, олардың тастап кеткен үйлерінің қалдықтары біршама уақытқа дейін көрініп жататын.