Аксенов Виктор Степанович (1935-2014) – ақын, ғалым-геохимик, өнертапқыш, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты.

Өмірбаяны

1935 жылы 22 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Шемонайха ауданы Шемонайха ауылында дүниеге келген. 1953 ж. Семей геология-барлау техникумын бітірген (қазір Семей геология-барлау колледжі). 1954-1957 жж. Қиыр Шығыста әскер міндетін өтеді. 1964 ж. Томск политехникалық институтын аяқтайды. Мектепте мұғалім, Қаз ССР Ғылым академиясының Ғылыми Зерттеу Институтында зертханашы және ғылыми қызметкер, жоғарғы оқу орнының оқытушысы қызметтерін атқарды.

ҚазССР Ғылым академиясының бағыт-бағдары бойынша Мәскеу қаласындағы СССР Ғылым Академиясының В.И.Вернадский атындағы Геохимия және аналитикалық химия институты аспирантурасына түседі.

1972-1973 жж. ҚазССР ҒА Геология институтының Алтай бөлімшесінде, 1995-1996 жж. Үлбі Металлургия зауытының Үлбі жобалық-конструкторлық институтында ғылыми топ жетекшісі болды, 1974-1995 жж. Серікбаев атындағы ШҚМТУ доценті. 1989-1993 жж. Облыстық Кеңес депутаты болып сайланып, Үлбі ауданын таза сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешумен айналысты. Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да ұзақ жылдар бойы «За знания» газетінде әдеби редактор болып қызмет етті. 2002 ж. «Восток» әдеби журналының жауапты редакторы қызметін атқарды.

Шығармашылығы

Мақалалары «Молодая гвардия», «Простор», «Иртыш», «Восток» т. б. көптеген газет-журналдарда жарияланды. Индия премьер-министрі Раджив Гандиден «Индира» өлеңі үшін алғыс хат алған. Авторлық өнертабыстары және минералогиядан жаңалықтары тіркелген. Геология бойынша 132 ғылыми еңбек және көптеген поэзия жинақтарының авторы: «Дым Отечества» (1995), «Искушение» (1995), «В пути», «Свет Иисуса», «Баллады и поэмы» (2004), «Стихи и рассказы» (2004), «Песни и романсы», «Долг», «Зеница ока» (2005), «Война» (2005), «Мой дедушка - памятник» (2007), «Дни и ночи» (2010), «Женщины».

2014 жылы 3 қазанда Өскемен қаласында дүниеден озды.