Қалбасұн мұнарасы, кейде Қабалғасұн мұнарасы (орыс. Кабал-Гасун, Калбасун, Колбасунская башня, қалм. Джалин-Обо) - Қазақстан Республикасы, Павлодар облысының Май ауданындағы ортағасырлық археологиялық ескерткіш.

Тарихы

1654 жылы қытай императорына елшілік сапармен барып қайтқан Ф.И. Байков Қалбасұн мұнарасы туралы сипаттама қалдырып кеткен. Байковтың сапар бағыты туралы мәліметтер еуропалық тілдерге аударылып, Ресейден тыс жерлерде де танымал бола бастады. Орыс елшісінің жинаған деректері Ресейдің Сібірдегі аумақтарын бейнелейтін шетелдік карталар мен сипаттамаларға негіз болды. Алайда шетелдік компиляторлар жекелеген объектілердің атауларын аудару және олардың орнын анықтау барысында қателіктерден арыла алмады. Мысалы, Витсеннің картасындағы ескерткіштің орны дұрыс белгіленбеген. Витсеннің туындысы - Қалбасұн мұнарасы туралы баяндайтын тұңғыш ғылыми еңбек. Мұнараның орналасуы туралы дәлірек ақпарат С.У.Ремезовтың «Хорографиялық кітабында» кездеседі. 1734 жылы Алтайға сапары кезінде Ямышев бекінісінде тоқтаған Г.Ф. Миллер мұнараның қалдықтары туралы хабар алады. Мұнараны зерттеуге сызбашы И.Г. Люрсениус, геодезист Иванов және казактардан тұратын күзетші жасақ жіберілді. Мұнараның суреттері мен сипаттамасы Миллердің «De scriptis tanguticis in Sibiria repertis» еңбегінде жарияланды. Миллердің экспедициясынан кейін бірнеше онжылдық өткен соң ескерткіш толығымен қираған. Ертістің бойындағы бекіністерде қызмет еткен танымал өлкетанушы И.Г. Андреев те Миллер сияқты мұнара Абылай тайшының тұсында салынған деп есептеген. Ескерткіштің толығымен қирағандығы туралы С.В. Броневский 1830 жылы жарық көрген еңбегінде баяндайды. Ол жергілікті қазақтардың мұнара кірпіштерін айналадағы зираттардың құрылысы үшін пайдаланғандығын атап өткен. Мұнараның қиратылғанына қарамастан, онымен байланысты атаулар жергілікті топонимикада ұзақ уақыт бойы сақталып келді. Ескерткіш орнын зерттеудің жаңа кезеңі XX ғасырдың 70-ші жылдарына сәйкес келеді.

Әдебиет

Андреев И.Г. Описание Средней орды киргиз-кайсаков. - Алматы: Ғылым, 1998. - С. 98. Броневский С.Б. Записки генерал-майора Броневского о киргиз-кайсаках средней орды // Отечественные записки. - СПб., 1830. - №120. - С.246. Витсен Н. Северная и Восточная Тартария: т.1 - Амстердам, 2010. - С.346 Ремезов С.У. Чертежная книга Сибири, составленная тобольским сыном боярским Семеном Ремезовым в 1701, СПб., 1822 - Л.22

Санат:Сібір тарихы Санат:Буддизм