Ворскла өзеніндегі шайқас — 1399 жылғы 12 тамызда Ворскла өзенінің бойында болған ірі тарихи шайқас. Бір тараптан — Литваның ұлы кінәзі Витовттың қолбасшылығындағы Литва Ұлы кінәздігінің әскері мен оның русьтік, поляк, неміс, молдаван одақтастары және Тоқтамыс ханның ордалықтары, екінші тараптан — Алтын Орданың жаңа ханы Темір Құтлық пен түменбасы Едігенің әскері соғысты.Почекаев Р. Ю. Цари ордынские. Биографии ханов и правителей Золотой Орды. — СПб.: Евразия, 2010. — 408 с. Бұл ұрыс XIV ғасырдағы Шығыс Еуропа тарихындағы ең ірі шайқастардың бірі болып табылады. Шайқас алтын ордалықтардың айқын жеңісімен және Литва әскерінің тас-талқан болып жеңілуімен аяқталды. Осы ауыр жеңілістен кейін Литва кінәздігі поляктардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болды, Поляк королі Ягайлоның саяси ықпалы күрт өсіп, Витовттың позициясы шайқалды. Нәтижесінде Вилен-Радом униясы жасалды.

Алғышарттары. Тараптардың жоспарлары XIV ғасырдың соңында қазіргі Қазақстан, Ресей, Украина, Өзбекстан (Хорезм) және Закавказье аумағын қамтыған орасан зор мемлекет — Алтын Орда (Жошы ұлысы) өте ауыр саяси дағдарысты бастан кешіріп жатты. Орданың ең таңдаулы сарбаздары Құндызша және Терек өзендері бойындағы шайқастарда қаза тапқан еді, мұнда Тоқтамыс хан Әмір Темірден (Тамерлан) ауыр жеңіліс тапты. Әмір Темір Орданың басты қалаларын қиратып, оның экономикасын күйретті, ал соғыстан кейін басталған ашаршылық халық санын күрт азайтты. Орданың шынайы билігі тек орыс жерлерінде ғана емес, көшпелілердің өз байырғы ұлыстарында да әлсіреді.Трепавлов В. В. История Ногайской Орды. — М.: Восточная литература, 2002. — 752 с.Греков Б. Д., Якубовский А. Ю. Золотая Орда и ее падение. М.-Л., 1950.

Бізге жеткен ресми жарлық Тоқтамыстың 1393 жылы-ақ Ягайлоға көмек сұрап жүгінгенін көрсетеді. 1396 жылы Әмір Темірдің қолшоқпары Қойыршықтан жеңіліс тауып, Алтын Орданың дәстүрлі астанасы Сарай қаласынан айырылған Тоқтамыс Литваның ұлы кінәздігіне қашып барады. Ол кінәз Витовттан Орда тағын қайтаруға әскери көмек сұрап, айырбас ретінде Солтүстік-Шығыс Русь жерлеріне өз сюзеренитетінен (жоғары билігінен) Литваның пайдасына бас тартуға уәде береді.

Осы тұста шығыстағы Хажы-Тархан (Астрахан) мен Сарайшық қалаларында билік жүргізген Темір Құтлық хан Әмір Темірдің құдіретті әмірі Едігенің қолдауымен 1396 немесе 1397 жылы Қойыршықты қуып шығып, Сарайды басып алады. Осылайша хан Темір-Құтлық соңғы шапқыншылықтардан қатты қирап, бос қалғанына қарамастан, мемлекеттің дәстүрлі бас орталығы — Сарай қаласына иелік етудің арқасында үлкен саяси беделге ие болды.

1398 жылы Тоқтамыс Темір-Құтлық пен Едігеден тағы да жеңіліс тауып, қайтадан Литваға қашады. Өз кезегінде Темір-Құтлық пен Едіге генуялықтардың Каффа бекінісін қоршауға алып, оларды өздеріне бағындырды, осылайша Орданың оңтүстік-батыс бөлігіне толықтай бақылау орнатты.

Әмір Темір кеткеннен кейін дереу Витовт талқандалған Орда аумағына жорықтар жасады. Бұл жорықтар сәтті болғанымен, ұлы кінәзге үлкен саяси табыс әкеле қоймады.Трепавлов В. В. История Ногайской Орды. — М.: Восточная литература, 2002. — 752 с. 1397 жылы Витовт Қара теңіз бен Қырымға дейін жетіп, мұнда Тоқтамысқа жау татарларды тағы да жеңді (Херсонесті басып алып, Каффаға дейін жетті) және үлкен қарсылықсыз бірнеше мың тұтқынды қолға түсірді.Греков Б. Д., Якубовский А. Ю. Золотая Орда и ее падение. М.-Л., 1950. Бұл тұтқындардың жартысы Тракай маңына қоныстандырылып, оларға өз діндерін ұстану құқығы берілді (олардың ұрпақтары — литвалық татарлар мен қараимдар қауымдастығы бүгінгі күнге дейін сақталған). Келесі, 1398 жылы оның армиясы Днепр бойымен өтіп, Солтүстік Қырымға шабуыл жасады және шығыста Дон өзеніне дейін жетті. Өз позициясын нығайту үшін Витовт Днепрдің сағасына бекініс-қамал тұрғызды.

Ордадағы оқиғалардың бұл бағытта дамуы Витовттың бүкіл русь жерлерінің жалғыз билеушісі болуға деген өршіл жоспарларына өте тиімді болды. Ол Тоқтамысты өзінің экспансиялық саясатының құралы ретінде қарастырып, оның көмегімен Алтын Орданы өз саяси ықпалына бағындыруды жоспарлаған сияқты.Почекаев Р. Ю. Цари ордынские. Биографии ханов и правителей Золотой Орды. — СПб.: Евразия, 2010. — 408 с. «Никон шежіресінде» литвалық тараптың бұл жоспарларын айқын сипаттайтын Витовттың мынадай сөздері келтірілген:

«Барып Татар жерін бағындырайық, Темір-Құтлық ханды жеңіп, оның патшалығын басып алайық, байлығы мен мүлкін бөліске салайық. Орданың тағына, Каффаға, Азовқа, Қырымға, Астраханға, Жайық Ордасына, бүкіл теңіз жағалауы мен Қазанға Тоқтамыс ханды отырғызайық. Сонда бұл жерлердің бәрі біздікі және ханымыз бізге бағынышты болады».

Витовт Тоқтамыс пен оның жақтастарын Вильно және Тракай маңына қоныстандырды (дегенмен олардың көбі кейіннен Осман сұлтаны І Баязидтің әскеріне қызметке тұру үшін Балқанға кетіп қалды). Тоқтамыс пен Витовт өзара шартқа қол қойып, онда Тоқтамыс Витовтты кезінде Алтын Орданың құрамында болған, ал қазір Литваға тиесілі русь жерлерінің заңды билеушісі деп таныды. Ол өзіне тақты қайтаруға әскери көмек көрсеткені үшін орыс кінәздіктерінен алынатын алым-салықты Литваға беруге уәде етті.

Темір-Құтлық Литваның ұлы кінәзі Витовттан Тоқтамысты тапсыруды талап еткенде, ол: «Мен Тоқтамыс ханды бермеймін, бірақ Темір-Құтлық ханның өзімен жеке кездескім келіреді», — деп сес көрсетіп, бас тартты. Өзінің алдыңғы табыстарына жігерленген Витовт «Татарларға қарсы Крест жорығын» жариялады және 1399 жылдың мамыр айында Рим папасы Бонифаций IX-ның ресми батасын алды. Папаның бұл батасы Литва үшін (тек бір ғасыр бұрын ғана христиандықты қабылдаған ел үшін) және поляктарға тәуелділіктен құтылып, корольдік тәж киюге ұмтылған Витовттың өзі үшін өте маңызды саяси жетістік болды. Бұл оның халықаралық аренадағы беделі мен саяси салмағын айтарлықтай арттырды.

1399 жылдың көктемінде әскерін толық жинап болған Витовт жорыққа аттанды.

Витовт әскерінің құрамы Жалпы саны шамамен 38 мың сарбазды құрайтын одақтас әскерлер Житомир аймағына жиналды. Бас қолбасшы ұлы князь Витовт болды. Оның қол астындағы армия құрамына 10 мыңға жуық атты боярлар кірді, олар Гедиминовиждердің қолбасшылығымен келесі отрядтарға бөлінді: Витовтың өз Вилен отряды, сондай-ақ кінәз Андрейдің Полоцк отряды мен кінәз Дмитрий Ольгердовичтің Брянск отряды (яғни, Ягайлоның үлкен өгей ағалары), және кінәз Дмитрий Кориатовичтің Волын отряды (соңғы тұлғаның кім екендігіне қатысты тарихшылар арасында ортақ пікір жоқ).

Витовт әскерінің құрамында Литва Ұлы кінәздігінің көптеген үлесті кінәздері соғысты, атап айтқанда, Киевтік Иван Борисович, Смоленскілік Глеб Святославич, Дмитрий Головня — Никонов жылнамасының мәліметі бойынша, алтын ордалықтарға қарсы «дружинасымен бірге елу славян кінәзі» тұрды. Жаяу әскерде 3-5 мың жеңіл литва-орыс жаяу әскері болды. Бұдан бөлек, Витовт армиясында өз отрядтарымен бірге Александр Мансурович Мамай да болды.

Краков воеводасы әрі Подолия билеушісі Спытко Мельштыннан 4 мыңдық подолиялық рыцарьлар мен 15 зеңбіректен тұратын поляк-орыс отрядын алып келді. Тевтон комтуры Марквард фон Зальцбах 1600 салт атты (олардың ішінен шайқастан тек үш рыцарь ғана тірі шықты) және 500-ге жуық қарапайым жауынгерді бастап келді. Сондай-ақ, Молдова господары (поляк вассалы) Штефан I Мушаттың 1500-ге жуық рыцары болды.

Тоқтамыс өзіне адал 15 000-ға дейінгі ордалықтар отрядын (негізінен Қырым мен Еділ бойынан) алып келді.

Быховец жылнамасында Витовт әскерінің құрамы келесідей сипатталады:

Бұл армия Киев түбінде Днепрден, ал Горошин маңында Сула өзенінен өтіп, шығысқа қарай бет алды. 9 тамызда Витовт әскері 7 бекіністі лагерьге топтасып, Ворскла өзенінің жанына тоқтады. Бұл өте қолайсыз орын еді, өйткені армияның артында Днепр өзені тұрды, ал жеңілген жағдайда шегіну кезінде үлкен шығынға ұшырау қаупі бар болатын — соңында солай болды да.

Шайқас барысы Сол жерге ноғай әскері де келіп жетті. Темір Құтлық қарсыласының қуаты мен көптігін көріп, алғашқыда бейбіт келіссөздер бастады (басқа нұсқа бойынша, келіссөздер Едігенің қосымша күшпен келуін күту мақсатында жүргізілген). Оқиғаның бұдан былайғы дамуы әскерімен келген түменбасы Едігенің келуімен үзілді. Ол Тимур Құтлықты Витовтпен келіссөз жүргізуден бас тартып, шайқасқа дайындалуға көндірді. Орданың өзінде Әмір Темірге арқа сүйеген Тимур Құтлық та, Едіге де билікті тартып алушылар (узурпаторлар) саналып, дала халқының көпшілігі арасында үлкен беделге ие бола қоймаған еді. Негізінде Едіге тек өз тайпаластары — ноғайларға ғана сүйене алды. Сондықтан Едігеге тек ірі жеңіс қана қажет болды.

Шайқас 12 тамызда өтті. Ханның мырзасы мен литвалық рыцарь Сырокомля арасындағы жекпе-жек соңғысының жеңісімен аяқталғаннан кейін, литва әскері өзеннен өте бастады. Ноғайлар қарсыласты ашық алаңға алдап шығару үшін өтірік шегінді. Литвалықтар олардың соңынан тұра ұмтылды. Шамамен 10-12 шақырымға шегінген татарлар тоқтап, оларға қарсы алдыңғы шептен соққы берді, ал бұған дейін литвалықтардың көзінен тасада жасырынып тұрған кавалерияның бір бөлігі бүйірден және артынан соққы беріп, шепті бекітті де, литва әскерін жаяу әскерден бөліп тастады. Литва әскерінің көптігі мен жақсы жарақтанғанына (соның ішінде жылжымалы атты әскерге қарсы тиімділігі төмен болған артиллерияның, сондай-ақ пілтелі мылтықтар мен арбалеттердің болуына) қарамастан, Витовт армиясы төтеп бере алмай, тас-талқан болып жеңілді.

Майдан даласынан бірінші болып Тоқтамыстың әскері қашты. Ордалықтар Витовт әскерінің қалдықтарын Киевтің өзіне дейін өкшелей қуды. Жылнамада шайқастың қорытынды кезеңі туралы мынадай сипаттама берілген: «Татарлар осылайша обозды және темір шынжырлармен бекітілген соғылған арбаларды, зеңбіректер мен пілтелі мылтықтарды, арбалеттерді және өте көп әрі зор байлықты, алтын және күміс ыдыстарды қолға түсірді». Қолбасшылардың көпшілігі қаза тапты, Витовтың өзі жараланып, әрең құтылды. Витовт, Тоқтамыс, сондай-ақ неміс одақтастары шайқас даласынан қашып кетті. Шегінген қарсыласты қуа отырып, Едігенің ноғайлары Киев пен Литва жерлерін талқандады. Қоршауда қалған Киев үлкен төлем (3 000 литвалық гривна) беру арқылы ғана өзін күйреуден сақтап, ноғайлардың шабуылынан құтыла алды.

Салдарлары Жеңілістің басты себептерінің бірі — литва әскерлерінің тиімсіз орналасуы және қарсыластың тактикасын білмеуі болды. Өзеннен өткен Витовт ордалықтардың шегініп бара жатқанын көріп, олардың Шыңғыс хан заманынан бері қолданып келе жатқан әдеттегі тәсілі — өтірік шегіну амалына алданып қалды. Ол барлық сақтық шараларын ұмытып, өзінің қарамағындағы литва, поляк және неміс атты әскеріне қарсыласқа шабуыл жасауға бұйрық берді. Нәтижесінде, ауыр сауытты салт аттылар көп ұзамай аттарын болдыртып, іс жүзінде тоқтап қалды. Осы кезде татарлар оларды жан-жағынан қоршап алып, жақын жанасуға түспей, алыстан садақтар мен арбалеттерден оқ жаудыра бастады. Оқ ең алдымен сауытпен қорғалмаған аттарға бағытталды. Ал аттарынан айырылған жаяу рыцарьлар мүлдем дәрменсіз күйде қалды. Литвиндердің ауыр атты әскерін талқандаған ордалықтар литва армиясының қалған бөлігіне тез арада қайта оралды. Олар жаяу әскерлердің қатарына дүрбелең әкелген литва атты әскерінің қалдықтарын өкшелей қуа отырып, литвалықтардың лагеріне басып кірді. Қырғын басталды, литвиндердің бір бөлігі Ворскла өзенінің арғы бетіне өтіп құтылуға тырысқанымен, олардың басым көпшілігі орда мергендерінің алыстан атқан жебелерінен қаза тапты.

Ворскладағы жеңіліс Шығыс Еуропа тарихының бұдан былайғы бағытын алдын ала айқындап берді. Көрші мемлекеттердің әскери күштеріне төтеп беру мүмкіндігінен айырылған Ұлы Литва кінәздігінің сыртқы саяси позициясы нашарлады, сондай-ақ бұл оқиға Витовтың шығыс славян жерлерін біріктіруші рөліне үміт артқан жоспарларының күйреуіне әкелді. Витовт Орданың бақылауындағы орыс кінәздіктеріне өз гегемониясын орнатуға тағы бір мәрте әрекет жасап, тіпті 1406 жылы Мәскеуге жорық та ұйымдастырды. Алайда, Плава өзенінің бойында Шәдібектің бастауымен келген үлкен татар әскерінің жақындағанын біліп, асығыс шегінуге мәжбүр болды. Шайқас нәтижесінде Тоқтамыс өзінің бұрынғы саяси ықпалынан айтарлықтай айырылды және кейіннен Алтын Орда тағы үшін болған күресте қарсыластарымен сәтті бәсекелесе алмады.