Эксперименттік рок (бастапқыда авангардтық рок немесе аван-рок ретінде белгілі) — 1960 жылдары пайда болған рок-музыканың кіші жанры (субжанры). Жанр коммерциялық табыстан гөрі жаңашылдыққа басымдық береді және дәстүрлі рок-музыка аспаптары арқылы авангардтық музыканың ықпалы мен идеяларын бойына сіңіреді. Ол, әдетте, күрделі, қабылдауға ауыр, қолжетімсіз немесе андеграунд болып саналатын дәстүрлі емес ән құрылымдарын, музыкалық тәсілдерді, ырғақтар мен лириканы пайдалануымен сипатталады.

Атаудың шығу тегі 1960 жылдардың ортасынан аяғына дейін музыкалық басылымдарда эксперименттік рок бастапқыда «авангардтық рок-н-ролл» деп аталды. Бұл терминді ең алғаш қолдану 1966 жылы Sing Out! журналының шығарылымында тіркелді, онда Нью-Йорк қаласының The Fugs тобы «авангардтық рок-н-ролл тобы» ретінде спатталды. Осы жылы Record Research журналы WPMU радиостанциясының музыкалық каталогын сипаттайтын санында «авангардтық рок» терминін қолданды, ал келесі жылы канадтық Take One басылымы бұл фразаны Калифорнияның The Mothers of Invention мен Gas Company топтарын, сондай-ақ Нью-Йорктің The Velvet Underground тобын сипаттау үшін пайдаланды. 1960 жылдардың аяғы мен 1970 жылдарға қарай бірнеше музыкалық басылым осы терминмен қатар «эксперименттік рок» сөзін қолданған мақалаларды жариялай бастады. Бұған қоса, кейбір эксперименттік рок орындаушылары «арт-рок» деп те аталды.

Ерекшеліктері Эксперименттік рок дәстүрлі рок аспаптары арқылы авангардтық музыкадан алынған ықпалдар мен идеяларды бойына сіңіреді. Ол дәстүрлі рок-музыкаға тән емес әрі әдеттен тыс ән құрылымдарын, тәсілдерді, ырғақтарды және лирикаға деген өзгеше көзқарастарды пайдалануымен сипатталады, сонымен бірге коммерциялық табыстан гөрі жаңашылдыққа басымдық береді, ал орындаушылар жиі «андеграундтық музыкамен» байланыстырылады. Музыканттар дадаизм, концептуалды өнер, поп-арт және сюрреализм сияқты қазіргі өнер ағымдарынан илхам алды.

Дереккөздер

Санат:Эксперименттік рок Санат:Рок-музыка жанрлары