Гүлшахан Бершінбекқызы Әлімбекова — ғалым-ұстаз, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ғылыми кеңесші, Халықаралық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі.
Өмірбаяны, еңбек жолы 1950 жылы туған. 1969 жылы Алматы облысының Райымбек ауданындағы мектепті, 1975 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын "Физика" мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын мектепте физика пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1982 жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде лаборант, оқытушы, аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарып келеді. Бүгінде аталған оқу орнының Математика, физика және информатиканы оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры қызметінде. 2005 жылдан республикалық ғылыми-әдістемелік "Физика" және "Технология" журналдарының тұрақты редкология мүшесі.
Ғылыми бағыты, еңбектері 1998 жылы "Физиканы оқыту әдістемесі мен теориясы" мамандығы бойынша "Елдос Омаровтың физика оқулығын қазіргі физика оқулықтарымен салыстыра отырып оқытудың әдістері" тақырыбында кандидаттық, 2009 жылы "Кәсіби білім беру теориясы мен әдістемесі" мамандығы бойынша "Физика мұғалімінің кәсіби даярлығын ғылыми ұғымдар жүйесін қалыптастыру негізінде жетілдіру" тақырыбында докторлық диссертацияларын қорғады. 2002 жылы доцент, 2007 жылы профессор ғылыми атақтары берілді. Ғалымның ғылыми жұмыстарының бағыты – жоғары оқу орнында және мектепте физиканы оқытудың әдістемесін жетілдіру. Бүгінде авторлық 275 ғылыми-әдістемелік еңбектері жарық көрді. Оның ішінде 1 оқулық, 6 оқу құралы, 20 әдістемелік оқу құралы, 1 монография, 250-ден астам жарияланым бар. Ғалым-ұстаздың бұл ғылыми еңбектері жоғары оқу орындары мен мектептердің оқу үдерісінде кеңінен қолданылады. 2019 жылы педагогикалық білім бойынша "Халықаралық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі" атағы беріліп, куәлік пен диплом салтанатты түрде табыс етілді.
Марапаттары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің "Үздік ұстаз" төсбелгесі; Республикалық "Өрлеу, білім-ғылым және технология институтының "Ұлағатты ұстаз" белгісі; "Ыбырай Алтынсарин төсбелгісі"; "Мать защитника отечества" медалі және Құрмет грамоталары. Г. Әлімбекова Физика-мтематика және информатика институы жанындағы ғылыми семинарлар өткізу және оқу-әдістемелік кеңесінің белсенді мүшесі. Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің Докторлық кеңесінің мүшесі және физика бөлімі студенттері мен магистрлерінің тәлімгері. Бүгінде Г. Әлімбекова мектеп мұғалімдеріне арналған "Мектепте физиканы оқыту арқылы ұғымдық негізді қалыптастыру және физиканы оқытудың жаңа әдістемелік жүйесін дамыту" тақырыбында семинар жұмысын жүргізеді.Ұ 43 Ұлттың ұлағатты ұясы: Анықтамалық-танымдық жинақ. – Алматы: "Қыздар университеті" баспасы, 2020 жыл. – 458 бет. ISBN 978-601-346-029-1
Дереккөздер
Сыртқы сілтемелер Гульшахан Алимбекова
Санат:Қазақстан ғалымдары Санат:Педагогика ғылымдарының докторлары Санат:Академиктер Санат:Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университеті түлектері Санат:Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессорлары Санат:Педагогтар Санат:Қазақстан педагогтары