Уақытты блоктау (сондай-ақ уақытты блоктарға бөлу немесе уақытты бөліктерге бөлу) — жеке уақытты басқаруға арналған өнімділікті арттыру әдісі. Бұл әдісте белгілі бір уақыт кезеңі, әдетте бір күн немесе апта, нақты тапсырмалар мен орындалатын істерге арналған шағын уақыт аралықтарына немесе блоктарға бөлінеді. Ол күнтізбе мен орындалатын істер тізімінің функцияларын біріктіреді және жоспарлау тәсілдерінің бірі болып саналады.

Дұрыс қолданылған жағдайда уақытты блоктау назарды алаңдататын факторларды жоюға және өнімділікті төмендететін бірнеше тапсырманы қатар орындаудан бас тартуға көмектеседі.

Тарихы Уақытты блоктау тәжірибесі күнтізбелерді қолдану тарихымен шамалас. Деректер қола дәуірінде күнтізбелердің белгілі бір ауылшаруашылық жұмыстарына сәйкес қолданылғанын көрсетеді. Бұл егіншілерге дақылдарды қажетті уақытта егіп, өнімді дер кезінде жинауға және сол арқылы өнімнің бүлінуін азайтуға мүмкіндік берді.

Уақыт өте келе күнтізбенің жалпы қабылданған түрі біртіндеп қазіргі кезде кеңінен қолданылатын Григориан күнтізбесіне ауысып, уақыт бірліктері барған сайын ұсақ аралықтарға бөліне бастады. Соған сәйкес уақытты блоктау әдісі де егжей-тегжейлі жоспарлау деңгейіне дейін дамыды. thumb|Уақытты блоктау әдісін алғашқылардың бірі болып қолданған Бенджамин Франклин Уақытты блоктау әдісін алғаш кім қолданғаны белгісіз болғанымен, Бенджамин Франклин оны ерте қолданушылардың бірі ретінде белгілі. Франклин демалыс пен күнделікті үй шаруаларын қоса алғанда, тәуліктің әр сағатында атқаратын іс-әрекеттерін егжей-тегжейлі жоспарлаған. Ол терең зейін қоюды қажет ететін жұмысқа бірнеше сағаттық уақыт блоктарын бөліп, түскі асқа екі сағат арнаған.

1990-жылдары жеке цифрлық көмекшілердің, ал кейінірек, 2000-жылдары смартфондардың пайда болуымен уақытты блоктау қағаз бен қаламға негізделген тәсілден күнтізбелік бағдарламалық жасақтама және уақытты есепке алу бағдарламалық жасақтамасы түріндегі цифрлық форматқа көшті. Цифрлық күнтізбелер пайдаланушыларға кездесулер туралы ақпаратпен бөлісуге және кездесуге шақырулар жіберуге мүмкіндік беріп, бірлескен жұмысты жеңілдетті. Бұл қағаз күнтізбелерге деген қажеттілікті азайтты, дегенмен оларды әлі де пайдаланатын адамдар бар.

Әдісі Уақытты блоктау әдетте бір күн немесе апта ішінде орындалуы тиіс тапсырмаларды анықтаудан басталады. Әрбір тапсырманы орындауға қажетті уақыт шамамен есептеліп, күнтізбеде оған нақты уақыт аралығы бөлінеді. Зейінді шоғырландыру және бір тапсырмадан екіншісіне ауысуды азайту үшін ұқсас тапсырмалар көбіне топтастырылады. Егер тапсырмалар күтілгеннен ұзақ немесе қысқа уақыт алса, кесте қажеттілігіне қарай түзетіледі. Күн соңында уақыт блоктарын талдау алдағы жоспарлауды жетілдіруге көмектеседі.

Артықшылықтары Уақытты блоктау күнделікті, апталық, айлық және жылдық жоспарлауға көмектеседі. Бұл әдіс бір уақытта бір ғана тапсырманы орындау қағидасына негізделіп, адамның белгілі бір уақыт аралығында бүкіл зейінін бір тапсырмаға аударуын көздейді. Уақытты блоктаудың басты артықшылығы — адамдарға бірдей уақыт ішінде көбірек жұмыс орындауға көмектесуі. Deep Work кітабының авторы және Джорджтаун университетінің ақпараттану саласындағы ассистент-профессоры Кэл Ньюпорт былай деген:

Уақытты блоктау адамдарға бір күн ішінде қанша жұмысты орындауға болатынын шынайы бағалауға және күн тәртібін өнімдірек ұйымдастыруға көмектеседі. Сонымен қатар таңғы ас ішу немесе демалыс сияқты жеке уақытқа арнайы блоктар бөлу жұмыстан туындайтын күйзелісті азайтуға көмектеседі. Уақытты блоктау жұмыс орнынан уақытша алыстап, демалуға саналы түрде уақыт бөлуді ынталандырады, осылайша қызметкерлердің кәсіби қажуға ұшырау ықтималдығын төмендетеді. Бұл қызметкерлердің күш-қуатын қалпына келтіріп, жұмыс кезіндегі өнімділігін арттыруға көмектесуі мүмкін. Сонымен қатар уақытты блоктау әрбір тапсырманы алдын ала белгіленген уақыт ішінде орындау қажеттілігі арқылы жасанды шұғылдық сезімін қалыптастырады. Бұл кейбір адамдарға бірдей уақыт аралығында көбірек жұмыс орындауға көмектесуі мүмкін. Бір зерттеуде уақытты блоктау әдісін қолданатын мамандардың бұл әдісті қолданбаған жағдаймен салыстырғанда 53%-ға көп тапсырма орындайтыны анықталған.

Ғылыми негіздемесі Өнімділік пен когнитивті психология салаларындағы зерттеулер жұмысты құрылымдалған уақыт аралықтарында орындау когнитивті жүктемені азайтып, зейінді ұзақ уақыт бойы шоғырландыруға көмектесетінін көрсетеді. Тапсырмаларды жоспарлау мен зейінді шоғырландырып жұмыс істеуге қатысты зерттеулер де нақты уақыт блоктарын пайдалану дәлдік пен жалпы тиімділікті арттыратынын көрсетеді.Monsell S. Task switching. Trends in Cognitive Sciences. 2003;7(3):134–140. doi:10.1037/0096-1523.32.2.263.

Сын-пікірлер Істерді соңына дейін жеткізу кітабының авторы Дэвид Аллен кезінде күнтізбені ұйымдастырудың қарапайым тәсілін қолдап, оған тек тапсырмаларды орындаудың соңғы мерзімдерін енгізуді ұсынған. Алайда соңғы жылдары ол күнтізбені басқаруға қатысты бұрынғы көзқарасына күмән келтіріп, одан бас тарта бастады. 2014 жылғы сұхбатында ол уақытты блоктау әдісін қолдап: «Кеше мен бір жобамен жұмыс істеу үшін күнтізбемде екі бөлек уақыт аралығын бөлдім», — деген.

Басқа әдістермен байланысы Таймбоксинг — жобаларды басқаруда қолданылатын уақытты блоктау әдісінің бір түрі. Помодоро әдісі — мамандардың 25 минут бойы назарын басқаға аудармай жұмыс істеуін, содан кейін үзіліс жасауын көздейтін өнімділікті арттыру жүйесі. Оның уақыт аралықтарына негізделген тәсілі уақытты блоктау әдісін толықтырады. Алайда Помодоро әдісі нақты айқындалмаған жұмыстарды орындау үшін жағдайға қарай қолданылатын тәсіл болса, уақытты блоктау нақты тапсырмаларды алдын ала жоспарлауға негізделген әдіс болып саналады.

Белгілі қолданушылар Бенджамин Франклин күнін сағаттарға бөліп жоспарлап, ұйқыға, тамақтануға және демалысқа арнайы уақыт бөлген. Twitter компаниясының бұрынғы бас директоры және Block, Inc. компаниясының бас директоры Джек Дорси аптаның әр күнін белгілі бір тақырыпқа арнап жоспарлауымен танымал. Ол өзінің жұмыс кестесін былай сипаттаған:

Венчурлік инвестор Марк Андрессен бос уақытын, «ойлануға арналған уақытын», сондай-ақ ұйқы уақытын блоктарға бөліп жоспарлайды. Кэл Ньюпорт әр кеш сайын келесі күнін уақыт блоктарына бөліп жоспарлауға 20 минут жұмсайды. Оның айтуынша, бұл тәсіл «терең зейін қоюды қажет ететін істерге» назар аударуға және бір күн ішінде көбірек жұмыс орындауға мүмкіндік береді. Билл Гейтс күнін жоспарлау үшін уақытты блоктау әдісін пайдаланады.

Дереккөздер

Санат:Жеке уақытты басқару