Ортатау – Жетісу (Жоңғар) Алатауының оңтүстігіндегі тау. Суаттау жотасынан Қайшы қонысы арқылы бөлінген. Оңтүстік-шығысында Долантау тауымен жалғасады.
Жер бедері Абсолюттік биіктігі 2033 м. Ұзындығы 25 км, енді жері 7 км. Қайшы қонысына қараған беткейі өте тік жарлы. Оңтүстігіндегі беткейлері көлбеу. Біртіндеп төмендей келе (1300 м-ге дейін) Долантау беткейлеріне қарай қайтадан жоғарылайды. Шығысының тауаралық аңғары арқылы Борохудзир (Бурақожыр), оңтүстігінде Ұзынсу өзені ағып жатыр.
Геологиялық құрылымы Палеозойдың II жартысында герцин тау жасалу кезеңінде пайда болған. Геологиялық жыныстары көбінесе метаморфтық құмдауыттан, кристалды тақтатастан, туфтан тұрады. Беткейлерінде пролювийлік-делювийлік тау жыныстары кездеседі. Беткі жабынында плейстоцен кезеңінің кремнийлі-сазды тақтатастары, саздар мен малтатастар кең тараған.
Климаты Климаты қоңыржай белдеудің тұран континенттік облысына жатады. Қаңтардың жылдық орташа температурасы –12 – 160С, шілдеде 16-240С, жылдық жауын-шашын мөлшері 400 – 600 мм. Етегінде құрғақшылық айқын сезіледі.
Топырағы, өсімдігі Беткейлері қызғылт қоңыр топырақты, 1000 м-ден жоғарыда қара топырақ басталады. Өсімдік жамылғысы солтүстік-тяньшаньдік типке жатады. Негізінен жусан мен бетеге, биік жерлерінде селеу, қара топырақты белдеуінде тау шалғыны өседі, жемісті бұталар да кездеседі.«Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VII том
Дереккөздер
Санат:Панфилов ауданы таулары Санат:Жетісу Алатауы