Малдың жасын айыру — маңызды зоотехниялық шаралардың бірі. Көбіне малдың жасы тістері мен мүйіздерінің жетілу ерекшеліктері бойынша анықталады. Сиыр буаз болғанда мүйізінің өсуі күрт баяулап, бунақ пайда болады. Осы бунақтар санына 2 жыл қосу арқылы сиырдың жасы анықталады. Мысалы, сиыр мүйізінде 3 бунақ болса, оның жасы бесте деп есептеледі. Мал тістері жоғарғы және төменгі жақ сүйектерінде орналасқан. Олар күрек, азу және сойдақ (шошақ) тістер болып үшке бөлінеді. Жылқыда үстіңгі және астыңғы жақ сүйек сүйектерінде алты-алтыдан күрек тіс болса, күйіс малында (сиыр, қой, ешкі) үстіңгі жақ сүйегіндегі тістер қатты етті өскінмен алмасқан. Күрек сүт тістердің тұрақты тістерге ауысу мерзімі мен кейінгілердің қажалу ерекшеліктері малдың жасын айыруға мүмкіндік береді. Тістері бойынша жылқының жасы былайша анықталады: құлынның күрек сүт тістері 6 айға дейін толық шығып бітеді, 2,5 — 5 жыл арасында күрек сүт тістер тұрақты тістермен алмасады, 6 жаста төменгі жақ сүйегінің ортадағы екі күрек тістің (жұлқарлардың) өткір ұштарындағы ойыс қажалып тегістеледі. Жеті жаста — ортадағы төрт тістің, 8 жаста барлық алты тістің ойыстары тегістеліп кетеді. 9 жаста жоғарғы жақ сүйегіндегі жұлқарлар, 10 жаста ортадағы 4 тіс, 11 жаста жоғарғы жақ сүйегіндегі барлық 6 күрек тіс қажалып тегістеледі. 15 жаста күрек тістердің өткір ұшы — шеңбер, ал кәрі жылқыларда үшбұрыш пішінде болып өзгереді. Сиырдың сүт күрек тістері 1 айға дейін шығып бітеді. Олар 1,5 — 4 жыл арасында тұрақты тістерге алмасады. Одан кейінгі уақытта тістердің қажалу деңгейі мен пішіндерінің өзгеруіне қарай малдың жасы анықталады. Қойларда 1,5 жаста — жұлқар тістер, 2 жаста — ортадағы 4 тіс, 3 жаста — ортадағы 6 тіс, 3,5 — 4 жаста барлық 8 күрек тіс сүт тістері тұрақты тістерімен алмасады. Алты жасар қойдың жұлқар тістерінде қуыс пайда болып, босайды. Жеті жаста ортадағы 6 тіс қатты қажалады, қойлардың тісі түсе бастайтындықтан одан әрі өсімге қалдыру тиімсіз болып табылады.
«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VI том Дереккөздер