Мақсұт Жылысбаев (1894, бұрынғы Әулиеата уезі, Аспара болысының №7 ауылы – 26.2.1938, Алматы маңы) – қоғам қайраткері. Қысқаша мәлімет 1911–13 жылдары Меркедегі орыс-қазақ мектебінде 1913–15 жылдары Пішпектегі ауыл шаруашылығы техникумында Т.Рысқұлов, Қ.Сарымолдаевтармен бірге оқыған. 1915 жылы Меркеде учаскелік агроном болып жұмыс істеген. 1916 жылы Меркедегі батыр Ақкөз Қосанұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты. 1917 жылы Рысқұловпен бірге Қырғыз (қазақ) жастарының революциялық одағын құруға ат салысты. 1919–21 жылдары Әулиеата уездік төтенше комиссия төрағасы болып сайланды. 1921–22 жылдары Сырдария болыстық жер ш. бөлімі бастығының орынбасары 1922–24 жылдары Түркістан Республикасы ОАК төрағасының орынбасары 1924–27 жылдары Қазақ АКСР-і сауда халкомының орынбасары болған. 1927–29 жылдары Астрахань облысының Қазақстанға қосылуына байланысты туындаған бірқатар таласты мәселелерді (Қазақ АКСР-і құрылған кезде халық санағының дұрыс жүргізілмеуіне, Астраханьның Қазақстанға қосылмауы заңсыз деп танылуына қатысты, тағы басқа) тексеруге Астраханьға жіберілді. Бірақ бұл мәселе Ресейдің пайдасына шешілді. 1929 жылы Талдықорған облысы Ақсу ауданы, 1930 жылы Мерке ауданы партия комитетінің 1-хатшысы болған. 1934–37 жылдары Алматыда ішкі істер органдарында басшы қызметтер атқарған. 1937 жылы “халық жауы” деген жалған жаламен қамауға алынып, ату жазасына кесілді. 1961 жылы 22 тамызда КСРО Жоғарғы соты әскери алқасының шешімімен ақталды. Тараз қаласы мен Мерке ауданы орталығындағы көшелерге Жылысбаев есімі берілген.“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
Дереккөздер
Санат:1894 жылы туғандар Санат:Жамбыл облысында туғандар Санат:1938 жылы қайтыс болғандар Санат:Қазақстан мемлекет қайраткерлері Санат:Саяси қуғын-сүргін құрбандары Санат:КСРО-да бұйрықпен атылғандар