Кен кесектілігі– массивтен бөлінген кен массасының түйіршіктік құрамы, яғни ондағы мөлшері әр түрлі кесектердің сандық немесе көлемдік арақатынасы. Өнеркәсіптік қазылып алынатын пайдалы қазындылардың кесектілігіне қатаң талаптар қойылады. Кен кесектерінің ірі болуы өндірістік қиындықтар туғызады және еңбек өнімділігін төмендетеді. Жер асты кеніштерінде кесектің сапашектік шамасы 200-ден 900 мм аралығында болады. Көпшілік кеніштерде кесектік сапашектігі 250 – 400 мм-ге тең. Кеннің кесектілігі пайдалы қазындылардың физикалық-механикалық қасиеттеріне, олардың құрылымына және қопару әдісіне байланысты. Тұтынушылардың талабын ескере отырып, тауарлы көмірлер мен кендерге әр түрлі кесектілік кластары белгіленеді: ұсақ кесектілік мөлшері 30 мм-ге дейін, сәл ірілері – 30 мм-ден 100 мм-ге дейін; орташасы – 100 ден 250 – 300 мм-ге дейін; ірі кесектілері – 250 – 300 ден 500 мм-ге дейін, аса ірілері – 500 мм-ден жоғары. Кен массасының кесектілігі олардың аралық үлесі арқылы тікелей немесе жанама әдістермен анықталады. Ал жеке кесектің ірілігі оның диаметрімен немесе орташа сызықтық шамамен өлшенеді. Кен кесектілігігін тікелей әдіспен анықтау көлемдік және планиметриялық болып екіге бөлінеді. Тікелей әдіспен көлемді өлшеу арқылы немесе елек арқылы бөлінген әр түрлі кесектілікті фракциялар арқылы анықтайды. Жанама әдіс ірі кесектерді қайталап ұсатудағы жарылғыш заттардың немесе шпурлардың шығыны арқылы немесе тәжірибе арқылы анықтауға негізделген. Қазақ энциклопедиясы

Дереккөздер: