Жәнібек Кәрменов (22 наурыз 1949 жылы, Қарауыл ауылы, Абай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы – 22 маусым, 1992 жылы, Алматы) – әнші, жазушы, қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артист (1990).

Өмірбаяны Арғын тайпасының Тобықты руының Бөкенші бөлімінен шыққан.

Алматы эстрада-цирк өнері студиясының (қазіргі колледж) әншілік бөлімін (педагогы Ж.Елебеков), және Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. “Өнер” баспасында редактор, Алматы мемлекеттік консерваториясында халық әндері кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Ол өзіндік ән орындаушылығымен ерекше көзге түсті, көптеген халық композиторларының шығарма өмірі мен мұрасын насихаттау және олардың ұмытылған ән мәтіндерін қалпына келтіру ісіне мол үлес қосты. Кезінде Қазақ радиосы мен телевизиясы арқылы халық әншілері мен әншілік дәстүр жайында хабарлар (А.Сейдімбекпен бірге) жүргізді.

«Ақылбайдың әні», «Махаббат әні», «Ғашықтың тілі» атты прозалық кітаптар, өнер адамдары туралы 200-ден астам мақалалар жазды. 1990 жылы «Өнер» баспасынан екі томдық «Халық әндері мен халық композиторларының әндері» атты жинағын шығарды.

Кәрменов «Толғау», «Шыңғыстауға арнау», «Бабалар», «Ағалар-ай», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?», т.б. әндердің авторы.

1984 жылы концерттік- орындаушылық, зерттеу қызметтері және жастар арасында халық өнерін насихаттаудағы жұмыстары үшін оған Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді.

1996 жылы оның есімі Қарауыл ауылындағы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы) музыка мектебіне берілген.“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9

Дереккөздер

Сілтемелер Кәрменов Жәнібек (1949 - 1992 жж.) Кәрменов Жәнібек Шаһ-Керім Кәрменов: «Әкемнің қара домбырасы иесіз емес» Жәнібек Кәрменов

Санат:Қазақстан әншілері Санат:Қазақстан жазушылары Санат:Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Санат:Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегерлері