Шамсуддин Мұхаммед Хафиз Ширази () (1306 жылы шамасында, Шираз шаһары – 1371, сонда) — парсы ақыны және сопылық шейх. Құранды жатқа біліп, Хафиз атанған.
Өз заманының ең озық ғылыми жетістіктерін меңгерген. Xафиз ғазалдары парсы әдебиетінің жауһар туындылары қатарына саналады. Оның ғазалдарынан басқа рубаи, тәржибәнд және сақинамалары да бар.
Оның даңқын шығарған ғазал жанры, негізінен иләһи махаббат сарынында, яки Аллаға деген ғашықтықты жырлайды. Xафиз сопылық әдебиеттің аса көрнекті өкілі, оның сопылық сарынындағы ғазалдары өзінен кейінгі әдебиетке де үлкен әсерін тигізді. Xафиз туындылары Еуропа әдебиетінде үлкен бағаға ие болды, Гёте, Пушкин, А.К. Фет жоғары бағалаған. Xафиз туындылары дүние жүзінің көптеген тілдеріне аударылған.
Қазақ әдебиетінде Абай Xафиз туындыларын ерекше қадірлеген. Шәкәрім оны ұстаздары қатарына қосқан. Шәкәрім Хафиздің "Көрініске шоқынған", "Кел, аяқшы қымыз қүй", "Тұр аякшы, бер қымыз", "Көңіл жібі қолымнан", "Егер сүйікті ол бала", "Анық ерге жолдас бол", "Мәжілісінде досыңның", "Кешегі басшымыз піріміз" деп басталатын өлеңдерін аударып, 1918 жылы"Абай" журналының 3 санына бастырған. Өзінің бұл аудармасы "парсы жұртында әрі білгіш данышпан, әрі ақын Қожа Хафизды", "Қазақ жұртының талапты да, алғыр жастарын таныс қылмақ ниетте" жасағанын жазады. Xафиз ғазалдарын қазақша сөйлеткен екінші аудармашы - Ә.Жәмиев. Ол ұлы шайырдың 194 ғазалын, бірнеше рубай, тәржибәндтарын және "Сақинаме" дастанын аударған.“ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.ISBN 9965-26-096-6
Дереккөздер
Тағы қараңыз Хафиз кесенесі
Санат:Иран ақындары Санат:Орта ғасыр жазушылары Санат:Парсы ақындары Санат:Шираз тұлғалары Санат:XIV ғасыр ақындары