Қолтықгүл, миддендорфия (Mіddendorfіa) – тергүл тұқымдасына жататын бір жылдық өсімдік. Қазақстанда Ертіс өзенінің бойында, Каспий ойпатында, Сарыарқа мен Зайсанда кездеседі. Ылғалы мол шабындық жерлер мен өзен аңғарларында өсетін 1 түрі – днепрлік қолтықгүл (mіddendorfіa borysthenіca) бар. Оның биіктігі 2–15 сантиметр. Сабағы тік, жоғарғы бөлігі 4 қырлы. Жұмыртқа тәрізді бүтін жиекті отырмалы (сағақсыз) жапырақтары сабаққа кезектесіп орналасады. Қысқа сағақты дара гүлдері жапырақ қойнауларында (қолтықтарында) жетіледі. Әрбір гүлінің гүл табанынан түтік тәрізді ұзынды-қысқалы кезектесіп 12 тостағанша, 6 қызғылт түсті күлте жапырақшалары дамиды. Аталығы – алты, аналығы біреу. Мамыр – тамыз айларында гүлдеп, қыркүйекте жеміс салады. Жемісі – көп тұқымды, жоғарғы жағы 4 тісті болып ашылатын қауашақ. Тұқымы жұмыртқа тәрізді, сырты дөңес, іші шұңқыр.Қазақ энциклопедиясы
Пайдаланған әдебиетттер
Санат:Тергүлдер