Ортан, ортан қол. Бес саусақтың ортасындағысы, үшіншісі. «Мынау-мынау ортан қол, Кішілерге қамқор қол. Төртеуінің ағасы, Білектің үлкен баласы» («Балдырған»).
Төркінін іздеп әуре болмай-ақ, мұның «ортан қол» аталынуы өзінен-өзі белгілі емес пе деушілерге қарсы дау айту да қиын. Былай қарағанда бұл атауды алған саусақ қалғандарынын, дәл ортасында орналасқан. Осының өзі де оның «ортан қол» аталуына жеткілікті себеп. Алайда, сөз төркінін, тіл деректеріне сүйене отырып,басқаша іздестіру орынды көрінді.
Түркі тілдерімен туыстас саналатын моңғол тілінде «урт» сөзі біздегі «ұзын» мағынасын береді де, «уртын» болса, «ұзындық» ұғымын меншіктенеді. Өте ертеректе түркі тілдерінде де «ұзын» мағынасын «урт» не «уртын» тұлғалас сөздер беруі мүмкін. Олай деуіміздің себебі қазіргі кездегі кейбір түркі тілдерінде, дыбыстар сәйкестігіне байланысты, сәл өзгеше дыбысталуы да кездесіп қалып отырады. Туваларда «үр», якут тілінде «усун» сөздері мағына жағынан біздегі «ұзынмен» барабар. Тіпті моңғол тобындағы қалмақ тілінде дыбыстық жағынан сәл өзгеріс байқалады: ут — ұзын. Осыларды салыстыра келгенде, біздегі «ұзын» сөзінің өзі «урт» (моңғолдардағы), «үр» (тувалардағы) тұлғаларының өзгеше түрі болуы ықтимал (салыстырыңыз: көр~көз). Демек, «р» мен «з» дыбыстарының сәйкес келуі заңды құбылыс. Сөйтіп, біздің топшылауымызша, «ортан қол» дегеніміз мағынасы жағынан «ұзын қол» дегенмен бірдей.Бес жүз бес сөз.— Алматы: Рауан, 1994 жыл. ISBN 5-625-02459-6
Дереккөздер
Санат:Лингвистика