thumb Эгей өнері - Қазіргі заманғы көптеген ғалымдардың пікірінше, Шығыс Жерорта теңізі өңірінде гректер келместен едәуір бұрын түрлі тілде сөйлеген талай дүркін халық өткен. Тіпті, сонау неолиттің алғашқы мәдениеті гүлденген шағында, біздің эрамыздан бұрынғы V—IV мыңжылдықтарда Балқан түбегін, Кіші Азия жағалауы мен Эгей теңізі аралдарын эгейліктер деп аталатын ел мекендеген. Олардың тілінің қазіргі Европаның, Иранның, Үндістанның күллі халқын түгел дерлік қамтитын үндіевропалық тілдердің үлкен семьясымен және эгейліктермен орын алмасқан тайпалар тілдерімен туыстығы жоқ дейтін пікір бар.
Бұл тайпаларға, ең алдымен, кейін Кіші Азия территориясында қоныс теуіп, сонда біздің эрамыздан бұрынғы II мыңжылдықта аса қуатты Хетт патшалығын құрған хетт-лувиялықтар, сондай-ақ гректердің тура алдында ғана өмір сүріп, біздің эрамыздан бұрынғы III мыңжылдықта Грекия құрлықтарын мекендеген пеласгтар кіреді. Тек біздің эрамыздан бұрынғы III мыңжылдықтың аяғында Балқан түбегінің солтүстік аймақтарын алып жатқан грек-ахейліктер қоныс аударған ортаевропалық тайпалардың қысымымен оңтүстікке — орта Грекия мен Пелопоннеске қарай ығысты. Олардың отанына айналған жаңа қоныстың табиғаты қатал да жұтаң еді
Оның территориясының басым бөлігін алқаптармен алмасқан таулар сілемі алып жатқан болатын, тек солтүстігіндегі Фессалия мен қиыр оңтүстігіндегі Пелопоннес түбегінде ғана құнарлы жазық кездесетін. Бұл елді мекендеген грек тайпалары егіншілікпен айналысып, жүзім мен зәйтүн екті, бау өсіріп, тау бөктерінде мал бақты. Олардың тіршілігі ұдайы теңізге тәуелді болды.
Грекияның шығыс жағалауы кемелер ықтауға қолайлы пұшпақ-пұшпақ шығанақтар мен қойнауларға толы. Эгей теңізінде теңізшілерге тамаша бағыт көрсетіп тұратын жүздеген үлкенді-кішілі арал самсап жатыр. Гректер, ең әуелі, шығысқа, эгей мәдениетінің аса маңызды орталықтары орналасқан Кіші Азия жағасы мен Крит аралына баратын теңіз жолдарын игерді.
Осы мәдениеттің ашылуы — археологияның ең ғажайып жетістіктерінің бірі. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап ғалымдар жүргізіп жатқан қазба жұмыстарының арқасында Шығыс Жерорта теңізінің бұрын белгісіз болып келген құл иеленуші мемлекеттері анықталды. Кіші Азия жағасынан ұлы грек ақыны Гомер жырлаған аңызға айналған Троя үйінділері, Крит аралынан бай қалалар мен сарайлар, Пелопоннес түбегінен грек билеушілерінің мықты қорғандары табылды. Криттегі Кносс сарайы мен оңтүстік Грекиядағы Пилос сарайынан археологтар құпия жазуы бар жүздеген қыш тақташалар ашты.
Олардың ең ертеректегі сызба буынды «А» таңбалы жазуы деп аталатын түрі әлі оқылған жоқ, ал таяуда зерттеушілер «Б» жазуы тақташаларының кілтін тапты. Таңбалар грек тілінде жазылған екен. Тақташалар тексінде біздің эрамыздан бұрынғы II мыңжылдықтың орта шеніндегі эгей дүниесіндегі көне құл иеленуші мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық және саяси құрылысы туралы құнды мәліметтер бар. Оқылған жазулардың көбісі финанстық, әкімшілік документтері: егіншілер мен қолөнершілердің салық төлегені туралы ведомостар, сарайлар қоймаларында сақталған азық-түлік пен әр түрлі бұйымдар тізбегі, құдайларға шалынатын құрбандық пен патшаның кең-байтақ шаруашылығында қызмет істеген құлдар тізімі.
Ежелгі Шығыстың көптеген мемлекеттерінде қыш тақташаларға мұндай жазуларды жазатын сарай құснихатшылары еді. Жылдан-жылға эгей өнері тамаша ескерткіштерінің саны артқан сайын Ніл мен Қосөзен алқаптарында аса қсатты құл иеленуші деспотияның сонау асқынған заманында дамыған өркениет ғасырлар түнегінен тұлғалана береді. Ол Балқан түбегінің оңтүстік бөлігін, Эгей теңізі аралдары мен Кіші Азия жағалауын қамтитын. Алайда, оның тарихының көбісі әзірше көмескі. Біздің эрамыздан бұрынғы II мыңжылдықта эгей мәдениетінің аса маңызды орталықтары Крит аралы мен Пелопоннес түбегіндегі Микены болған. Сондықтан да эгей өркениеті көбінесе крит-микены мәдениеті деп аталады.
Грек аңыздары бойынша Крит — ұлы жебеуші, найзағай тәңірі Зевстің туған жері. Ол бұған Финикия патшайымы Европаны әкеліп, одан аралдың болашақ билеушісі Минос туған. Геракл ерліктерінің бірін Критте жасаған, құтырған бұқаға бас үйреткен. Гомер дастандарында «шарап түсті теңіздщ ортасындағы» «әсем де бай, жан-жағын толқындар шайып жатқан» осы аралды халқы қалың, қалалары бай құтты ел ретінде мадақтады. Криттіктердің ата-тегі дәл анықталмаған, бұл проблема ғалымдар арасында әлі күнге қым-қиғаш талас туғызып келеді. Біреулер арал тұрғындарын Жерорта теңізі өңірінің ең байырғы жұрты эгейліктердің жұрағаты деп есептеп, криттіктер сөйлеген және қыш тақташалардағы сызба буынды «А» таңбалы жазуларындағы миной тілін үндіевропалық тілдерге жатқызбайды.
Біреулер, керісінше, біздің эрамыздан бұрынғы III мыңжылдықтың орта шенінде аралды хетт тіліне жақын тілде, яғни үндіевропалық тілдер семьясына жататын тілде сөйлеген Кіші Азиядан көшіп келушілер қоныстанды деп жорамалдайды. Крит тұрғындары аралдың құнарлы алқаптарын өңдеп, мол өнім алды, бау мен жүзім өсірді. Балық аулап, мал бақты, жолдар тартып, көпірлер мен құбырлар салды, қалалар мен әміршілер сарайларын тұрғызды. Шебер де ер жүрек теңізші криттіктер құрлықтағы Грекиямен және аралдармен, Кіші Азия жағалауларымен, Кипрмен, Сирия патшалықтары және Сицилиямен, Вавилон және Мысырмен, хеттер мемлекетімен, Солтүстік Африкамен сауда және мәдени байланыс жасап тұрды.
Теңіз аралды соғыс пен шапқыншылықтан қорғады. Крит Жерорта теңізінің қызу сауда жолдарының тоғысқан торабында жатқандықтан, жағаға жақын аса ірі Кносс, Фест және Маллия қалаларының салынуы тегін емес.
Мекендердің айналасына дуал тұрғызылмағанына қарағанда б. э. бұрынғы XXII—XVIII ғасырларда бұл қалалар өзара достық қатынаста өмір сүрген дербес патшалықтардың астаналары болған тәрізді. Б. э. бұрынғы II мыңжылдықтың басында Крит қалаларында патшалар сарайлары салынды. Олар, сірә, екі-үш ғасырдай өмір сүріп, б. э. бұрынғы 1700 жыл шамасында қатты жер сілкіну кезінде бәрі бірден опат болса керек. Б. э. бұрынғы XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап, Критті мекендеген тайпалар бір әкімнің қол астына бірікті. Мемлекеттің орталығы Кносс қаласы болды. Бұл крит мәдениетінің шарықтап гүлденген шағы еді.
Б. э. бұрынғы 1600 жыл шамасында күйреген ескі сарайлардың орнына олардан да айбынды сарайлар салынды.
Крит сәулет өнерінің ең атақты ескерткіші ағылшын археологы Артур Эванс XX ғасыр басында аршып алған Кносс сарайы. Ол аласалау төбенің үстінде шамамен 120X120 м алаңды алып жатыр.
Ежелгі Мысырдың симметрияны бұлжытпай сақтайтын, адамның еңсесін басатын монументтік сәулетіне қарағанда, Кностағы сарайдың мұқият ойластырылған айқын жоспары жоқ. Ол айналадағы пейзажбен табиғи қабысып тұр, ал ішкі бөлмелерінің орналасуында еркіндік пен әсемдік сезіледі. Кносс сарайы алып сәулет комплексінің дәл ортасында аумақты жалпақ аула (60X28 м) жатыр. Солтүстіктен оңтүстікке қарай созылған сол аулаға тақта тас төселген. Жанжағы әр заманда жапсарлас салынған хұжыралар: біразы — ауламен деңгейлес, біразы — төмен, бірсыпырасы — екі-үш қабат биік. Сарайдың бас қақпалары солтүстік пен оңтүстік жағында тұр. Ғимараттың батыс қанатының төменгі қабаттарында астық, май, шарап пен овощ салынатын қомақты қыш ыдыстар қоюға арналған кең қоймалар болған.
right|thumb|300px|Кносс сарайы
Патшаның қазынасы мен қару-жарағы сонда сақталған. Шығыс қанаттың бір бөлігіне сарай- да жұмыс істеген қолөнершілер мен суретшілердің шеберханалары орналасқан. Кносс сарайының екі қапталындағы бірімен-бірі жапсарлас жүздеген хұжыралар, тұрғын бөлмелер мен салтанат залдары, ғибадатхана мен патша апартаменттері, діни рәсімдерге арналған бөлмелер мен бассейндер, табыну салтына негізделген театр ойындарын өткізетін алаңдар мен орталық аулаға қарай ашылған кең верандалар болып тізілісіп кете береді. Басқыштардың ыңғайлы сатылары бір қабаттан екінші қабатқа көтерсе, бүкіл ғимаратты төменнен жоғары қарай жарып өтетін басқыш шабақтары ауа жіберіп, жарық түсіретін, сәулелі құбырлар міндетін атқаратын өзінше бір ішкі аула іспетті. Бұл сарай тұрғындарын күннің шыжғырған ыстығынан қорғап, бөлмелерді салқындатып тұратын. Күрделі канализация жүйесі асқан шеберлікпен шешілген.
Крит шеберлері сәулет өнеріне колонналарды пайдаланды. Кносс сарайының көптеген залдарында арқалықты тасқа тірелген ағаш колонналар сүйеп тұрған. Олардың түрі де өзгеше: колонна діңі төменнен жоғары өрлеген сайын жуандай береді. Мұндай бағаналар сатылап көтерілетін колоннаданы құрайтын басқыштарға да тірек болды. Ғимараттың шығыс бөлігінде баспалдақ бойлап, жарық түсіретін құбыр мен оған таяу үлкен колонналы зал жақсы сақталған. Тауып алынған күйік колонналар кейін тастан қайта қалпына келтірілді.
left|thumb|300px|Кносс сарайының жоспары
Крит сарайлары мен бай үйлердің көркем жиһаздары қабырғаларды сәніне келтіре, айшықты да шырайлы безендірген суретшілердің нәзік эстетикалық талғамын танытады. Б. э. бұрынғы 1600 жыл шамасында Крит шеберлері фреска — дымқыл сылақты өрнектеу тәсілін үйреніп, оны жетік игеріп алған. Жұмысты бастар алдында олар жұмсақ сылақтың бетіне болашақ суреттің бедерін сызып алатын. Суретшілердің қолданған бояулары да сан алуан: қара, ақ, қызыл, сары, көк пен жасыл. Крит кескіндемешілерінің шығармаларындағы көрегендік пен ұшқыр қиял таңғажайып.
Хас шебердің творчестволық фантазиясы маймылдер мен еліктер, құстар мен мысықтар мекендейтін гүл атқан бұталар мен жартастардың сан құбылған ғаламат сиқырлы, сұлу дүниесін бейнелейді. Сүп-сүйкімді ақ лаланы, жыланқияқты, шиырылып жатқан шырмауықты, папирустың сабағын, әсем құрманы, су асты көркін бейнелейтін суреттерден табиғат сұлулығын терең түсінетіндік аңғарылады. Кносс сарайы апатқа ұшырап, өртенген кезде фрескалар бүлініп, бояуының өңі қашып, солғын тартып қалған еді. Құйттай жұрнақтардан азын-аулақ бейнелер ғана көп қиындықтармен қалпына келтірілді.
Фрескалы залдар бірыңғай панельмен көмкеріліп, жоғары жағына сурет салынған, залдар төбесі, қайсыбірі тіпті еденіне дейін өрнектермен әшекейленген. Әсіресе, «тақ залы» деп аталатын сарайдың батыс қанатындағы екінші қабаттағы табынуға арналған бөлмелердің бірі мейлінше әсем безендірілген.
Қабырғаларды бойлай гипс орындықтар қаз-қатар тізіліп, сол жақта, төрде арқалығы биік тақ тұратын. Қабырғаның ирек ақ сызықтармен айшықталған қызыл фонындағы папирустар сабағының арасына суретші фантастикалық грифондардың — бүркіт басты арыстандардың кескінін салған. Сурет діни рәсімдер өтетін залға ерекше сән беретін.
Сарайдың салтанат бөлмелерінің қабырғалары монументтік картиналармен көркемделген. Ұзын дәліздің оңтүстік-батыс жағындағы кіре берісте сый әкеле жатқан жігіттер мен қыздардың ұланғайыр шеруін бейнелейтін көрініс табылды. Табиғи қалпында салынған бес жүзден астам адамның суреті қабырғаларда екі қатар орналасқан. Шамасы, крит патшалығына қарайтын аймақтар мен аралдардан келген салық төлеушілерді бейнелеген болса керек. Өкінішке орай, осы қалың шеруден азын-аулақ қана жұрнақ қалған.
Басқа фрескалар бізді сарай тұрғындарының тіршілігімен, дуылдаған думанды сәттерімен таныстырады, Бұл сан алуан сюжеттер: діни мерекелер, театр ойын-сауығы, бақтардағы жігіттер мен қыздардың биі, балалар ойыны. Омырауы ашық, төгілген кең көйлек киген сарай ханымдары төңіректі айнала қоршап отыр, сәндеп қойған шаштарында тәті, мойындары мен қолдарында әшіекейлі асыл бұйымдар жарқырайды. Көріністердің бірінде далада той өткізіп жатқан адамдар бейнеленген. Қысқа жеңді, алабажақ ұзын көйлек киген ханымдар бөстек жабылған орындықтарға жайғаскан. Қолдарында күміс зерен мен алтын тостаған.
right|thumb|200px|Кносс сарайының фрескасы. «Париж қызы». Б. э. бұрынғы 1500 жылы
Археологтар «Париж аруы» деп атаған келіншектің кескіні жақсы сақталған. Үстінде үлбіреген жұқа матадан тігілген омырауы ашық көйлек. Крит келіншектерінің байырғы сәнімен қоқырайтып қойған қолаң шашы, басы бір қырынан көрсетілген, бет әлпетінің сүлдері сүйірлеу тартылып, көз жанары қарсы алдынан тура түсірілген. Фресканың көзге жұмсақ қара, қызғылт, жасьш, қызыл реңі бейнеге өзгеше өң беріп, жарасып-ақ тұр. Бет әлпетті бейнелеудегі шарттылық мәнері Ежелгі Мысыр өнерін еске түсіреді.