нобай|384x384 нүкте|Омбы мұғалімдер семинариясының куәлігі Дін-Мұхамед Ханқожаұлы Сұлтанғазин (10 наурыз 1867 жыл, Қарқаралы уезі — 1917 жыл, Баку) — қазақ журналист, тілмаш, қазақ ұлттық журналистикасының негізін қалаушылардың бірі.

Өмірбаяны 1867 жылы 10 наурызда Қарқаралы уезінде, Тоқырауын болысында туған. Төре руынан шыққан. Бөкейхан Барақ ұлының шөбересі. Әлихан Бөкейхановтың інісі.

Дін-мұхамед Сұлтанғазин (ол тегі атасы Сұлтанғазы Бөкейхановтың атынан алды) 1890 жылы Томск университетінің медицина факультетіне оқуға түсіп, бір жылдан кейін Императорлық Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетіне ауысты.

1895 жылы 1–ші дәрежелі дипломмен бітірген соң, сол университеттің заң факультетіне оқуға түсіп, 1897 жылы заңгер дәрежесін алды. Екі жоғары білім алған тұңғыш қазақ болды.

Араб, парсы, түрік, татар, орыс және француз тілдерін меңгерген 3 мамандықты меңгерген білікті қазақ 30 жасында көрнекті қазақстандық публицист және қоғам қайраткері болды. Оның журналистік қызметі 1888-1902 жылдары «Дала уалаяты» газетінде редактор және аудармашы болып жұмыс істеген кезде айқын көрінді.

Л. Толстойдың «Мужик пошел косить луга…», «Был у дурака нож», И.С. Никитиннің «Весна в степи» сияқты туындыларын қазақ тіліне аударды. Ал ғылыми еңбектері негізінен Қазақстанның Ресейге қосылғанға дейінгі саяси-құқықтық құрылымына арналған. Әсіресе билер сотының тиімділігі мен гуманистік сипатына баса назар аударады.

1896 жылы Ақмола облысы Көкшетау уезіне қазақ халқының аңыз-әңгімелерін жинауға барған Потанинмен бірге жүріп, аңыз-ертегілерді орысшаға аударып берген.

1910 жылдан өмірінің соңына дейін Бакудегі мұсылмандарды оқытатын діни орталықта шығыс тілдерінен дәріс оқиды.

Көп жылдар "Дала уәлаяты" газетінде аудармашылық қызмет атқарған. Оның газетке басылған мақалаларының қай-қайсысынан да прогрестік, ағартушылық идеяны байқауға болады. Ыбырай Алтынсариннің ағарту саласындағы істерін қолдап, оны қай жағынан да өзіне ұстаз тұтқан. Қазақ тілі туралы көлемді мақалалар жариялап, оның сол кездегі жағдайына, болашағына дұрыс талдау жасаған.

Оның шет ел сөздерін орынсыз алудың дұрыс еместігі, алған кезде оны қалай транскрипциялау керектігі, қазақ тілінің өзге түркі тілдерінен ерекшелігі, араб әліпбиінің қазақ сөздерін жазуға келе бермейтіндігі сияқты пікірлері әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ.Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3Сұлтанғазин Дінмұхамед // Шығыс жұлдыздары: энциклопедиялық анықтамалық. Т.2 / Құраст. Есдәулет Ұ.; Құрмансейіт Қ.; Кәпұлы Д. - Астана: Фолиант, 2011. – Б. 287-288. ISBN 978-601-292-359-9

Дереккөздер

Санат:Қазақ тілін зерттеушілер Санат:Қазақстан журналистері Санат:Қазақстан аудармашылары Санат:Томск университеті түлектері Санат:Дала уәлаяты тұлғалары