Шу-Сарысу шөгінді алабы Шу-Сарысу шөгінді алабы да біркелкі зерттелмеген, оның ауқымындағы көбірек зерттелген Мойынқұм ойысымы. Бүгінгі деңгейдегі сейсмикалық зерттеулер алап ауқымында мүлдем жүргізілмеген, себебі алапты зерттеудің негізгі кезеңі өткен ғасырдың 80-жылдарында аяқталған болатын. Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесі алаптың газға деген потенциалы шектеулі екендігін керсеткен болатын, бұл жайт 2004 жылы жүргізілген бүгінгі деңгейдегі геохимиялық зерттеулермен растала түсті. Мүмкін деген жаңа ашылулар негізінен Мойынқұм, Тасбұлақ және Көкпансор ойысымдары ауқымындағы әзір бұрғыланбаған жергілікті құрылымдардың таскөмір және девон түзілімдерімен байланыстырылады.
Қазақстанның жоғарыда сөз болған шөгінді алаптары біршама тыңғылықты, алайда әркелкі дәрежеде зерттелген, олардың әркелкі деңгейде зерттелуінің екі түрлі себебі бар. Олардың біріншісі, алаптардағы мұнай-газ шоғырлану белдемдерін даралау принципіне негізделген, осы принципке сәйкес аталған белдемдер ғана бірінші кезекте және толықтай зерттелді, сөйтіп алап ауқымындағы ең маңызды деген құрылымдық элементтер және оларға тиесілі әр түрлі типтегі жергілікті нысандар дараланды. Мұнайгаздылықтың таралу заңдылықтарын ескере отырып, мәселеге осылайша келу Қазақстанда қазіргі таңда белгілі болып отырған сұйық және газ түріндегі көмірсутектердің шикізаттық базасын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Алаптардың мұнай-газ шоғырлану белдемдеріне кірмейтін құрылымдық элементтері де зерттелді, алайда бұл зерттеулер геологиялық барлау жүмыстарының шектеулі мөлшерлерімен сипаттала отырып, олардан мұнай мен газ кенорындарын іздеудің перспективасы жоқ екендігін растады. Осы айтылғандардың бәрі, сайып келгенде, алаптардың әркелкі дәрежеде зерттелуіне себепші болды.
Алаптардың мұнай-газ шоғырлану белдемдері ауқымындағы шөгінді тыс қималарының бірдей дәрежеде зерттелмеуінің екінші себебі негізінен терең орналасқан кешендерді зерттеуде қолданылатын ұрғылау жұмыстарын жүргізу қажеттілігін негіздеу барысындағы техникалық-технологиялық және экономикалық факторлармен байланысты.
Қазақстанның өзге шөгінді алаптарының арасында сейсмикалық зерттеулердің қанағаттанарлық деңгейі Арал, Зайсан және Ертіс маңы (Солтүстік Қазақстан) алаптарында, жарым-жартылай Теңіз алабында жүзеге асырылған. Бұл алаптардың ауқымында жекелеген бұрғылау ұңғымалары да болған, олар мұнайгаздылық перспективаларын зерттеу, немесе өзге пайдалы қазба кенорындарын іздестіру мақсатында қойылған. Бұл аймақтардың зерттелу дәрежесі құрылымдық тектоникалық аудандастыру шараларын қанағаттанарлық деңгейде жүзеге асыруға жарамды, ал мұндай аудандастыру мұнайгазгеологиялық аудандастырудың және келесі кезектегі мұнайгаздылық перспективасын кешенді түрде бағалау шараларының базалық негізі болып табылады.
Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінің потенциалы мұнай мен газдың барланған қорлармен, сол сияқты олардың келелі (перспктивалық) және болжамдық ресурстарымен анықталады. Бұлардың алдыңғылары бұрынырақ табылған, сөйтіп қазір игеріліп немесе барланып жатқан, әйтпесе уақытша сақталып қойылған кенорындармен байланысты. Келелі және болжамдық ресурстар әзір табыла қоймаған, бірақ анықталған әр түрлі типтегі жергілікті тұтқыштар тұрғысынан (келелі және шоғырландырылған болжамдық ресурстар), немесе алаптың ірі-ірі құрылымдық элементтері мен литологиялық-стратиграфиялық кешендері тұрғысынан жеткілікті дәрежеде ғылыми тұрғыдан негізделген ресурстар болып табылады.
Қазақстанда табылған кенорындардың қорларын бағалау жұмыстары, сол сияқты келелі және болжамдық ресурстарды кешенді турде бағалау шаралары тұрақты түрде жүргізіліп тұрады, мұның өзі республиканың мұнай-газ саласының қазіргі жағдайы мен болашақ даму перспктиваларын саралауға жеткілікті дәрежедегі негіз болып табылады.
2005 жылдың 1-ші қаңтарына есептегенде, Қазақстанда мұнай мен газдың 230 кенорны белгілі, олардың 131-і Каспий маңы ойысында, 18-і Солтүстік Үстірт-Бозашы алабында, 57-і Оңтүстік Маңғыстауда, 15-i Оңтүстік Торғайда және 9-ы Шу-Сарысу шөгінді алабында. 210-ға жуық кенорын мемлекеттік баланс тұрғысынан есепке алынған, қалғандары мұнай мен газдыңжекелеген ағымдарымен ғана сипатталатын барланып жатқан алаңшалар дәрежесінде. Шу-Сарысу алабы ғана таза газды алап болып табылады, қалғандары негізінен мұнайлы алаптар санатына жатады, алайда бұл алаптарда да газ және газ-конденсат кенорындары мен жекелеген жатындары ұшырасады, және де олардағы мұнай мен дербес газдың бір-біріне деген қатынасы әр түрлі болып келеді.
Мунайдың дәлелденген қорларының мөлшері жағынан, яғни республикада қабылданған қорлар жіктемесінің А + В+С1 категориялары бойынша, Қазақстан дүние жүзіндегі мұнайдың дәледенген қорларының 90 %-ын иеленген 16 елдің қатарына кіре отырып, осы тізбекте 14-нші орынды иеленеді. Ал шындыққа сәйкесу деңгейі өте жоғары бағаланатын Қашаған және Теңіз кенорындары бойынша есептеліп шығарылған шамамен бағаланған қорларды (С2 категориясы) есепке алар болсақ, Қазақстан дүние жүзі елдерінің алғашқы ондығына кіре отырып, осы тізбектегі, Ресей Федарациясынан кейінгі, 8-нші орынды иеленеді. Сұйық көмірсутектердің, яғни мұнай мен газды конденсаттың жиынтық мөлшері тұрғысынан да Қазақстан осы тізбектің 8-нші орнында. Сұйық көмірсутектердің дәлелденген және шамамен бағаланған қорлары жағынан республиканың жиынтық потенциалы әлемдік дәлелденген қорлардың 3,5 %-н құрайды.
Отандық және шетелдік мамандардың болжамдық бағалау деректеріне сәйкес, барланған қорлардың еселей артуы тек қана Каспий теңізі айдынының табанынан ғаламат ірі кенорындардың ашылу мүмкіндігімен байланыстырылған болатын. Осы болжам республика мұнайының қорын 35 %-ға өсіруге мүмкіндік берген Қашаған кенорнының ашылуымен расталып отыр. Мұндай ғаламат ірі кенорындардың болашақта да табылу мүмкіндігі күмәнді, десек те біршама ірі ашылулар жоққа шығарылмайды, олар бірінші кезекте Каспий теңізінің бозащылық белігіндегі мезозойлық түзілімдермен, атап айтқанда Құрманғазы алаңшасымен, Каспий айдынының солтүстігіндегі палеозойлық карбонатты массивтермен, сол сияқты Оңтүстік Маңғыстау алабындағы Песчаномыс-Ракуш және Беке-Басқұдық бөліктерімен байланысты болуы тиіс. Шөгінді алаптардың құрлықтағы бөліктері ауқымынан ірі-ірі кенорындар ашылу мүмкіндігі тамамдалғанға ұқсайды,сондықтан барланған қорлардың бүгінгі қол жеткен деңгейі тұрақты деңгейге жақындап келеді. Бозащы секторының мезозой түзілімдерінен және Каспийдің солтүстік бөлігіндегі тұзүсті түзілімдерінен қоры жағынан ұсақ және орташа кенорындар санатына жататын, негізінен мұнай кенорындарының ашылу мүмкіндіктері әлі де болса өте жоғары бола тұрса да, бұл ашылулар қорлар балансын күрт жоғарлатып жібере алмайды, себебі, біріншіден, бұл ашылулар ұзақ уақыттарға созылатын болады, екіншіден, жаңадан анықталатын қорлар қазір игеріліп жатқан кенорындардан алынатын сұйық көмірсутектердің мөлшерін белгілі дәрежеде жауып отыруға ғана жететін болады.
Жоғарыда келтірілген өте маңызды қорытынды Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібі дамуының стратегиялық бағытын анықтайды, бүл бағыттың негізгі міндеті көмірсутектердің қазіргі бар қорларын ұтымды пайдалана отырып, қазіргі таңдағы белгілі кенорындарды игеру шараларын тұрақтандыру болып табылады.
Сұйық көмірсутектерді өндіру Сұйық көмірсутектерді өндіру деңгейін алыс перспктиваларға анықтайтын негізгі базалық кенорындар қатарына Қашаған мен Теңіз кенорындарын жатқызуға болады, бұлар өздерінің мүмкіндіктері жағынан бір-бірімен шамалас кенорындар, оларда бүкіл барланған қорлардың 70 %-ы шоғырланған. Игеріліп жатқан кенорындардағы мұнай мен газды конденсаттың қалдық қорларын қоса есептегендегі барланған қорлардың 90 %-дан астамы 15 кенорынға тиесілі, олар - Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ, Өзен, Королев, Жаңажол, Қаражанбас, Солтүстік Бозащы, Құмкөл, Қаламқас, Жетібай, Әлібекмола, Ақшабұлақ, Кеңқияқ және Кенбай кенорындары. Бұл кенорындардың кейбіреулерің игерілу мерзімінің ең жоғарғы көрсеткіші 25-40 жыл аралығында, алайда бұл кенорындардағы мұнайдың өндіріп алуға болатын қалдық қорлары да біршама жоғары деңгейде. Кенорындардың бір бөлігі әлі де болса игерілмеген, немесе игерудің бастапқы сатысында. Олай болса, 15 базалық кенорындардағы сұйық көмірсутектердің барланған қорларының дайындалған базасы және олардың жоғары дәрежеде шоғырлануы болашаққа сеніммен қарай отырып, мұнай мен газды конденсат өндіру деңгейін өсірудің геологиялық мүмкіндіктері шынында да жоғары дәрежеде деп мәлімдеуге мүмкіндік береді. Бұл орайдағы негізгі кедергі көнорындарда жинақталған мол мұнай шоғырларындағы еріген және дербес газдар құрамындағы күкіртсутектердің жоғары концентрациясын аластайтын, сол сияқты мұнайды меркаптандардан тазартатын қуатты қондырғылардың әлі де болса жетімсіздігі болып табылады. Мұнайдың жинақталған мол мөлшерлерін сыртқы рынокқа тасымалдаудың тиімді жолдарын қарастыру мәселесі де принциптік мәселе дәрежесін иелене бермек.
Дербес және еріген газ Қазақстанның газға деген потенциалы да дербес газдың барланған қорларымен және әзір барланбаған, яғни күтілген (перспективалық) және болжам ресурстарымен анықталады. Дербес газдың, яғни газ жатындары мен газды тақия газдарының қоры жағынан Қазақстан барланған газ қорының 90 %-ына иелік ететін 23 елдің ішінде 16-шы орынды иеле- неді. Қазақстан дүние жүзіндегі газ қорының 1,3 %-на ие. Газдың барланған қорларының 97 %-ға жуығы Батыс Қазақстан аймақтарында, оның 75 %-ы Батыс Қазақстан облысында, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарының үлесіне 7-8%-дан келеді. Газдың басым белігі Қарашығанақ кен орнында шоғырланған. Республиканың газдық потенциалы Каспий теңізі айдынының табанынан жаңадан ашылған газконденсатты-мұнайлы кенорындар есебінен артатын болады.
Дербес газдың жыл сайынғы өнімінің 80 %-ын Батыс Қазақстан облысы, 13 %-ын Маңғыстау облысы қамтамасыз етеді, қалған бөлігі өзге облыстар мен аудандардың үлесінде. Газ өндіру деңгейін Қарашығанақ, Имашев, Чинарев, Ұрықтау, Жаңажол, Теңге, Жетібай, Оңтүстік Жетібай, Амангелді, Шағырлы-Шөмішті кенорындары және кенорындардың Прорва тобы қамтамасыз етеді, бұл кенорындарда дербес газдың қазіргі кезде барланған қорының 95 %-ға жуығы шоғырланған. Алайда аталған кенорындардың кейбіреуінде газасты мұнай жастықтары мен мұнай жұрындарының болуы сол жатындардың газды бөлігін игеруге енгізуге мұнайды түгел алып болғанға дейін кедергі келтіретін болады. Газды оның құрамындағы күкіртсутектердің мол концентрациясынан тазарту проблемасы Имашев кенорнын игеруге күні бүггінге дейін кедергі келтіріп отыр.
Дербес газдың барланған қорларын арттырудың шын мәніндегі мүмкіндігі Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы жаңа кенорындардың, олардың ішінде ірі кенорындардыңда ашылуымен байланысты. Және де мұндағы өнімді болып табылатын мезозой кешендерімен байланысты жатындар мен кенорындар күкіртсутекті кіріктіріп жарымайды, мұның өзі олардың тез арада игере бастау мумкіндігіне қол жеткізеді. Қазақстанның газға деген потенциалында мұнайда еріген газдардың үлкен маңызы бар, олардың барланған қорлары дербес газдың барланған қорларынан артық. Еріген газдар қорының 85 %-дан астамы Атырау облысындағы Қашаған және Теңіз кенорындарында шоғырланған, сондықтан бұл кенорындарды игеру барысында алынған газды мұнай жатындарына жарым-жартылай қайтадан айдау шараларымен анықталатын технологиялық іс-шаралар жоспарланған. Алайда бұл кенорындардан алынған еріген газдың бүкіл мөлшері жатындарға қайтадан айдалмайтындығы сөзсіз, сондықтан олардың бір бөлігі республиканың ішкі өңіріндегі және экспорттық қажеттіліктерді қамтамасыз етуге жұмсалатын болады. Пайдалы қазбалардың мемлекеттік балансымен 130 газ кенорны есепке алынған. Олардың ішінде 3 кенорын бастапқы өндірілмек қорларының пайдалы қазба қорларының Мемлекеттік комиссиясының жіктемесіне сәйкес бағаланған мөлшері жағынан ғаламат ірі (300 млрд. м3), екеуі өте ірі (100,1-300 млрд. м3), төртеуі ірі (30,1-100 млрд. м3), сегізі орташа (10,1-30 млрд. м3), он жетісі шағын (3,1—10 млрд. м3), жиырма бесі кішірек (1-3 млрд. м3) және жетпіс бірі өте кішкентай (1 млрд. м3-ге дейін) кенорындарға жатады.