Аманғали Нысанғалиұлы Нысанғалиев (15 желтоқсан 1947, Наурызалы ауылы, Қызылқоға ауданы, Гурьев) – қазақстандық инженер-жобалаушы, техникалық ғылымдар докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясының академигі. Қазақстанның мұнай-газ саласындағы көрнекті ғалымдарының бірі, магистральдық мұнай және газ құбырларының қауіпсіздігі, беріктігі және экологиялық сенімділігі бойынша ғылыми мектептің негізін қалаушылардың бірі. «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстан Республикасының жер қойнауының құрметті барлаушысы» атағының иегері.

Өмірбаяны Нысанғалиев Аманғали Нысанғалиұлы 1947 жылы 15 желтоқсанда Атырау облысы Қызылқоға ауданының Наурызалы ауылында дүниеге келді. Әкесі Нысанғали Тілеубаев — Ұлы Отан соғысының II топ мүгедегі, колхоз қызметкері; анасы Қанапия Нысанғалиева алты баланы тәрбиелеп өсірген. Отбасы еңбекқорлығы мен білімге деген құштарлықты ерекше бағалаған.

Білімі 1954 жылы Бесқала жетіжылдық мектебіне қабылданып, кейін Райгородоктағы Қаракөл орта мектебінің интернатында оқып, 1965 жылы бітірді.

1970 жылы Қазақ политехникалық институтының (ҚазПТИ) мұнай факультетін тәмамдады.

1997 жылы Техника ғылымдарының кандидаты.

2003 жылы «Магистральдық мұнай құбырларының экологиялық қауіпсіздігін арттыру тәсілдері» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.

Еңбек жолы 1970 жылы жас инженер ретінде «КазНИПИнефть» институтында еңбек жолын бастады. Мұнда инженер, топ жетекшісі, бөлім бастығы, кейін бас инженер ретінде жұмыс істеді. Оның алғашқы жобалары Өзен, Жетібай сияқты күрделі кен орындарының инфрақұрылымын жобалаумен байланысты болды. Шығармашылық ойлау қабілеті мен инженерлік шешімдер ұсынудағы батылдығы әріптестері арасында ерекше байқалды.

1995 жылы жаңадан құрылған «КаспийМунайГаз» мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау институтының бас директоры болып тағайындалды. Оның басқаруымен институт қызметінің көлемі 12 есеге өсті. Институт теңіз жобалауының жаңа стандарттарына көшіп, оффшорлық инженерия бағытында дамыды.

2003 жылы «КИНГ» АҚ вице-президенті қызметіне кірісті және сол жылдары «Қазақстан – Қытай» мұнай құбыры жобасының директоры болды.

2006–2007 жылдары жаңадан құрылған «Қазақ мұнай және газ тасымалы институтының» (КИТНГ) алғашқы бас директоры болды.

2008 жылы «КИНГ» АҚ бас директорының орынбасары қызметін атқарды.

2009–2016 жылдары «ҚИНГ» АҚ жерүсті жобалау орталығын басқарды.

Ірі жобаларға қатысуы Оның ғылыми-техникалық басшылығымен келесі жобалар іске асырылды: Қазақстан – Қытай магистральдық мұнай және газ құбырлары; Бейнеу – Бозой – Шымкент газопроводын салу; Атырау – Самара мұнай құбырын кеңейту; КТК (Каспий Құбыр Консорциумы) құбырының реконструкциясы және кеңейтуі; «Қашаған» кен орнын игеру жобалары; Каспий теңізі жағалауы инфрақұрылымын дамыту жобалары; Курык кеме жасау зауыты және өзге де индустриялық кешендер.

Ғылыми және кәсіби еңбектері Аманғали Нысанғалиев — мұнай және газ саласындағы магистральдық құбырлардың беріктігі, сыртқы факторларға төзімділігі мен экологиялық қауіпсіздігі жөніндегі танымал маман. Оның ғылыми ізденістері Қазақстанның мұнай-газ инфрақұрылымын дамытуға және құбыр желілерінің сенімділігін арттыруға бағытталды.

Ғылыми еңбектері мен жаңалықтары: 50-ден астам ғылыми мақаланың авторы; 3 монография және 3 кітаптың авторы; Бірқатар өнертабыстардың, соның ішінде жаңа үлгідегі факельді жанарғының (Авторлық куәлік №1627782) авторы; Диссертациялық зерттеулері магистральдық мұнай құбырларының қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған.

Қоғамдық және кәсіби қызметі: ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі; Техникалық ғылымдар докторы, профессор; 20 жыл бойы ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі жанындағы Техникалық кеңестің мүшесі; Бірқатар ғылыми-техникалық журналдардың редакциялық алқа мүшесі.

Жеке өмірі мен отбасы Жұбайы Алма Нысанғалиева – қоғамдық және әкімшілік қызмет саласында еңбек еткен, 61 жасында өмірден озды.

Балалары: Бақтығали - Мәскеудің Курчатов атындағы инженерлік физика институтын (МИФИ) бітірген, техника ғылымдарының кандидаты; Динара - Губкин атындағы Мәскеудің мұнай-газ университетін бітірген, техника ғылымдарының кандидаты; Мағжан — Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық ғылыми техникалық университетінде оқу орнында білім алуда.

Немерелері: Абай, Асан, Абылай, Адам; жиендері: Кьяра, Тайра.

Марапаттары

«Құрмет» ордені.

Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері.

«Қазақстан Республикасының жер қойнауының құрметті барлаушысы».

«KAZENERGY 2012» медалінің иегері.

Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің Құрмет грамоталарының иегері.

Қазақстан Республикасының энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің марапаттары.

Әдебиеттер Қазақстан Республикасында кімнің кім екені - 2011. 2 томдық анықтамалық. Алматы, 2011 ІSВN 978-601-278-473-2

Өмірімнің белестері / Аманғали Нысанғалиев. «Қазақ мұнайының ардақтылары». Өмірбаян сериясы. Н.Ә. Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қоры, Алматы, 2017. ISBN 978-9965-816-77-2.

Дереккөздер

Санат:Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті түлектері Санат:КСРО мұнайшылары Санат:Қазақстан мұнайшылары Санат:Қазақстан геологтары Санат:Қазақстан жер қойнауының құрметті барлаушылары