Будандастыру — тұқым қуалаушылық (нәсілдік) қасиеттерінде ерекшелігі бар екі организмді шағылыстыру арқылы будан алу.
Будандастыру б.з.б. 2-мыңжылдықта белгілі болған, ал 18 ғасырдан бастап ғылыми жолға қойылды. 1760 жылы неміс ғалымы И.Г. Кельрейтер темекінің екі сортын қолдана отырып, будандастыру арқылы олардың буданын алған.
Будандастыру өсімдіктер мен жануарлар селекциясында жиі қолданылады. Будандастырудың екі жолы бар: қарапайым және күрделі.
Қарапайым будандастыру Екі түрді бір-бірімен шағылыстыру. Мысалы:
Жылқы мен есекті будандастыру арқылы қашыр алу, Бір өркешті түйемен қос өркешті түйені будандастыру арқылы нар алу.
Күрделі будандастыру Күрделі будандастыру екіге бөлінеді: сатылы және қайыра (беккросс).
Сатылы будандастыру селекциялық процестерде бірнеше ата тектік формалардың қасиеттері мен белгілерін біртіндеп, буданды ұрпаққа жинақтау арқылы жүргізіледі. Кейбір будандарда 4–5 ата тектік формалардың қасиеттері жинақталынады. Мысалы, Филиппиндегі Халықаралық күріш институтында жоғары өнімді ИР-52 сортын алу үшін 12 мемлекеттен күріштің 39 ата тектік формасы будандастырылған. Саратов-29, Саратов-210 және басқа да көптеген жұмсақ бидай сорттары мен Безостая №1 күздік бидайы күрделі сатылы будандастыру жолымен алынған.
Жоғарыда аталған будандастыру жолдарымен көптеген мал, құс тұқымдары және өсімдік сорттары шығарылды.
Қазақстанда тек бидай селекциясында:
Күздік бидайдың 20-дан астам, Жаздық бидайдың 30-дан астам сорттары мен түр формалары шығарылып, олар Қазақстанның көпшілік облыстарында аудандастырылған.
Қазақстанда мал шаруашылығында қолданылатын будандастыру түрлері
Сіңіре будандастыру — тұқымы нашар, өнімі аз мал тұқымдарын жақсарту үшін тұқымы жақсы аталық малмен (айғыр, бура, бұқа, қошқар және т.б.) шағылыстыру. Жергілікті жағдайға бейімделген, дене бітімі мен өнімділігі талапқа сай будандар алынған соң, олар жақсартушы тұқымның аталық малымен бірнеше рет қайта будандастырылады. Қойылған талапқа сай келетін және жақсы ұрпақ беретін 4–5 (кейде 3) ұрпақ будандары таза тұқымды мал ретінде бөлінеді. Өндіре (зауыттық) будандастыру — екі немесе одан да көп тұқымның қатысуымен жақсартушы тұқымның жақсы қасиеттерін бойына сіңірген, ал кейде ерекше қасиеттерге ие болған жаңа мал тұқымын шығару. Бұл көбіне ет үшін өсірілетін сиыр мен шошқа шаруашылығында қолданылады, осы әдіспен бұрынғыдан гөрі ірі, әрі салмақты будандар алынады. Қан шатыстыру арқылы Будандастыру малдың ұнамды тұқымында кездесетін кейбір кемшіліктерді (мүсінінде болатын ақаулық, өнімнің аздығы, т.б.) жойып, мал тұқымын жетілдіру үшін қолданылады. Мысалы, Кавказ қойының жүнінен алатын өнімді арттыру үшін оны Грозный қойымен будандастырды. Сондай-ақ, қойдың тіршілік қабілетін күшейту, тұқымдық қасиетінің нашарламауы үшін Будандастырудың қан жаңарту тәсілі қолданылады. Мыс., Солтүстік қазақ мериносы (Бесқарағай мериносы) Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында өсіріледі. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысында осы қойлар ұзақ жылдар таза өсірілсе, оның ұрпағы бірте-бірте азғындай бастайды. Оны болдырмау үшін осы шаруашылықтардың саулықтары Павлодар облысынан әкелінген сол қойдың қошқарларымен шағылыстырылады.Қазақ Энциклопедиясы Дереккөздер
Санат:Будандар