ATYRAÝ — «Қазақстан» республикалық телерадикорпорациясының Атырау облысындағы филиалы. Филиал құрамында бүгінде «Атырау» телеарнасы мен «Атырау радиосы» хабар таратады.

Тарихы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында теледидар хабары тұңғыш рет 1967 жылы 25 желтоқсан күні Одақтық теледидардын бағдарламаларын көруге мүмкіндік берген «Орбита стансасының іске қосылуымен байланысты болды.

Теледидардың алғашқы хабарын эфирге шығаруды режиссер — Гүлжиһан Өтебаева, диктор-редактор — Мәлике Құлпейсова, телеоператор Максим Өтемісов, редактор Қамал Ізмұхамбетов қамтамасыз етті. Осы күннен бастап Атырау қаласының халқы куніне 2 сағат көлемінде жергілікті теледидар хабарын көру мүмкіндігіне ие болды. Оның 1 сағат 15 минутын көркем фильм, жарты сағатын жаңалықтар, қалған уақытын көңілді әуендер, концерт құрайтын. Мамандар тапшылығы өз алдына, қажетті құрал-жабдықтар жетіспейтін. Телестудия бар болғаны 12 шаршы метр аядай бөлме.

"Жаңалық" хабарының өзі экранға суреттерді алмастырып қойып, мәтінді кадр сыртында оқу титрлар мен заставкалар жазылып, сызылып көрсетілетін. Таспаға жазылған, жанды хабарлар, таспаның тапшылығынан тек аса маңызды мерекелер мен салтанаттардан ғана репортаж ретінде берілетін. Сол кезеңде теледидарда журналистер Қазихан Қабдел, Әлібек Қайыров, Жолдасқали Ажиров, Сәуірбай Есімов, дикторлар болып Наталья Трилис пен Аққенже Ерәлиевалар еңбек етті.

Материалдық-техникалық жағдайы заман талабына сай болмауына байланысты Гурьев теледидары 1976 жылы 31 желтоқсан күні өзінің өмір сүруін тоқтатты. Облыстық теледидарды қайта өмірге келтіру оңай болған жоқ. 1986 жылы 29 қазанында Қазақ КСР Министірлігінің Кеңесі №310-р Жарлығымен теледидары жоқ облыстарда оны ашуға рұқсат бергенімен бюджет қаржысы есебінен емес, жанама қаржы, яғни мекеме, кәсіпорындар қаржысын жұмылдыру арқылы жүзеге асыруды міндеттеді. Жарлықты жузеге асыру мақсатында 1987 жылы 2 желтоқсанда Еңбекшілер депутаттары Гурьев облысы Кеңесі атқару комитеті "Облыстық телестудия ашуды ұйымдастыру туралы" №445 шешімін алып, облыстың ірі кәсіпорындарын телестудия ашуға қаржы бөлулерін міндеттеді. Елден асарлатып жиналған қаржы есебінен Ресейдің Новосібір, Литваның Шэуляй қалалары шығаратын теледидар құрал-жабдықтары орнатылып, КамАЗ негізінде жасалған жылжымалы телестудия алынды.

1990 жылы 1 Мамыр күні мерекелік репортажбен Атырау теледидары эфирге байқау-сынақ ретінде шыға бастады. Хабарды эфирге шығаруды бас режиссеры Лира Шарипова, телеоператорлар Серік Бахметов пен Синовер Усманов, инженерлер Айбек Ризуанов, Сергей Удовиченко, Болат Кереев, Расул Кенжеғалиев қамтамасыз етті.

Тұсаукесер репортажды бас редактор Мурат Думбаев пен комментатор Мұрат Диаров жүргізді. Атырау телестудиясы Гурьев қаласының 350 жылдығын тойлау кезінде 1990 жылы 1 қыркүйек күні тұсауын ресми түрде кесті. Сол күннен бастап аптаның бес жұмыс күндері эфирге бір сағат толыққанды хабармен шығу жүзеге асырылды. Телестудияның ашылуына сол кездегі облыс басшысы — Ғазиз Алдамжаров, қала басшысы Нұрпейіс Мақашев, "Қазақстан" Республикалық Телерадио комитеті төрағасының орынбасары Мұхамбет Мезгілбаев, студияны ашуға көмек берген мекеме басшылары қатысып, ел өміріндегі елеулі қоғамдық-саяси оқиға ретінде аталып өтті.

Телестудияны ашу кезінде Челябі қаласынан Вячеслав Мрякин, Актөбеден бас редакторлыққа Мұрат Дұмбаев, бас режисерлікке Лира Шарипова шақырылса да жергілікті кадрларды даярлауға ерекше мән берілді. Алғашқы дикторлар Жеміс Дияшева мен Орынша Қапанқызы, режиссеры Ұлбосын Мүсірова Мәскеу қаласындағы теледидар мен радио қызметкерлерінің мамандығын жетілдіру жөніндегі Бүкілодақтық институтын бітіріп келсе, бас дыбыс режиссеры Мұрат Әбілов, телеоператорлар марқұм Серік Бахметов, Синовер Усманов, Алпысбай Құсанов Алматы қаласында мамандықтарын жетілдіру курстарынан өтті. Атырау теледидары дуниеге келгеннен бергі 20 жылдай уақыт ішінде студия құрал-жабдықтарының төрт "ұрпағы" ауысты. Қазір ол түгелдей дерлік сандық қалыпта жұмыс істейтін техникамен жарақтанды. Бұрын бір ғана 120 шаршы метр студия болса, қазір ол екі студиядан тұрады. Хабар тарату жүйесі де төрт рет өзгертуге ұшырады.

Алғашында хабар Атырау қаласы маңында орналасқан елді мекендерге, одан таспаға жазып Алматыға "Кателко" компаниясына қолма-қол жеткізіп беру арқылы таратылса, кейін талшықты оптикалық жүйе арқылы "Кателкоға" жеткізіліп, ол спутниктік жуйе арқылы тәулігіне бір сағат көлемінде облыстың барлық елді мекеніне хабар таратуға қол жетті. 2007 жылы Атырау студиясының өзінде спутник жүйесінің орнатылуына байланысты бір сағат көлеміндегі телехабарлар енді тікелей облыстың барлық елді мекеніне тарайтын (98 пайыз) болды. Облыстық теледидардың тәуліктік 14 сағат көлеміндегі бағдарламасын ел-журттың толық көлемінде тамашалайтын күні де қашық емес. Бұл бағыттағы жұмыстар жүргізілу үстінде. Техникалық жарақтану ерекше қарқынмен жүруде. Алыс ауданда болып жатқан оқиғадан тікелей хабар беру бұрын тек Алматыдағы орталық теледидарлардың қолынан келетін іс болса, қазір ондай мүмкіндікке Атырау теледидары да ие болып отыр.

Атырау теледидарының тарихында халықтың есінен кетпейтін оқиға 1991 жылы Қазақстанның тұңғыш Президентін сайлауы кезінде халықпен кездесуге келген Нұрсұлтан Назарбаевтың Атырау теледидары арқылы 1 сағат көлемінде терең мағыналы сұхбат беруі болды. Сұхбатты журналист, облыстық телерадиокомпанияның сол кездегі директоры Айтқали Нұрғалиев жүргізді. Жергілікті теледидарда мұндай кең көлемде Елбасымен емен-жарқын әңгіме сирек кездесетін құбылыс. Техникалық жарақтанудың жақсаруы ұжымның шығармашылық мүмкіндігін де арттырды. 2005 жылы бері теледидар ұжымы телефильмдер шығарумен айналысып келеді. Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай Волгоград қаласында өткен халықаралық конкурста атыраулықтар түсірген "Тағдыр" атты телефильм жүлделі екінші орын алды. Күнделікті өмір түйткілдерін қозғайтын журналист Айтқали Нурғалиевтің сценарийі бойынша режиссерлер Чапай Зулкашев пен Разия Қасымова, оператор — Талғат Қуанышев, бейнемонтажшылар Әзілхан Уахитов пен Нұрым Құдайберген түсірген "Өзен өз арнасымен ағады" 7 сериялы фильм көрермендердің ыстық ықыласына бөленді

Теледидар хабарларының таратылуы: Атырау қаласында 5 арнамен 17 сағат және Атырау облысы бойынша тәулігіне 1 сағат. Хабар тарату антеннасы 180 метрлік мұнараның 153-і метрінде орналасқан. Облыстық дидардан Атырау қала РТС-на (дыбыс + видео) сигналдың берiлуi ВОЛС бойынша iске асады,Атырау облысы бойынша хабар тарату кезінде сигнал ВОЛС арқылы Алматы қ. СҚТС Кателко АҚ жеткізіледі. Радиохабардың таратылуы: 102 Fm жиілігінде «ELEKTRONIKA» радиоқабылдағышы арқылы таратылады шығыс қуаты 250 Вт, антенна көрші КМК «Атырау-ақпарат» ғимаратының төбесінде орналасқан, биіктігі 30 м. Нақты қабылдау радиусы 10-12 км.

Атырау облыстық телерадиокомпаниясының хабар тарату саясаты «Қазақстан» РТРК» АҚ жүргізіп отырған саясатқа толық сәйкес келедi. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы тығыз байланысты орнатуға, ақпараттық және ағарту функцияларын орындауға бағытталған.

Телеарнаның негізігі мақсаты - мемлекеттік ақпараттық саясаттың аймақтық деңгейде жүруін қамтамсыз ету.

Жалпы апталық телеарнаның хабар таратуы 119 сағатты құрайды. Олардың ішінде мелекеттік тілде – 80,30 сағат немесе жалпы хабардың 68 пайызы. Филиалдың меншікті бағдарламалары 45 сағат немесе жалпы хабардың 38 пайызын құрайды.

Жедел жаңалықтар топтамасы 14,3 пайызды құрайды. Ол эфир кестесінде маңызды орын алады. Сонымен қатар,телеарнада қоғамдық-саяси,мәдени-танымдық және ойын-сауық бағдарламалары дайындалып, эфирге жіберіледі.Олар жалпы таралымның 24,4 пайызын құрайды. Телеарнаның басшылығы тіл мәдениетінің қалыптасуын,тіл тазалығын сақтауды жіті қадағалайды. Филиал мол видео және аудио мұрағатқа иелік етеді. Жыл сайын шығармашылық құрамның біліктілігін арттыру мақсатында шеберлік дәрістері, семинарлар мен тренинг сабақтары ұйымдастырылады. Филиалда эфирге жаңалықтар топтамасы үздіксіз,ал,саяси-қоғамдық,әлеуметтік–экономикалық, және мәдени-танымдық тақырыптық бағыттағы 23 циклдық бағдарлама екі тілде шығарылады.

Сонымен қатар: Күн сайынғы «Жаңалық қызметі» ақпараттық шығарылымдары; «Атырау таңы» - күн сайынғы танымдық ақпаратты-ойын-сауық бағдарламасы тікелей эфирде интерактивті түрде шығып келеді; «Сарапта» ақпараттық шолу форматындағы қорытынды бағдарламасы да телеарна эфирде көрсетіліп отыр.

Филиалда жаңалықтар топтамасы шығарылымы үшін бөлек студия жасақталып, толықтай пайдаланылуда. Оның заманауи жабдықтармен және дизайнмен жарақтандырылғандығы «Жаңалық» шығарылымының сапасын жақсартып, көрілімін арттыруға септесті. Жаңалықтар топтамасының шығу уақыты республикалық электронды БАҚ-тың жаңалық тарату уақытымен қабаттаспайтындай етіп, яғни, телекөрермендер сұранысына сай таңдалды.

Негізгі студиядағы декорацияны жедел өзгертуге мүмкіндік беретін жаңа «тұстамалар» («задники») жасақталып, дайындалды. Компьютерлік графика дизайнерімен әр бағдарламаның стилистикасы мен жалпы арнаның толықтай заманауи талаптарға сай болуы мақсатында тұрақты жұмыс жүргізіліп отыр (жаңа «заставкалар», «шапкалар» және «отбивкалар» дайындау).

Нәтижелігін арттыру мақсатында үш редакцияның (жаңалық қызметі, тақырыптық бағдарламалар редакциясы) шығармашылық ұжымы бөлініп, бір-біріне тәуелсіз жұмыс істеуде. Үш редакцияның әр қайсысына операторлар бекітілген. Түсірім (түсірілім/съемка) тәртібін сақтау мақсатында координаторлық қызмет құрылып, ол өз міндетін атқарып келеді. Бұл орайда, көбіне таңдау бастамашыл түсірімдерге түседі. Филиалдың эфирлік кестесі қаланың бүгінгі таңдағы жарнамалық нарығына барынша икемделген. Көптеген бағдарламалар демеушілікке ие.

2008 жылы студияның арнайы жарық беру құрылғысымен жарақтандырылғандығы, бүгінде студияда үлкен ток-шоулар ұйымдастырып, студиялық бағдарламалар түсірілімін жүргізуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Атырау филиалы Әкімдікпен және облыстың басқа да ірі ұйымдарымен тығыз жұмыс жасайды.

Облыстық телеарна бағдарламасының қамту аймағын кеңейту үшін тұтастай Атырау облысы аумағында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру мақсатында 14 сағаттық меншікті эфирлік шығарылымды қамтамасыз етіп отыр.

2010 жылдан бастап телеарнаның облыстың әр ауданында өз тілшілер қосыны бар. Ауданда дайындалған материал 512 Мбит/с өлшемдегі интернет арқылы орталыққа жіберіледі.

Бағдарламалар (2019-2022 жж.) «Атырау таңы» таңғы ақпаратты-сазды бағдарламасы «Janalyq qyzmeti» (Жаңалық қызметі); «Sarapta» (Сарапта) апталық шолу, жүргізуші: Назарбек Қосшиев «Еуразия ендігінде» ток-шоу, жүргізуші: Жәнібек Ғалым; «Батыс көрген» ағылшын тіліндегі хабары, жүргізуші: Қанат Әуесбай; «Экоқоғам» хабары, жүргізуші: Салтанат Мұрат; «Анығында...» сұхбат хабары, жүргізуші: Жәнібек Ғалым, Ж. Темірғалиев; «Еститін мемлекет», жүргізуші: Әйгерім Айтмұханбет «Құрметті азамат», жүргізуші: Салтанат Мұрат; «Онлайн емхана», жүргізуші: Айнагүл Қонысқалиқызы «Балық отаны», жүргізуші: Жәнібек Ғалым; «Эфирде 102.0 FM» телерадиохабары, идея авторы, жоба жетекшісі: Қанат Әуесбай, жүргізуші: Орынгүл Қалмырза («Үркер» Ұлттық сыйлығы - 2020); «Қандастар» хабары, («Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» халықаралық конкурсында «Үздік телевизиялық материал» аталымында III-орын, 2020 ж.); «Каспийден кеткен қыпшақтар» деректі фильм циклы, «Тұмар» Ұлттық сыйлығы, 2022 ж; «Мәңгілік Абай» онлайн телемарафоны, жоба жетекшісі: Қанат Әуесбай, редакторы: А.Қонысқалиқызы; «Елтұтқа» 12-бөлімді деректі фильмі, жоба жетекшісі: Қанат Әуесбай, жүргізуші: А. Қонысқалиқызы; «Ақжелең. Күй терапиясы» бағдарламаралық хабары, идея авторы, жоба жетекшісі: Қанат Әуесбай; «Нұржан айтады» әлеуметтік телетолғауы, жоба авторы: Қанат Әуесбай, жүргізуші: Нұржан Өмірбай; «Аспан асты Атырау» бағдарламаралық хабары, идея авторы, жетекшісі: Қанат Әуесбай; «Біздің Илья» 20-бөлімді деректі фильм циклы, идея авторы, жоба жетекшісі: Қанат Әуесбай, редактор: Ажар Ерболған, Нұржан Өмірбай; «Теңіз табанының тарихы» деректі фильм циклы «Ордалы отыз» хабары, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған жоба, жүргізуші: Г.Кәрімжан «Миталас» зияткерлік хабары, жоба авторы: Қ. Әуесбай, жүргізуші: Н.Өмірбай;