thumb|right|250px|Верный бекінісінің сызбасы (Алматы мұражайының көрме залынан алынған сурет). Верный – Алматы қаласының 1921 жылға дейінгі атауы.
Верный бекінісінің қалануы thumb|right|250px|Верный бекінісі. 1854 жылғы сызба. Верныйдың салынуы Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының аяқталуына байланысты болды. Қазақ халқының неғұрлым көреген өкілдері Ресейге қосылу жат жұрттық басқыншыларға, яғни қоқандықтардың әскери шапқыншылығына қарсы тұруға және ағылшын отаршыларының Жетісуға өтуіне қарсы сенімді тірек деп білді. Әскери-стратегиялық, экономиялық және сауда-саттық мәні күшті Жетісу бұған дейін Қоқанның Құдияр ханының ықпалында болатын; оның мұндағы негізгі тіректі пункті Қапалдан 350 шақырым жерде, Қаскелең өзені бойындағы Таушүбек қамалында еді. Қоқан хандығының Жетісуға ықпалын жою, сөйтіп Ресей қол астына өз еріктерімен өткен Ұлы Жүз қазақтарына жәрдемдесу мақсатымен патша әкімшілігі осы қамалды алу үшін 1850 жылы Гутковский бастаған әскери отряд жіберді. Алайда бұл әрекеттен ештеңе шықпайды. 1851 жылы 7 шілдеде подполковник Карбышевтің қайта жасақталған отряды Таушүбекке аттанады. Отряд құрамында 1 батальон жаяу әскер, қазақ жүздігі, 18 зеңбірек болды. Бұларды Тәнеке Нұралы Дөсетұлы бидің сарбаздары қолдады. Қарулы күш Іле өзенінен өтіп, бекініске келгенде ондағылар ұрыссыз беріледі. 1853 жылы Тобыл мен Томск губерниялары, Семей облысы, Сібір қырғыздары (қазақтары) облысы Батыс-Сібір губернаторлығына бағынды. Орынбор губерниясының шекараларынан бастап Іле Алатауының етегіне дейінгі күллі жер Сібір қазақтары облысының құрамына енді. Семейден Қапалға дейін әскери күзет жолы (бекет) салына бастады, Жетісудағы әскери шеп – Үржар және Лепсі станицалары мекен тепті. Іленің арғы беті мен Шу өзенінің жоғары бойында бекініп алу үшін патша әкімшілігі Үлкен Орда қазақтарының приставы майор Перемышльский отрядын жіберді де, ол әскери бекініс салатын жер іздеді. Іле Алатауының солтүстік беткейін, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бойын, екеуінің аралығындағы алқапты зерттеп, Перемышльский өңдеуге қолайлы жері, шабындықтары мен су көздері бар тұрақ табады. Сөйтіп Кіші Алматы өзенінің сол жағалауындағы Алматы атты ежелгі қонысқа әскери бекіністің тұңғыш қазығы қағылады. Оны салуға қазақтар да қатысты. 1854 жылы ақпанда Іле сыртындағы әскери бекініс Верный деп аталады. Бесбұрышты үлгімен қамал салынды, айналасына терең ор қазылып, ағаштан шарбақ орнатылды (кейін оның орнына күйдірілмеген кірпіштен дуал қаланып, мылтық, зеңбірек ататын саңлаулары жасалды). Қамал гарнизонында 470 солдат пен Іле отрядының офицерлері қызмет етті. Бекіністі салу және абаттандыру бірнеше жылға созылды.
Алғашқы қоныс аударушылар, кәсіптері 1855 жылдың 1 шілдесінен бастап Ресейдің барлық өңірлерінен Верныйға алғашқы қоныс аударушылардың алғашқы тобы келді, олардың көбі Сібірдің, Воронеж губерниясы мен Орталық Ресейдің басқа да губернияларының шаруалары болды. Олар Үлкен және Кіші Алматы станицаларының негізін қалады. Көп кешікпей бұларға көршілес татар слободкасы пайда болды, онда Семейден, Тюменнен, Омбыдан т.б. қалалардан көшіп келген татарлар қоныс тепті. Орыстар қазақ ауылдарының еңбекші бұқарасымен жақындасып, жергілікті халықпен егін салу, бау-бақша, огород өсіру, бал арасын ұстау тәжірибелерімен бөлісті. 1855 жылы Алатау округінің әкімшілігі Қапалдан Верныйға ауысты. 1856 жылдан кейін қоныс ауыстырушылар топ-тобымен келе бастады. Солардың ішінде 5 ұя бал арасын ала келген сібір казагы О. Мамиев омарта шаруашылығының негізін салды. Воронж губерниясынан келген Е. Редько атақты апорт алмасының көшет шыбықтарын ала келді, бағбан селекционер Н.Т. Моисеев бақ отырғызып, тамаша жеміс алды. 1856 жылы Қазына бағы (қазіргі Орталық мәдениет және демалыс саябағы) егілді. 1857 жылы Татар слободкасы маңынан Әлімжановтың алғашқы су диірмені салынды. 1858 жылы Кузнецов деген көпес сыра қайнататын зауыт ашты. 1860 жылы пошта бөлімшесі мен госпиталь іске кірісіп, шешекке қарсы егу жүргізіле бастады. 1859 жылы мамыр айында бекініс тұрғындарының саны 5 мыңға жетті. Верный маңызды сауда орталығына айналды.
Қоқандықтарды ығыстыру, Верныйдың қала атануы Қоқан билеушілері Жетісудағы орныққан орындарынан айырылғысы келмеді. Олар қазақтардың өз ішіндегі ру тартысын, феодалдардың жайылымға таласқан жанжалдарын пайдаланды. Бұлардың басым көпшілігі патша әкімшілігінен тиімді қолдау тауып, сол жаққа шықты да, олармен ынтымақтасып іс етті, ал енді бір бөлігі Қоқанның Құдияр ханына барып қосылды (Кенесары Қасымовтың баласы Садық сұлтан т.б.). 1859 жылы шілде айының аяғында Батыс-Сібір генерал-губернаторы Г.Х. Гасфорт Верныйға келеді. Ол қоқандықтарды ығыстыру жоспарын жасады. Полковник Циммерман бастаған отряд хан әскерлері қоршауға алған Қастек және Іле бекіністеріне көмекке шықты. 1860 жылы 28 тамызда қазақ сарбаздарының көмегімен отряд Пішпекті, одан соң қоқандықтардың Тоқмақ бекінісін алады. Қоқан ханы Қастекке 22 мың адамнан құрылған 2 отряд жібереді. Верный мен Жетісудың басқа өңірлеріне қауіп төнеді. 1860 жылы 19-21 қазан аралығында Ұзынағаш маңында ұрыс болады. Алатау округінің бастығы генерал Г.А. Колпаковскийдің әскерлері Құдияр хан отрядтарын талқандайды. Бұл шайқаста қоқандықтарға Саурық қорғаны маңында (Саурық батырдың есімімен аталған) шабуыл жасаған қазақ сарбаздары ерекше көзге түсті. Бұл Ұзынағаш шайқасы Қоқан ханын жеңудің шешуі мәні болды. 1867 жылы 11 сәуірде Верный бекінісі қалаға айналып, Верный уезінің және Түркістан генерал-губернаторлығының құрамына енген бүкіл Семей облысының әкімшілік орталығы болады. Верный тез өсті. Қаланың оңтүстік-батыс жағын, Құлжа жолының бойын ала ұйғырлар мен дүнгендер қоныстанды, олар негізінен сауда-саттықпен, қол өнермен, бақша егумен айналысты. Бұл жер Дүнген слободкасы аталды. 1867 жылы 13 шілдеде Жетісу қазақ әскерлері жасақталды. Генерал Г.А. Колпаковский Жетісудың алғашқы губернаторы болып тағайындалды. Жетісу облысының гербі бекітіледі: ол жемісі бар алма бұталарымен көмкерілген қалқан тәріздес болды; оның беті үшке бөлініп, жоғары жағында – бекініс, төменгі сол жағында – крест, оң жақта – жарты ай бейнеленді.
Қалалық басқару 1877 жылы қалалық өзін-өзі басқару жоғары орындары – қалалық дума және Басқарма сайланды. Қалалық дума әкімші орган болып табылады және 4 жыл мерізімге қала басшысын және оның жолдастарын, Басқарма мүшелерін және әртүрлі комиссияларды сайлады. Қалалық думаға генерал-губернатор бекіткен өнеркәсіпшілерден, көпестерден, шенеуніктерден дума мүшелері сайланды. Атқарушы билік басшысы қала басшысы болды. Әр жылдар бұл қызметке П.М. Зенков, С.М. Быков, И.Д. Лутманов, А.И. Путолов, Я.С. Щепкин, И.Д. Брызгалов, С.И. Петухов сайланды. Басқарма қаланы абаттандыру, құрылыс, білім беру, медицина, сауда және басқа да мәселелерге басшылық етті.
Қаланы аумақтық бөлу thumb|right|250px|Верный қаласы. ХІХ ғасырдың соңындағы фотосурет. 1896 жылы 15 сәуірде "Түнгі қарауылшылар құру мақсатында Верный қаласын дәрежелерге бөлу туралы Верный қалалық думасының міндетті қаулысы" қабылданды, ол құрылыс салу сапасын реттеп отырды және әрбір дәрежедегі тұрғындардың әлеуметтік мәртебесін бейнеледі. Алғашқы жылдары қалыптасқан аумақтық құрылымдар өз атауына ие болды. Базарлар, сауда қатарлары және бас көше – Г. Колпаковский даңғылына таяу орналасқан орталық бөлігі "қала" деп саналды. Кіші Алматы өзенінің бойына Воронеж губерниясынан қоныс аударған Верныйдың алғашқы ұсақ саудагерлеріне бақша өсірумен айналысу үшін бөлінген телімдерге "бақтар" орналасты. Қазыналық бақтан солтүстікке қарай 1857 жылы негізі қаланған "Татар слободкасы" орын тепті. Кіші Алматы өзенінің сол жағасында кіші шенді әскерилер қоныстанған "Солдат слободкасы" орналасты. Қаланың оңтүстік-батыс бөлігін "кучегуралар" деп атады, мұнда 1868-1892 жылдары мещандар қатарына кірген қоныс аударушылар тұрды. Қаланың ең солтүстік бөлігінде, Ташкент күрежолы маңына "ұсталық қатарлары" жайғасты. Усадьбалық орындарға бөлінген қала өрісінде "жоңышқа телімі" орналастырылды.
Қала құрылысының жүруі thumb|right|250px|Верный қаласының сызбасы. 1879 жыл. (Алматы мұражайының көрме залынан алынған сурет). Жаңа құрылыстар салу үшін арнайы комитет құрылып, ол қаланы орналастыру жобасын жасады. Казначей (8 Март → Ш. Қалдаяқов), Торговый ( М. Горький → Жібек жолы, Сергиополь (М. Төлебаев), Командир (Киров → Бөгенбай батыр) көшелері аралығындағы төртбұрышқа тек ғана кірпіш пен тастан үй салуға рұқсат етілді. Құрылысқа деген ағашты бақылаусыз кестірмеу үшін тау аңғарларына күзет қойылды. Бас күзет Кордон (Тосқауыл) аңғарында тұрды. Бутаков аңғарында қазына құрылыстары үшін ағаш дайындалды, бұл жұмысты жүзбасы Бутаков басқарды. Лебединск, Каменка, Кімасар, Ремизовка сайлары сол жерлерде күзетте тұрған солдаттардың фамилияларымен аталды, бұл атаулар қазірде бар. Құрылыс жұмыстарын комитет басқарды. 1879 жылы жаңа қаланың 43 көшесіне ат берілді.
Жер сілкінісі thumb|right|250px|Верный қаласының сызбасы. 1898 жыл. 1887 жылы 28 мамырда болған қатты жер сілкінісінде қала қатты бүліншілікке ұшырады, барлық тас пен кірпіштен салынған ғимараттар бүлінді. Жер сілкіну кезінде Қалыңтөбе (Мохнатая сопка) маңында таудан тас құлап, қалаға қарай жөңкілді. Үлкен және Кіші Алматы, Есентай (Весновка) өзендері қатты тасыды. Қирағандар ішінде сол кезеңдегі қала кейпіне тән ғимараттар – губернатор үйі, гимназия ғимараттары, кафедралды собор және архиерей үйі болды. Аман қалған ағаш құрылыстарға біраз зақым келді. Қала мен қала маңында 483 адам қаза болды, жараланғандардың саны анықталған жоқ, 1793 үй қирады, шығын көлемі 2 млн сомнан асты. Жер сілкінісінің зардаптарын ескере отырып, қаланы қалпына келтіргенде бір-бірінен алыс орналасқан бір қабатты ағаш үйлер ғана салуға рұқсат етілді, уақыт өте келе жергілікті инженерлердің құрылысқа енгізген көптеген жаңалықтары жер сілкінісіне төтеп беретін бір немесе екі қабатты ағаш үйлер ғана емес, сонымен қатар ірі қоғамдық ғимараттар да салуға мүмкіндік берді. Мұрағат деректері қаланы қайта құру мен салуға өз үлестерін қосқан көптеген инженерлер мен сәулетшілердің аттарын сақтап қалды. Солардың ішінде ерекше орын алатыны әскери инженер, тұрғын үй мен қоғамдық ғимараттардың ғажайып тұтас жобасының авторы – А. П. Зенков болды. Оның құрылыстары ішіндегі көрнектісі, қаланың көз тартатын және көркем ғимараттарының бірі – Вознесенск кафедралдық шіркеуі. 1911 жылғы 22 желтоқсандағы жер сілкінісінің күші бастапқыдан кем болмағанымен, қала қатты қирай қоймады. Жер сілкінісіне төзімді құрылыстың жаңа қағидаларының жоғары тиімділігін дәлелдеді, олардың негізінде кейінгі салынған барлық ғимараттар, оның ішінде қоңыраулы бөлігінің биіктігі 56 м дүние жүзіндегі ағаштан жасалған ірі ғимараттардың бірі Вознесенск шіркеуі ғимараты аман қалды. Қаланың тарихи орталығындағы көптегең ескі ғимараттар қазір жоқ, бірақ кейбіреуі қазіргі күнге дейін сақталған. Олардың ішінде Вознесенск кафедралдық шіркеуінен басқа (1996 жылдан бастап қайтадан өзінің тиісті қызметін орындап келеді), бұрынғы Офицерлер жиналысының үйі (қазір Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспаптар мұражайы), бұрынғы Верный қалалық училищесінің ғимараты (Гоголь көшесі, 35-үй), бұрынғы Ғабдуәлиев дүкені (Жібек жолы көшесі, 39-үй, Қызыл таң маталар үйі), бұрынғы Верный ер балалар гимназиясының пансионы (Достық даңғылының бұрышы мен Төле би көшесінде) және басқалары бар. Бұлардан оның өмірін біржолата өзгерткен қызу оқиғаларға қарамастан, 1930 жылдар басына дейін сақталған ескі шеткері аймақтағы қаланың өзіндік бейнесі қазір де байқалады.АЛТАЙДАН КАСПИЙГЕ ДЕЙІН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ,ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ МЕН КӨРНЕКТІ ОРЫНДАРЫНЫҢ АТЛАСЫ. 3 томдық. Алматы. 2011. 1 т.–584 б., карталар, суреттер. ISBN 978-601-280-215-3, ISBN 978-601-280-216-0
Халқы thumb|right|200px|А. Колпаковский атындағы реалдық бастауыш қалалық училище, 1890 жыл. thumb|right|200px|Верный ерлер гимназиясының пансионы. 1907 жыл. thumb|right|200px|Офицерлер жиналысының үйі. 1908 жыл.