Юлия Владимировна Тимошенко (, , туған тегі Григян, ; 27 қараша 1960 жыл, Днепропетровск) — украиналық саяси және мемлекеттік қайраткер, экономика ғылымдарының докторы, Украина Халық депутаты (1997–2005, 2006–2007, 2014 бері) және 1999 жылдан бері «Батьківщина» саяси партиясының төрайымы.
Тимошенко 2007–2010 жылдары аралығында Украина премьер-министрі және 1999–2001 жылдары Премьер-министр орынбасары болған. Көпшілікке ол қызғылт сары төңкерісті бастаған тұлғалардың бірі ретінде белгілі. 2005 жылы Forbes журналы оны әлемдегі ең ықпалды әйелдер тізімінде 3-орынға қойды.
Тимошенко 2010 жылғы Украинадағы президенттік сайлаудың екінші кезеңінде жеңімпаз Виктор Януковичтен 3,5 пайыздық ұпаймен жеңіліп, екінші орынға шықты. 2011 жылдан 2014 жылға дейін ол қамауға алынды, бірақ 2014 жылғы төңкерісінен кейін Украина Жоғарғы соты мен Еуропалық Адам құқықтары соты оны ақтады. Кейбір бақылаушылар Тимошенконың үшжылдық қамалуын саяси тұтқындау деп санайды.
2014 жылдан бері ол Украина саясатында және Верховна радада өзінің белсенді саяси мансабын жалғастыруда.
Жастық шағы және білімі Юлія Володимирівна Грігян 1960 жылғы 27 қарашада Днепропетровск қаласында дүниеге келді.
Отбасы Анасы, Людмила Телегіна (туған тегі Нелепова, 1937 жылы туған) — Днепропетровск тумасы.
Әкесі, Владимир Абрамович Григян (; 1937 жылы туған), Кеңес Одағының паспорты бойынша латыш болған, ол 1937 жылғы 3 желтоқсанда Днепропетровск қаласында дүниеге келген, Юлияның кішкентай кезінде әйелі мен кішкентай қызын тастап кетті; Юлия анасының тегін алды.
Атасы, Абрам Кельманович Капительман (), 1914 жылы туған. 1940 жылы Днепропетровск мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін Капітельман Батыс Украинаға жұмысқа жіберілді, онда ол Снятын қаласындағы Мемлекеттік еврей мектебінің директоры болып "бір тоқсан" бойы жұмыс істеді. Капітельман 1940 жылғы күзде әскерге шақырылды, содан кейін лейтенант шені бар болған ол 1944 жылғы 8 қарашада Ұлы Отан соғысына қатысқан кезде қаза тапты.
Білімі 1977 жылы Тимошенко Днепропетровск қаласындағы №75 орта мектепті бітірді. 1978 жылы ол автоматика және телемеханика факультетіне оқуға түсті. 1979 жылы Днепропетровск мемлекеттік университетінің экономика факультетіне кибернетикалық инженер мамандығына ауысып, 1984 жылы инженер-экономист мамандығы бойынша бірінші дәрежелі үздік дипломмен бітірді. 1991 жылы доктор болды.Тимошенко Ю. В. «Государственное регулирование налоговой системы: Диссертация на соискание учёной степени кандидата экономических наук». 1999. Национальная библиотека Украины им. В. И. Вернадского
Коммерциялық мансабы Білім алғанынан кейін Тимошенко тәжірибелі экономист және академик болып жұмыс істеді. Саяси мансабына дейін ол газ саласында табысты, бірақ даулы іскер болды, кейбір бағалаулар бойынша елдегі ең дәулетті адамдардың біріне айналды. 2005 жылы Украинаның бірінші әйел премьер-министрі болғанға дейін Тимошенко қызғылт сары төңкерісті басқарған тұлғалардың бірі болды. Ол Forbes журналының 2005 жылғы әлемдегі ең ықпалды 100 әйел тізімінде үшінші орынға ие болды.
1984 жылы Днепропетровск мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін Тимошенко 1988 жылға дейін Днепропетровск қаласындағы зымыран шығаратын «Днепр машина жасау зауытында» инженер-экономист болып жұмыс істеді.
1988 жылы қайта құру бастамаларының бір бөлігі ретінде Юлия мен Александр Тимошенко 5 мың рубль қарыз алып, провинциялық кеңесте аймақтық кинопрокат желісін басқарған Олександрдың әкесі Геннадій Тимошенконың көмегімен бейне-прокат кооперативін ашты. Бұл Тимошенколардың бірге құрған тұңғыш бизнесі еді. Бизнес бастамашыларының қатарында болашақ саясаткер Александр Турчинов болған.
1991 жылы Тимошенко 1991 жылдан 1995 жылға дейін Днепропетровск ауыл шаруашылығы саласын жанармаймен қамтамасыз еткен «The Ukrainian Petrol Corporation» компаниясын құрды. 1995 жылы бұл компания (ЄЕСУ) болып қайта құрылды. Тимошенко 1995 жылдан 1997 жылғы 1 қаңтарға дейін ресейлік табиғи газдың Украинаға негізгі импорттаушысы болған бұл жеке меншік компанияның президенті қызметін атқарды. Сол жылдары оның «Табиғи газ ханшайымы» деген лақап аты да болған.
Ол сондай-ақ «Павел Лазаренкомен байланысы көмегімен елдің газына қол жеткізді» деп айыпталды. Алайда Калифорнияның Солтүстік округі бойынша округтік сотының судьясы Мартин Дженкинс 2004 жылғы 7 мамырда Тимошенко компанияларының ақша жымқыруда қатысқанын жоққа шығарды. 1997 жылдың басында (Лазаренко билігінің шыңы) компания Украина экономикасының 25% иеленген еді.
1995–1997 жылдар аралығында Тимошенко Украинадағы ең бай бизнесмендердің бірі болып саналды. Тимошенко саясатқа алғашқы қадамын жасаған кезде, оның компаниясы оған және оның отбасына саяси қысым жасау құралына айналды. ЄЕСУ жоғарғы басшылығы қудалауға ұшырады.
Саяси мансабы Бастапқы мансабы, депутаттығы және партия құруы (1996–2003) Өзінің саяси мансабын Тимошенко 1996 жылы Верховна Рада депутаты болып Кировоград облысынан сайлануымен бастады. Депутат Тимошенко Кучманы қолдайтын «Конституциялық орталықтың» () мүшесі болды.
1997 жылы бүкіл «Днепропетровск кланының» Кучмамен келіспеушілігі туды. Лазаренко премьер-министр қызметінен босатылды. 1997 жылдың соңында Тимошенко Кучмаға қарсы импичмент жариялауға және Украинадағы келесі президенттік сайлауды 1999 жылы емес, 1998 жылғы күзде өткізуге ұсыныс жасады. Тимошенко 1998 жылғы сайлауға «Громадамен» оппозиция мүшесі ретінде барған. Ол тізімде 6-орында болды, және 99-бір мандатты округ арқылы ол парламент мүшесі болып сайланды.
Громада партиясының жетекшісі Павло Лазаренко 1999 жылғы ақпанда қаржы жымқыруы бойынша тергеуден аулақ болу үшін Америка Құрама Штаттарына қашқаннан кейін, фракция мүшелері Громададан басқа парламенттік фракцияларға қосылу үшін фракция құрамынан шығып кеткен еді, олардың арасында Тимошенконың өзі де болған. 1999 жылғы наурызда ол Бүкілукраиналық «Батьківщина» («Отан») фракциясының негізін салды. 1999 жылғы қыркүйекте Батьківщина ресми тіркелген саяси партия болды және 1999 жылғы президент сайлауында Евгений Марчукқа дауыс бергендерді өзіне шақыртты. 2000 жылы Батьківщина Кучмаға қарсы оппозицияға көшті.
1999 жылғы желтоқсаннан 2001 жылғы қаңтарға дейін Юлия Тимошенко Ющенко үкіметінде Украина премьер-министрінің орынбасары болып қызмет етті. Тимошенко бұл қызметінде отын-энергетика кешеніндегі істерді ретке келтіріп, мемлекет бюджетіне қомақты қаражатты жұмылдырды. Бұл әрекеттер президент Леонід Кучма командасының қарсылығын тудырып, 2000 жылғы тамызда Тимошенконың күйеуі Олександр тұтқындалды.
нобай|оңға|Юлия Тимошенко, 2002 жыл
2001 жылғы 19 қаңтарда Тимошенко қызметінен босатылды, ал 13 ақпанда ол 1995–1997 жылдары ЄЕСУ басшысы болған кезінде «Ресей газын Украинаға контрабандалық жолмен жеткізгені» үшін және салық төлеуден жалтарғаны үшін қамауға алынды. Бірақ 2001 жылғы 27 наурызда Киевтің Печерский аудандық соты Тимошенконы қамауға алу санкциясының күшін жойып, оған тағылған айыпты негізсіз деп танып, ол 42 тәулік тергеу изоляторында болған соң босатылды.
2001 жылғы қарашада Юлия Тимошенко блогы құрылды.
Айыптар алынып тасталғаннан кейін Тимошенко журналист Георгій Ґонґадзенің өліміне (Кассета жанжалы) қатысы бар деген айыппен президент Кучмаға қарсы жаппай науқан жетекшілерінің қатарына қайта оралды. Бұл науқанда Тимошенко алғаш рет ынталы, революцияшыл көшбасшы ретінде белгілі болды. Сол кезде Тимошенко президент Кучмаға импичмент жариялау үшін жалпыхалықтық референдум ұйымдастырғысы келген. 2002 жылғы қаңтарда Тимошенко жұмбақ болған жол апатына ұшырап, жеңіл жарақаттармен аман қалды – бұл оқиға үкімет ұйымдастырған қастандық болған деген болжамдар бар.
2004 жылғы маусымда Украинада президенттік сайлау басталар алдында Ресейдің Бас әскери прокуратурасы Тимошенкоға «Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды шенеуніктеріне пара берді және көтерілген баға бойынша құрылыс материалдарын жеткізуге шарт жасасты» деген айыппен халықаралық іздеу жариялады. Украинада Тимошенкоға қатысты іс «қызғылт сары революция» жеңісінен кейін көп ұзамай жабылды, ал Ресей прокуратурасының қылмыстық ісі ескіру мерзіміне байланысты 2005 жылғы желтоқсанда жабылды.
Қызғылт сары төңкерістегі үлесі (2003–2005)
2003 жылдан 2004 жылдың бірінші жартысына қарай Юлия Тимошенко блогы, «Біздің Украина» блогы және Социалистік партия арасындағы коалиция құру және Украина президенті лауазымына бірыңғай үміткерді ұсыну туралы келіссөздер жалғасты. Юлия Тимошенко сайлауда үміткер болудан бас тартты және өзі Виктор Ющенконың үміткерлігін қолдады.
2004 жылғы 2 шілдеде Юлия Тимошенко президенттік сайлауда Віктор Ющенконы қолдау мақсатында құрылған «Халықтық билік коалициясын құру туралы келісімге» қол қойды, бұл әрекеті арқылы Тимошенко кейін жаңа үкіметті басқаруға тағайындалған еді.
2004 жылғы 21 қарашада сайлаудың жалғандығы белгілі болған кезде ол халықты ереуілге шақырды. Тимошенко «қызғылт сары революция» деп аталып кеткен жаппай наразылық шерулері жетекшілерінің бірі болды.
2004 жылғы 26 желтоқсанда Украинадағы президенттік сайлаудың екінші айналымында Віктор Ющенко 51,99% дауыс жинап жеңіске жетті. Виктор Януковичті сайлаушылардың 44,2 пайызы қолдады.
Оның танымалдығы айтарлықтай өсті, бұқаралық ақпарат құралдары оны украиналық, немесе славяндық «Жанна д’Арк», сондай-ақ «Қызғылт сары төңкерістің ханшайымы» деп атай бастады.
Бірінші премьерлігі (ақпан–қыркүйек 2005) нобай|оңға|Тимошенконың Парламент алдында сөз сөйлеуі, 2005 2005 жылғы 24 қаңтарда Тимошенко Ющенконың президенттігі кезінде Украина премьер-министрінің міндетін атқарушысы болып тағайындалды. 4 ақпанда Тимошенконың премьер-министр болып тағайындалуын парламенттің 373 депутаты қолдады, ол кейін жаңа премьер болып ратификациялады, Украинаның тұңғыш әйел премьер-министрі болды.
Бұл министрлер кабинетінде Тимошенконың өзінен басқа Юлия Тимошенко блогынан бірде-бір министр болған жоқ (СБУ басшысы лауазымында болған Турчиновты санамағанда); Ющенко да ЮТБ-нан бірде-бір губернаторды тағайындаған жоқ. Алайда бірінші министрлер кабинетінің барлық дерлік министрлері Тимошенконың Ющенкомен кейінгі текетірестерінде Тимошенконы қолдады.
Тимошенко премьерлігінде болған басты өзгерістер қатарында: жалақының, зейнетақының, шәкіртақының бір жарым-екі есе артуы, 2005 жылы бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшерінің 12 есе ұлғаюын атап кетуге болады. 2005 жылғы сәуір–мамыр айларында қант пен бензиннің бағасы 2–3 апта ішінде 30%–50%-ға көтерілді, бағаның бұл күрт өзгеруі кейін «бензин дағдарысы» және «қант дағдарысы» деп аталып кеткен. Бұл «дағдарыстарда» «картельдік сөз байласу» белгілері болды делінеді. Тимошенко үкіметі бағаны бір айда бұрынғы деңгейіне қайтарды.
2005 жылғы шілдеде америкалық Forbes журналы Юлия Тимошенконы әлемдегі ең ықпалды үшінші әйел атады.
Премьерлігіне үш-ақ ай болғанда төңкерістен кейінгі коалициядағы ішкі қақтығыстар Тимошенконың әкімшілігіне зиянын тигізе бастады. 8 қыркүйекте қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің басшысы Пётр Порошенко мен Премьер-министрдің орынбасары қоса алғанда, бірнеше жоғары лауазымды тұлғалар отставкаға кеткеннен кейін Тимошенко үкіметін президент Віктор Ющенко отставкаға жіберді.
Associated Press агенттігіне берген сұхбатында ол ЄЕСУ-ға төрағалық еткен кезінде Тимошенконың 8 миллион гривня қарызы жиналып қалғанын және ол өзінің премьер-министрлік өкілеттігін сол қарызды есептен шығару үшін пайдаланғанын айтты. Тимошенко аталған сома қарыз емес, Салық инспекциясының 1997–1998 жылдар аралығында салған айыппұлдары екенін бірнеше рет мәлімдеген және бұл мәселенің оның премьерлігіне дейін шешілгенін айтқан.
Оппозициялығы (2005–2007) нобай|солға|Юлия Тимошенко мен Віктор Ющенко, 2009 Қызметтен босатылғаннан кейін Тимошенко 2006 жылғы Украинадағы парламенттік сайлауда өз блогының көшбасшысы ретінде жеңіске жету үшін елді аралай бастады. Тимошенко көп ұзамай премьер-министр қызметіне қайта оралғысы келетінін мәлімдеді.